Әлем • 07 Қаңтар, 2021

Басқа басылымдардан

249 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Күні кеше Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы жарияланды. Мақалада қамтылған мәселелер тек қазақстандық қоғамда ғана емес, халықаралық ақпарат кеңістігінде де қызу талқылануда. Осыған орай шетелдік басылымдарда жарияланған материалдарды шолып шықтық. Халықаралық қоғамдастық Президентіміздің ел тұтастығы, жер мәселесіне қатысты пікірлеріне көбірек назар аударған екен.

Басқа басылымдардан

«Ешкім сыйға тартқан жоқ»

1

Бұл ағылшын тілді басылым Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдегі Парламент сайлауы алдында жариялаған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында ресейлік саясаттанушылардың Қазақстан территориясына қатысты айтқан сөзіне нүкте қойды деп жазды. «Қазаққа осынау ұлан-ғайыр аумақты сырттан ешкім сыйға тартқан жоқ» деген сөзін мысал­ға келтірген. Шетелдік БАҚ «бірлік» Қазақстандағы басты саяси тақырып екенін алға тартады.

Сондай-ақ Президенттің «саяси реформа жүргізу – ұзақ процесс» деп айтуы заңды делінген. Кейбір сыншылар мұны, тіпті мұздыққа теңейтін көрінеді. Онлайн-басылым Қ.Тоқаевтың «Саяси реформа бір күннің немесе бір жылдың шаруасы емес. Мұны ел іргесін шайқалтпай, береке-бірлігін бұзбай, байыппен және біртіндеп іске асыруымыз керек» дегенін сөзбе-сөз келтіреді.

Қазақ халқы жер тақырыбына келгенде ерекше белсенді екенін атап көрсеткен автор жалпы, керітартпа, отарлық түсініктер Қазақстан ғана емес, Орталық Азияға да қарата жиі айтылатынын жазады. Дегенмен кез келген білімді заманауи тарихшы мұндай нанымдардың шындыққа жанаспайтынын айтып берер еді дейді автор. Мақала соңында бұл оқиғалар (ресейлік кейбір саясаткерлердің Қазақ жеріне қатысты айтқан жөнсіз пікірлері) екі ел арасындағы қарым-қатынасқа аса әсер ете қоймайтын секілді деген.

Бұл секілді керағар түсініктер дүние жүзінде де жиі кездесетін көрінеді. Мәселен, америкалық миф Солтүстік Америка конти­ненті пилигримдер келгенге дейін бос жатқан деген пікір қалыптастырған.

 

«Жер сатылмайды»

1

Түркияның бел­гілі ақ­па­рат агент­тігі Қ.Тоқаевтың жер шетел­дік­тер­ге сатылмайды деген сөзіне назар аударған. Сон­дай-ақ агенттік Қазақстан территориясы баба­лары­мыздан қалған мұра екеніне екпін берген.

«Бабалардан мұра болған қасиетті жеріміз – ең басты байлығымыз. Қазаққа осынау ұлан-ғайыр аумақты сырттан ешкім сыйға тартқан жоқ. Бүгінгі тарихымыз 1991 жылмен немесе 1936 жылмен өлшенбейді. Халқымыз Қазақ хандығы кезінде де, одан арғы Алтын Орда, Түрік қағанаты, Ғұн, Сақ дәуірінде де осы жерде өмір сүрген, өсіп-өнген. Қысқаша айтқанда, ұлттық тарихымыздың терең тамырлары көне заманның өзегінде жатыр. Жалпы, тарихпен саясаткерлер емес, тарихшылар айналысуы керек», деп жазды Anadolu агенттігі.

Қазақстан Президентінің «қазақтың жері ешбір шетелдіктің меншігіне берілмейді, ешқашан сатылмайды» деген сөзін алға тартқан агенттік тәуел­сіз Қазақстанның аумақтық тұтас­тығын бүкіл әлемдік қоғам­дастық мойында­ғанын және оған ешкім дау айта алмайтынын атап өтті.

 

Жаңа жыл локдауннан басталды

1

Британия үкімет басшысы Борис Джонсон елде жалпыұлттық карантин жарияланғанын хабарлады. Шектеулер ақпанға дейін созылмақ. Премьер-министр бұл шара вирустан қорғануды күшейту мақсатында қабылданғанын мәлімдеді.

Жаңа ереже бойынша елдегі дүкен­дер жұмысын тоқтатып, бастауыш және орта мектеп оқушылары сабақтан босатылмақ. Ересектер де қашық­тан жұмыс істеу режіміне көшетіні хабарланды. Мейрамханалар мен кафелер тек тапсырыспен жұмыс істейді. Студенттер университеттерге бармай, үйден оқитын болды. Джонсонның айтуынша, елдегі вирус жұқтырғандар саны күн сайын артып, өлім көбейген. «Ауруханалар пандемия басталғаннан бері лық толы. Бұл ережелер қиындық туғы­затынын түсінемін. Сіздердің де шаршағандарыңыз анық. Алайда дәл қазір бұрынғыға қарағанда біріге түсуі­міз қажет», деді үкімет басшысы.

Британия жаңа рекордын тіркеп те үлгерді. 58 784 жаңа науқас тіркеліп, 407 өлім анықталған. Британия дәрігерлері халыққа әлеуметтік қашықтықты сақтау, қол жуу, маска тағудың маңызын түсіндіруден жалығар емес. Карантин жарияланған бетте тағы да түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, азаматтарға сақтанудың маңызы жайлы ескертілді. Англиядан бөлек Шотландия да төтенше жағдай жариялағаны хабарланды. Олар қаңтардың соңына дейін шектеулер енгізіп отыр.