Технология • 29 Желтоқсан, 2020

Цифрлы трансформация кезеңі

521 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

2020 жылды адамзат ұзақ уақытқа дейін ұмытпайтыны сөзсіз. Әлемді әбігерге салған коронавирус індеті мығым әрі әлсіз тұстарымызды көрсетіп, келешектегі даму бағытымызды айқындап берді. Ерекшелігі сол, пандемия қыспаққа алғанда заманауи технологиялық үдерістер керісінше қарқын алып, цифрландыру өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды.

Цифрлы трансформация кезеңі

Биылғы карантин режімі отандық цифрлы инфрақұрылымның әлеуетін толық көлемде байқатты. Пандемияның алғашқы кезеңінде еліміздің цифр­лы жүйелері стресс-теске шыдамай, білім беру, денсаулық сақтау, еңбек және әлеуметтік қорғау сынды маңызды салаларда электронды қызмет түрлері тұралағаны белгілі. Содан болса керек, Мемлекет басшысы биылғы халыққа арнаған Жолдауында цифрландыру ісіне ерекше тоқталып, оны енгізудегі стратегиялық мақсат-міндеттерді белгілеп берді. Әсіресе шалғай елді мекендерді кең жолақты интернетке қосу жұмыстарына айрықша ден қойыла бастады.  

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің ақпаратына сүйенсек, халыққа сапалы байланыс ұсынуға бағытталған жоспар аясында 250 және одан да көп тұрғыны бар ауылдық елді мекендерді қамтуға арналған екі ауқымды жоба іске асырылып келеді.

Қазақстанда 6 341 ауылдық елді мекен бар екенін ескерсек, ұялы байланыс операторлары арасында қол қойылған ынтымақтастық меморандумы шеңберінде 928 ауылдық елді мекендерді кең жолақты мобильді интернетпен қамту жұмыстары аяқталуға жақын. Бұл меморандум 928 ауылдық елді мекенді мобильді интернетпен кең қамтуды көздейді. Оның ішінде 286 ауылды FWA радиотехнологиясы жүйесімен және 642 ауылды 3G немесе 4G технологияларына қосу қарастырылып отыр.

Байланыс операторларының дерек­те­ріне сүйенсек, 928 ауылдық елді мекеннің 846-сы кең жолақты мобильді интернетпен қамтылып, қалған 82-сі ауылдық елді мекенді де қажетті байланыс желісіне қосу бойынша жұмыс таяу уақытта аяқ­тал­мақ.

Жоғарыдағы 928 ауылдық елді мекен­нің ішінен 120 ауылда тал­шықты оптикалық байланыс желісі­нің трансмиссиясы, 561 ауылда радиорелейлі байланыс желілері және 247 ауылдық елді мекенде спутник пайдаланылады.

Алайда спутниктік трансмиссия кең жолақты байланыс сапасының төмен­дігімен шектелетіндіктен алдағы уақытта операторлар салық жеңілдіктеріне негіз­делген міндеттемелер негізінде халық саны 250 және одан көп тұрғыны бар ауыл­дық елді мекенде кең жолақты мобильді интернет сапасын жақсартуды көздеп отыр.

Экономиканы технологиялық тұр­ғыдан жаңғыртып, талшықты оптикалық инфрақұрылыммен жаппай қамтуға қатысты Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мемлекет-жекеменшік әріптестік тетігі арқылы «Талшықты-оптикалық байланыс желілері технологиясымен шалғайдағы елді мекендерді кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету» жобасын іске асыруды аяқтады.

Сәйкесінше, бүгінде осы жоба ар­қылы 2018-2020 жылдар аралығында 1257 ауылдық елді мекенді кең жолақты интернетке қосуға арналған барлық жұмыс орындалды дейді министрлік өкілдері. Оның нәтижесінде байланыс операторларының қызметтеріне (Интернет желісіне кең жолақты қол­жетімділік және IPVPN) 3 мыңнан астам мем­лекеттік орган мен бюджеттік мекеме, атап айтқанда, 1270-тен астам мек­теп, 1070-тен аса медициналық ұйым, 800-ден астам жергілікті басқару органы, сон­дай-ақ 500-ге жуық басқа да мем­лекет­тік және бюджеттік ұйым қосы­луға мүм­кіндік алды.

Жобаның 1-кезеңінде мемлекет-жеке­меншік әріптестік шартына сәй­кес, байланыс операторлары ауыл­дық жерлердің халқына байланыс қызметтерін, оның ішінде интернетпен қамтуға байланысты қызметтерін ұсынады. Сондай-ақ келесі жылы операторлар онлайн қызметтерді (бейне өтініш, бейне консультация, басым қызметтер тобына қолжетімділік) алу үшін ауыл-аймақтарға ақпараттық киоск орнатуды жоспарлап отыр.

Бұған қоса мемлекеттік қызметтерді пайдалану кезінде биометрикалық анықтау тәсілі енгізілді. Сол себепті «Цифрлы құжаттар» сервисі іске асы­рылып, 9 цифрлы құжат алуға мүм­кіндік қарастырылды. Оның ішінде Аза­маттардың жеке куәлігі, некені тіркеу немесе бұзу туралы, баланың туу туралы және аты-жөнін ауыстыру туралы куәліктер, сондай-ақ жүргізуші куәлігі, білімі туралы диплом, сту­денттік билет және ПТР-тест нәтижесі қамтылған.

Құзырлы орган байланыс са­пасына қатысты талаптарды құру мәселесін пысықтап, осы арқылы техникалық ақауларды анықтауға, сол секілді байланыс сапасы талапқа сәйкес келмеген жағдайда айыппұл салу немесе лицензияны кері қайтару тетігін қолданып, байланыс операторларына қатысты санкциялар қолдануға мүмкіндік алды. Сондай-ақ салалық ведомство байланыс сапасын жақсарту бағдарламасы арқылы операторларға салынатын айыппұл сомасын ұлғайту мәселесін көтерді.

Барлық анықтаманы қағаз форматынан онлайн түріне ауыстыру мақсатында оның тізімін анықтап, тиісті ведомствомен біріктіруге байланысты жұмыстар жалғасып жатыр. Мәселен, қазір қағаз анықтамаларды онлайн фор­матқа ауыстыруға бағытталған оннан астам жоба сәтті жүзеге асырылды. Нақты айтқанда, Kaspi.kz қосымшасы арқылы же­ке кәсіп­керлікті рәсімдеу жобасы, донорлыққа келісімді тіркеу, Арнайы халыққа қызмет көрсету орта­лықтары мен халыққа қызмет көрсету орталықтарында кезекті брондау, білім алушыларды ауыстыру және қай­та қабылдау, қорғаншылар мен қам­қоршыларға төлем тағайындау сынды жұмыстар сәтті іске асырылып келеді. Осылайша, қазақстандықтарға мем­лекеттік органдардың кабинеттеріне барып, анықтама іздеудің қажеттілігі жоқ. Енді оларды онлайн алу қарас­тырылған.

Бұдан былай жеке басты куәлан­дыратын құжаттар eGov Mobile қосым­шасында цифрлы форматта қолжетімді. Енді оны керек кезде ұсыну үшін үнемі алып жүрудің қажеті шамалы. Смартфон арқылы жүргізуші куәлігін немесе жеке куәлікті көрсетуге болады. Қазір бұл мүмкіндікті заңнамалық тұрғыда бекіту мәселесі пысықталып жатыр.