Қоғам • 12 Қаңтар, 2021

Мектепке М.Әлімбаев есімі берілді

397 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жаңадан бой көтерген мектеп облыс орталығының ескіден келе жатқан Затон аталатын шағын ауданында орналасқан. Аудан аумағында қазақ тілінде және аралас мектептерде қазақ тілінде оқитын оқушылар саны жыл сайын көбейіп келеді. Сонымен бірге осы ауданда тұратын бірқатар ата-ана балабақшада орыс тілінде тәрбие алып жатқан балаларына да жаңа мектептен орын берілуін сұрап отыр.

Мектепке М.Әлімбаев есімі берілді

Суретті түсірген Валерий Бугаев

Айта кетелік, жаңа мектеп «Заманауи мектеп» тұжырымдамасы бойынша салынып, жабдықталды. Білім ордасының құрылысына республикалық бюджеттен 1 млрд 158 млн теңге қаржы бөлінген. Бірақ жобалау барысында ескі аумақта тұратын халықтың орналасуы мен жаңа мектептің қажеттілігі нақты зерттеліп, ескерілмеуі тұрғындардың наразылық білдіруіне және аралас мектептің ашылуына себеп болды. Жаңа мектеп №9, 24, 39 аралас тілді мектептердің және қазақ тілінде білім беретін №25 мектептің жүктемесін азайту үшін мемлекеттік тілде білім береді. Бірақ бұл шешім осы аудандағы балабақша ғимаратында орыс тілінде оқитын балалардың ата-аналары арасында түсінбестік тудырып, дауға айналды. Қалалық білім беру бөлімінің басшысы Самал Айтқазина сондықтан қазір жаңа мектептің жанынан 250 орындық қосымша ғимарат салынып жатқанын жеткізді. Енді 600 оқушыға арналған жаңа мектеп аралас бағытта, яғни қазақ және орыс тілінде білім береді.

Мектептің басты ерекшелігі, өлкетану, туған ел мен жер тарихын оқытуға басымдық берілген. Қызмет сапасын әрдайым бақылап, жетілдіріп отыру мақсатында электронды жобалар іске қосылды. Сондай-ақ спорт залы жабдықталды.

– Мысалы, «Е-portfolio» электронды жүйесі арқылы әр мұғалімнің жұмысын көруге болады. Автоматтандырылған «Е-kitaphana» жүйесі арқылы оқушы қажетті әдебиеттерді тауып алады. Асханада орнатылған «e-pit» құрылғысының көмегімен балалар дайындалған тағамның сапасын бағалайды. Сондай-ақ кітапханада әртүрлі бағытта презентациялар, конференциялар және басқа да іс-шаралар өткізуге арналған «Со-Working» орталығы бар, – дейді бөлім басшысы.

Жаңа ғимаратқа көрнекті ақын Мұзафар Әлімбаев­тың есімі берілді. Жерлесіміз Мұзафар атамыз –
«О, Маралдым!», «Құсни Қорлан» сияқты ғұмырлық өлең­дердің авторы, «Балдырған» балалар журналының негізін қалаушы белгілі қайраткер. Мектеп музейінде Мұзафар ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған құнды мәліметтер жинақталған.

Сондай-ақ облыс орталығында «Заманауи мектеп» бағдарламасы бойынша №34 және №28 орта мектептерге де күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ы.Алтынсарин атындағы Дарынды балаларға арналған қазақ гимназия-интернатына да жаңадан тәжірибелік зертханалар жасақталып, ауылдан келіп оқитын оқушыларға арналған жатақханасына жөндеу жұмыстары жүргізілді, Stem кабинетімен жабдықталды. Жаңа мектептің ашылу рәсіміне қатысқан облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов індеттің беті қайтып, оқушылардың жаңа мектептеріне тезірек оралуына тілектестік білдірді. Ұстаздар мен оқушылар бейнеконференция арқылы қуанышты сәттің куәсі болды.

 

Павлодар облысы