“Жас қанат” өз жеңімпаздарын анықтады
“Егемен Қазақстан” газетінің сайтын жиі ашып қарайтын адам онда тұрақты шығып тұратын “Аптаның сұрағы” атты шағын блоктың бар екенін жақсы біледі. Ол әр аптада қоғамда болып жатқан маңызды оқиғаға байланысты рейтингтік сараптама жүргізуді көздейді. Апта сайын ауысып отыратын осы блокта өткен аптада “Жас қанат” ән байқауы шын мәнінде жас таланттарды анықтай ма?” деген сауал қойылғанын көрдік. Бір апталық дауыс беру нәтижесі бойынша “жоқ, анықталмайды” деп жауап бергендер 32 пайызды, “иә, анықтайды” деушілер 29 пайызды, “иә, солай шығар” – 23 пайыз, “білмеймін” деушілер 16 пайызды құрайтыны анықталды. Сонымен, бұл жолғы ХІХ республикалық “Жас қанат” байқауы қаншалықты деңгейде әділ өтті, нағыз талант иегері қалай сұрыпталды деген әңгімені басынан бастап баяндасақ. Алайда, бір айтарымыз, жоғары жақта басым дауыс бергендер егер байқаудың үшкүндігіне қатысып, дүбірге толы доданың қалай өткендігін өз көздерімен көріп, құлақтарымен естіген болса, өздерінің қатты қателескендерін білер еді.
Қазақ эстрадасының қанат жайып өркендеуіне тікелей ықпал еткен “Жас қанат” байқауына биыл 15 үміткер қатысатындығын газетіміздің өткен санында айтқан болатынбыз. Осы 15 үміткердің үш күн ішінде кімнің бағы жанып, “алтын қанатқа” кімнің ие болатындығы баршамызды бей-жай қалдырмағаны белгілі. Мұны біз бәсекелі дода неғұрлым қыза түскен сайын Конгресс-Холлға жиналған қауымның солғұрлым арта түскенінен байқадық.
16 сәуір – байқаудың алғашқы күні. “Жас қанаттың” өтуі туралы алдын ала берілетін жарнама биыл бұрынғыдай болмай шықты. Биылғы жарнама әлсіз шыққан болуы керек, кіру билетінің тегін екеніне қарамастан зал ішіндегі бос орындар әжептәуір көзге ұрып тұрды. Алайда, адамның аздығы қатысушылардың көңіл-күйлеріне кері әсер еткен жоқ.
Мәдениет министрлігі, Астана қаласы әкімдігі, “Хабар” агенттігі мен “Азия дауысы” халықаралық фестивалінің ұйытқы болуымен өткен аталмыш байқауға Астана қаласы әкімінің орынбасары Аида Балаева, “Хабар” агенттігі төрағасының орынбасары Қанат Сахариянов, Мәжіліс депутаты Т.Бердіоңғаров, Қазақ ұлттық өнер университетінің проректоры, білім беру саласының құрметті қызметкері Раиса Мұсаходжаева, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты Бейбіт Оралұлы, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары, әнші Бақыт Шадаева, Медеу Арынбаев, К.Байсейітова атындағы опера және балет театрының бас хормейстері Ержан Даутов, Қазақ өнер университетінің бірінші проректоры, композитор Серік Еркімбеков, продюсер Мұрат Ерғалиев сынды өкілдерден тұратын әділ қазылар алқасы жинақталды. Төрайымы А.Балаева болып бекітілген болатын. Жарыс ережесі бойынша 15 қатысушы бес-бестен 3 топқа бөлінді. Өздерінің жарыс алдында тартқан жеребелерінің сандарына сәйкес рет-ретімен шыққан әншілер бірінен-бірі мықты шығып, алғашқы топқа қарағанда екінші топтағылар, ал екінші топқа қарағанда үшінші топтың озып шапқандары көрермендерге де, әділ қазыларға да анық байқалды. Ара-тұра болып жатқан әділ қазылардың бағалау пікірлері де, ескертпелері де, өздерін сүйіндірген, күйіндірген біраз мәселелер де ортаға салынды. Мәселен, сахналық мәдениетке сай әншілердің киген киімдері тым жұпыны болды. Дәл осыған байланысты біраз әншілерге жұмсартылған ескертпелер де айтылып жатты.
Үш сағатқа жуық созылған байқаудың алғашқы күнінде әділқазылар алқасының берген ұпайы жағынан да, көрермендердің ыстық қошеметі жағынан да басымдыққа ие болған, 150 ұпайдың 145-ін жинаған Қостанайдан келген 17 жасар Батырхан Мәліков болды. Сондай-ақ, 138 балл жинаған көкшетаулық 26 жастағы Арайлым Әбдібекова өзінің ерекше талантымен көзге түсті. Бірінші күнде жарыс ережесі бойынша 15 қатысушының ішіндегі ең төмен ұпай жинаған 5 әнші байқаумен қош айтысып, келесі күнгі жарысқа қатыспайтын болады. Осылайша бірінші күні “Жас қанат” алматылық Қанатбек Пулатбековпен, ақтөбелік Алтынай Киреевамен, Оралдан келген Асланбек Шайхинмен, Талдықорғаннан келген Дәстүр Асылханмен және павлодарлық Гүлниса Алдажаровамен қош айтысты. Бұл олардың әлсіздіктерінің емес, бар болғаны, бәсекелі өнерде олардан да мықтылардың бар екендігінің белгісі. Өйткені, олар “Жас қанатқа” қаншама жас әншілердің іштерінен іріктеліп алынды. Бұл байқауға қатысудың өзі олар үшін үлкен жеңіс болып қала бермек.
17 сәуір – жарыстың екінші күні. Қала тұрғындары жан-жақтан естіген болу керек, бұл күнгі көрермендер салыстырмалы түрде көбейген. Залдың екі шетіне жайғасқылары келмей, бәрі ортадан, жақсы көрінетін жерден орын алғылары келді. Билетте арнайы орын белгілемегендіктен жұрттың көпшілігі орынға таласумен әлек болды. Мұның басты себебі неде дегенде, байқауды ұйымдастыру комитеті тегін берілетін билеттермен қоса, кейбір арнайы мекемелерге шақырулар жөнелткен екен. Ал олар үшін арнайы орындарды белгілеп берген.
Сонымен бір-біріне өкпелей қараған көрермендердің үздіксіз қол шапалақтауының арқасында жарыс та басталды. Жартылай финалға жолдама алған он қатысушының онының да осыдан ақтық сынға өтіп, жеңімпаз атанғылары келетіндері бұл күні анық байқалды. Бірінші күнгі алған ескертпелерге құлақ асып, сахналық киімдерін безендіре киіп, әндеріне әртістік шеберліктерін де ұтымды ұштастыра келіпті. Бұл жолы әншілер 3 топқа бөлініп, жеребелік рет тәртібімен сахнаға шығып, әндерін айтып жатты. Қарап отырсаң әр әншінің де өзіне тән ерекшеліктері бар. Бірінші күні бір қырынан қарасаң, екінші күні басқа қырынан танылып келеді. Қызу бәсеке нағыз жүйрікті, нағыз мықтыны анықтайтыны белгілі. Осы күнгі 2 сағатқа жалғасқан байқауда әділ қазылар да түрлі пікірлер айтып жатты. Мәселен, Медеу Арынбаев кешегіндей шығармашылық қарқын байқалмайтындығын тілге тиек етсе, Аида Балаева кешегі күнмен салыстырғанда, бүгінгі барлықтарыңыздың репертуарларыңыз сәтті таңдалмаған сияқты. Алайда, сахналық киімдеріңіздің жақсарғанына қуанып отырмын. Бұдан былай да сахналық имидждеріңізге аса көңіл аударатындарыңызға сенімдімін” деді өз сөзінде. Сахнаның қыр-сырын педагогикалық тұрғыда жақсы меңгерген Раиса Мұсаходжаева өзінің көңілі толмай жатқан тұсын былайша жеткізді: “Жуырда біз Ұлы Жеңістің 65 жылдығын тойлағалы жатырмыз. Біз үшін бұл үлкен мереке. Алайда, қарап отырсам бір де біреулеріңіз осы Жеңіске байланысты ән шырқамадыңыздар. Бұл тақырыпқа арналған әндер өте көп. Бүгінгі сахнада осындай әндердің айтылмағаны өкінішті. Бұдан сіздерде шығармашылық ізденістің төмен екендігі байқалады. Сонымен қатар, сахнада әншінің өз-өзін ұстауы да аса маңызды”.
Арнайы кәсіби мамандардың пікірлерінен кейін, “Шалқыма” би тобының мың бұралған арулары орындаған би қоңырқайлау тартқандай көрінген көң-күйді сәл де болса сергіткендей болды. Содан әншілердің ұпай сандарын жариялау сәті де келіп жетті. Үміт пен үрей, қобалжу мен қуаныштың ортасында тұрған жас өрендерге әділ қазылардың қойған бағаларының арқасында оза шапқандар да белгілі болды. Алдындағы күнгі ұпайларымен қоса есептегенде екінші күнгі алғашқы үштікке 24 жасар алматылық Айшүрек Үмбеталива мен алғашқы күннің жеңімпаздары Батырхан Мәліков және Арайлым Әбдібекова ілінді.
18 сәуір – бәйгенің үшінші әрі шешуші күні. “Жас қанаттың” финалы болатындығын естіген шығар, бұл күні зал лық толды. Көбі мектеп оқушылары мен жоғары оқу орындарындағы студент жастар.
Жарыс басталардан сәл бұрын әділ қазылар алқасы мүшелері брифинг өткізген болатын. Брифинг барысында осыған дейінгі “Жас қанаттың” жеткен жетістіктерімен қоса осы жолғы қатысушылардың дара қабілеттіліктері жайында сөз қозғалды. Сондай-ақ, алдағы жылы “Жас қанаттың” 20 жылдық мерейтойын тойлау туралы да әңгіме қозғалып, кейбір іс-шаралардың жоспары баяндалды. Бұл жолғы байқауды ұйымдастырудағы кейбір артықшылықтар мен ерекшеліктерді, әсіресе, сахналық безендіруге, үміткерлердің жоғарғы деңгейде, қатаң талаптардың арқасында сұрыпталғандығын әділ қазылар ерекше атап өтті. “Биылғы байқауды қаншалықты деңгейде әділ өтті деп ойлайсыздар?” деген сұрағымызға, Бейбіт Оралұлы: “Әділ қазы алқасы болғандықтан, біз қашанда әділ шешім қабылдауға, ешкімге обал жасамауға, бәріне бірдей қарауға міндеттіміз, жұмыстарымыз да дәл осы ұстаным бойынша жүргізіледі. Оның үстіне біздің қойып жатқан әділ бағаларымызды көрермен қауым да дәлелдеп, айшықтап бере алады”, деп нақты жауап қайтарды.
Сонымен тартысты өткен байқаудың соңғы әрі жүрек лүпілін жиілетіп соқтыратын сәті де алыс емес еді. Финалға шыққан 5 үміткердің өнерлерінен кейін, нақты, әділ шешім қабылдау үшін әділ қазылар залдан шығып, жеке бөлмеге ауысты. Осы сәтте әншілердің өздерімен қоса көрермендер де қобалжи бастады. Бірақ, байқау барысында кімнің өнері ерекше көзге түскенін, қайсысының таланты көрерменмен қоса әділ қазыларды да тәнті еткенін отырған қауымның бәрі білетін еді.
Көп ұзамай әділ қазылар да қайтадан сахнадан көрінді. Жеңімпаздың кім екендігі жарияланбас бұрын әр өңірден байқауға демеушілік жасаған ұйымдар өздерінің сыйлықтарын қалаған әншілеріне үлестіріп, табыстап жатты. Алайда, жұрттың бәрі үлестірілген сыйлықты емес, “алтын қанаттың” кімге бұйыратынын көргісі келген еді. Сонымен жеңімпазды жариялайтын сәт те келіп жетті. Осындай жеңімпаздың есімін жариялайтын кезде үміткер мен көрерменнің жылдам соғып жатқан жүрегін одан да жылдамдата түсейін дей ме, әйтеуір сөз сөйлеуші бір сөзді сағыздай созып, бір айтқанын он қайталап, жүйкесі шымырлап бара жатқандарды одан әрмен тығырыққа тіреді. Сонымен, соңғы нәтижелер бойынша “Жас қанаттың” арнайы дипломдарымен Астана қаласының 24 жастағы тұрғыны Мөлдір Тоқбаева мен павлодарлық “Спасибо” тобы иеленсе, “қола қанатты” Айшүрек Үмбеталива, “күміс қанатты” Батырхан Мәліков, “алтын қанатты” Арайлым Әбдібекова иеленді. “Алтын қанат” иегерінің аты-жөні айтылған сәтте, залдың іші тағы да дүр ете түсті. Кейбір көрермендер тіпті қуанғандарынан көздеріне жас та алып үлгерді. Байқаудың соңы Арайлым Әбдібекованың айтқан әнімен аяқталды.
Иә, үш күнге созылған үміт пен толқуға толы бәсекелі бәйге де өз мәресіне жетті. Алда бізді мерейтойлық республикалық ХХ “Жас қанаттың” қызықтары күтіп тұр. Соған бәріміз бірге жетейік!
Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.
Суретті түсірген Ағыбай АЯПБЕРГЕНОВ.