Қоғам • 19 Қаңтар, 2021

Жол азабы бар жерде ел азады

402 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Қостанай облысындағы Амангелді ауданының бюджетіне кірістің басым бөлігі Қарынсалды ауылынан түседі. Бүгінде бұл елді мекенде тіркеуде тұрған 41 шаруашылық егін өсіріп, 12 жеке қожалық мал басын көбейтіп отыр. Алайда ауылда жылдан жылға адам саны азайып барады. Айналасы отты өріске толы бұл елді мекен малға жайлы болғанымен, адамға қолайсыз. Ұялы байланыстың жоқтығы мен жол тауқыметі титықтатқан тұрғындар амалсыз құтты қонысын тастап кетіп жатыр.

Жол азабы бар жерде ел азады

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

 

Тозған жол таяуда жөнделмейді

Кезінде 150-ге жуық үй түтін түтеткен Қарынсалдыда қазір қырыққа жетер-жетпес отбасы тұрып жатыр. Ауыл күре жолдан шалғай жатқандықтан аудан, облыс орталығына апаратын Арқалық – Амангелді бағытындағы тақтайдай тасжолға жеткенше 44 шақырым қара жолмен жүру керек. Бұл жолмен жиі жүретін тұрғынның бірі – ауыл пошташысы Сәулегүл Бекмағамбетова.

– 15 жылдан бері поштада жұмыс істеймін, сондықтан жолдың жағдайын жақсы білемін. Әбден титықтатып жіберді. Әсіресе, көктем, күз кездерінде қатты қиналып кетеміз. Қараусыз қалғандықтан, грейдеріміз жаңбыр тисе саз балшыққа айналып кетеді. Қыста енді ой-шұқырды қар басып, жол жүру біраз жеңілдейді. Осы маңайға егін егетін шаруашылықтардың жүк көліктері көктемде тұқым, жанармайларын, күзде егіндерін тасиды. Сол кезде жолды езіп-езіп, сай-сай ғып тілгілеп тастайды. Одан кейін жеңіл көлік тұрмақ, жаяу адамның өзі аяқ алып жүре алмай қалады. Осы ауылдың жігіттері биыл күзде жиналып, осы жақтан трактор, көлік шығарып, үлкен ойықтарды бітеп, бетін тегістеген болды. Бірақ ол көпке шыдамады, – деді пошта қызметкері.

Бұрын Қарынсалды мен көрші жатқан Горняк елді мекені қосылып, екеуі дербес ауылдық округ саналатын. Бір-екі жылдан бері бұл әкімшілік құрылым жойылып, Қарынсалды 60 шақырым шалғай жатқан Тасты округіне қарап қалды. Содан бері тұрғындар тілдей қағаз алу үшін Тастыға баруға мәжбүр. Қарынсалдыға бірде-бір автобус қатынамайды. Көлігі бар тұрғындар жеке такси қызметіне шығуға құлықсыз. Өйткені жол сапасы нашар болғандықтан тиімсіз екенін біледі.

Ауылда 20 шақты үйде телефон бар. Тұрғындар телефонның, жарықтың ақысын осы жерден 117 шақырым жерде жатқан аудан орталығы Амангелдіге барып төлейді. Көктем, күз мезгілінде тұрғындар ауданға жетпек түгілі, ауылдан шыға алмай қалады. Ал «Қазпошта» мамандары қоңырау шалып, телефонды ажыратып тастаймыз, тоғыңды қиямыз деп әлекке салатыны тағы бар. Әйтпесе, Қарынсалды – нағыз ел қонғызатын жер. Бұл ауылда тұрмысы төмен отбасы жоқ. Әр үйдің қорасы тоқ. Өрісте малы шұрқырап, қазаны оттан түсіп көрмеген берекелі ауылдың берекесінен айырылуы – әлеуметтік инфрақұрылымның жоқтығынан. Ауыл тұрғындары ауыз суды жер астынан алады. Бұл жердің суы да бал татиды. Ауыл айналасында 7-8 бұлақ бүлкілдеп жатыр. Жері шұрайлы, шөбі қалың әрі құнарлы. Мысалы, осы өңірдегі өзге ауылдың малы қорадан шыққан соң бір сүрлеумен 5-6 шақырым шаңдатып барып, шаңдатып қайтса, бұл ауылдың малы қорадан шыға салысымен отқа бас қояды. Мұндағы жұрт бау-бақша егіп, бағбандықпен де айналысады. Жабайы бүлдіргені жаздай терсең де таусылмайтын құнарлы топыраққа қандай дән ексең де екі айдан соң өнім беріп, ырыздыққа кенелтеді.

Қарынсалдының топырағын қазсаң, 60-70 сантиметрден кейін таза құм шығады. Тұрғындар кезінде бұл жерде табиғи тас алатын үлкен карьер болған деседі. Ауылда сол табиғи тастан қаланған ғима­рат­тар әлі күнге дейін тұр. Бұл жерде мал шаруашылығын ғана емес, құрылысқа қажетті қиыршық тас, құм, табиғи шақпақ тас өндірісін ашуға да болатын сияқты. Өйткені осы маңайдағы Шақпақ, Тасты деп аталатын жер атауларына қарағанда, дайын табиғи құрылыс материалдарының бай қоры жатқан секілді. Арқалық та өте алыс емес, яғни өндіріс ашылса, өнімді теміржол арқылы құрылысы қарқынды жүріп жатқан ірі елді мекендерге жөнелтуге мүмкіндік бар.

Енді жол мәселесіне қайта оралайық. Амангелді ауданы әкімінің орынбасары Малшыбай Қаласовтың айтуынша, Қарын­сал­дыға апаратын грейдер жолға жыл сайын қаржы бөлініп, ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі екен.

– Былтыр Ақсай, Байғабыл, Үрпек елді мекендерінің кіреберіс жолдары күрделі жөндеуден өтті. Биыл Тасты, Үштоғай ауылдарына кіретін жолдарды жөндеу жоспарланып отыр. Қазір қажетті жобалық-сметалық құжаттамаларды дайындап жатырмыз. Ал Қарынсалды туралы қазірше ештеңе айта алмаймын. Ол жолға жыл сайын қаржы бөлініп, ағымдағы жөндеу жүргіземіз. Биыл 6 млн теңге бөліп отырмыз. Ал күрделі жөндеуден өткізу үшін қыруар қаржы керек. Қарынсалдыда халық аз болғандықтан, бұл экономикалық жа­ғы­нан тиімсіз. Мәселен, 1 шақырым жолды жөндеу үшін 40 млн теңге қаржы кетеді. Ал Қарынсалдыға дейінгі 44 шақы­рым­ды өңдеу үшін 1,5 млрд теңгеден астам қаржы керек. Мұндай ақшаны бізге ешкім бермейді, – деді әкім орынбасары.

Ал Қарынсалдының тұрғыны, бұрын өзі де ауыл әкімі болған Мейрам Әбдіха­лықов­тың айтуынша, тұрғындарды қажытқан 44 ша­қырымды аса көп қаржы шығындамай-ақ жөндеп алуға болады.

– Өйткені бұл көтерме жолдың табаны мықты. Кезінде су ағатын жерлерінің бәріне тегіс құбыр төселген. Бәрі дайын. Ал Қарынсалдының маңында құм аралас қиыршық тас алатын жер бар. Аудан әкімдігі техника шығарудың жолын тапса, алыстан арбаламай-ақ, табанымыздың астында жатқан тегін қиыршық тас пен шақпақты төсеуге болады. Сонда көп дүние үнемделеді. Ауыл ірі елді мекендерден қа­шық жатқандықтан жол өте қажет, – дейді ауыл тұрғыны.

 

Ауыл мектебі жабылып қалуы мүмкін

Қарынсалдыдағы тоғыз жылдық мектепте оқитын бала саны жыл санап кеміп барады. Мұғалімдерді ауылдағы жалғыз мектеп жабылып қала ма деген жалғыз ой мазалайды. Оқу жылының басында бұл білім ошағында 41 бала бар еді. Былтыр 3 отбасы көшіп кетіп, мектеп оқушылары 7 оқушыға кеміді. Ұстаздардың көбі басқа жақта тұратын туыстарының балаларын сұрап алып, үйіне жатқызып оқытып жатыр. Мектептің жағдайы осы.

– Биыл 3 оқушы тоғызыншы сыныпты бітіреді. Келесі жылы бірінші сыныпқа 5 бала келеді. Сонда келесі оқу жылын 34 баламен қарсы алайын деп отырмыз. Осында 20 жыл жұмыс істеймін. Мек­теп­те барлық пәндер бойынша мұғалім жеткілікті. Балалар сапалы білім алып жатыр. Мұғалімдердің көбі өз балаларын оқытып отыр. Бала саны азайып бара жат­қандықтан алаңдап отырмыз. Мектеп жабы­лып қалса, бұл ауылда болашақ қалмайды. Сақтықта қорлық жоқ, осы мек­тепте жұмыс істейтін 16 мұғалімнің тең жартысы ақырындап «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен» депозит ашып, ақша жинап басқа жақтан үй алып, көшіп кетудің қамын қарастырып жатыр. Қазірдің өзінде Арқалықтан үй алып қойғандар бар. Жалпы бәрі қамданып жатыр. Өйткені қазір жұмыс істеп жатқанымызбен, ертеңгі күн бұлыңғыр, не болатынын білмейміз. Бәрінің бала-шағасы бар, мектеп жабылып қалса олар қайда барады? – деді қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жеңісгүл Өмірзақова.

Мектеп ұжымы былтыр өзге ауылдар­дан көп балалы бірнеше отбасын көшіріп әкеліп, еден жуушы, от жағушы етіп жұмысқа орналастырыпты. Бірақ олар көп ұзамай қайта кетіп қалып жатыр. Өйтке­ні жол мен интернет байланысы жоқ. Сон­дық­тан ешкім келгісі келмейді. Келіп, осы жерде бір-екі жыл тұрып көшіп кеткендер көп.

Қазір мектеп алдағы жаңа оқу жылына от жағушы іздестіріп жатыр. Биыл тарих пәнінің мұғалімі зейнетке кетеді. Ол кісінің орына да тарихшы маман керек. Ең бастысы, Қарынсалды мектебіне отбасы бар, бала-шағалы мұғалім керек. Өйткені мектепке бала керек.

– Бұрын ескі мектеп ауылдың шетінде еді. Ол мектепте әр сыныпта пеш болды. Кәдімгі қазақы пеш, отын-көмірін өзіміз салып қоямыз. Ауданнан кісі келер кезде сыныпты мектеп мұғалімдері өзіміз ақтап алатынбыз. Шелекте әгіміз, шөткеміз бәрі дайын тұрады. Қазір енді жағдайымыз жақсы. 2009 жылы осы ғимаратқа көштік. Бұл ғимаратты жергілікті кәсіпкер Бақытжан Тілеубаев тарту еткен. Кем-кетік жерлерін жөндеуден өткіздік. Сол кезде аудан әкім­ді­гін­де жұмыс істеген Сабыржан Хайрул­лин деген кісі көп көмек жасады. Сол жақтан халықты ұйымдастырып, жаздыгүні автобуспен әкеп тұрды. Келген жұмыскерлерді осындағы мұғалімдер бөліп алып, өзіміз тамақтандырып, жағдайын жасап отырдық. Сөйтіп ел болып жабылып жүріп қатарға қосылған мектеп еді. Енді осы мектепті сақтап қалу үлкен мәселе болып тұр. Екі немерем осы мектепте оқып жатыр. Ұлым бізбен бірге тұрады. Қала жаққа көшкісі келіп еді, мектеп жабылып қалмасын деп ешқайда жібермей ауылда ұстап отырмыз, – дейді география пәнінің мұғалімі Гүлбаршын Әбдіхалықова.

Қарынсалдыда 10 шақты өзге ұлт өкіл­де­рі отбасы тұрады. Олардың балалары да қазақ тілінде білім алып жатыр. Көңілге медет боларлық бір нәрсені айта кету керек – ауылда мектеп жасына дейінгі балғындар баршылық.

 

Ұялы байланыстан тыс қалған ауыл

Қарынсалды тұрғындарын тығырыққа тіреп отырған тағы бір күрмеулі мәселе – ауылда интернет байланысы жоқ. Сон­д­ықтан мұнда ешкім ұялы телефон ұс­та­майды. Мектепте 5 компьютерге арналған интернет бар екен. Бірақ оның екі компьютерге ғана шамасы келеді. Ол мұғалімдердің сабақ материалдарын толықтырып, күнделік толтыруына ғана жетеді.

Тасты ауылдық округінің әкімі Самат Қадыршиновқа хабарласып, Қарынсалдыға қашан интернет жететінін сұрадық. «Қазақтелеком» Тастыға кең жолақты интернет байланысын орнатып жатқанын, оның таяу күндері іске қосылатынын айтқан әкім: «Тастыдағы ұялы байланыс мұнарасының қуаты Қарынсалдыға да жетіп қалуы мүмкін. Бұл мәселе ұялы байланыс операторы желіге қосылғаннан кейін белгілі болады», деді. Бірақ Қарынсалды тұрғындары Тастыдағы байланыс мұнарасынан қайыр болмайтынын айтып отыр. Өйткені екі ауылдың арасы алыс – 60 шақырым, оның үстіне Қарынсалды Тастыға қарағанда едәуір еңісте жатыр.

 

Қостанай облысы,

Амангелді ауданы,

Қарынсалды ауылы