Тарих • 21 Қаңтар, 2021

Алаш аманатын арқалаған «Ақ жол»

510 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының қоры «Ақ жол» 25 томдық жинағымен толықты.  

Алаш аманатын арқалаған «Ақ жол»

Жақында «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ханбибі Есенқарақызының бастамасымен құрастырылған көптомдық мұра жан-жақты зерделеніп, қалың көрерменге жол тартты.

Заманында талай қуғын-сүргін көрген зиялы қауым өкілдерінің еңбектері халыққа тегіс жетпеді. Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін бұл жағдай өзгеріп сала берді. Атасы Алаш, керегесі ағаш қазақтың зар заманда жоғалтқан құндылықтары қайтарылып, бары бүтінделіп, азаттықпен бірге сәулелі сәттерге толы шуақты шежіресі түзіле бастағандай. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Елбасының іргелі бастамалары халық санасын жаңғыртуға үлкен үлес қосатындығын атап өтіп, саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алып, еліміздің бас газетінде көлемді мақала жариялаған еді.

«Көркем және деректі тарихи туындыларда мемлекеттілік және мемлекетшілдік идеясы әрдайым көрініс табуы қажет. Біз кезінде елге қызмет етудің озық үлгісін көрсеткен Алаш қайраткерлерінен тағылым аламыз. Олар өткен ғасырдың басында тәуелсіздік идеяларын халық арасында дәріптеуге зор еңбек сіңіріп, азаттық жолында құрбан болды. Тәуелсіздігіміздің мерейтойы аясында осындай біртуар тұлғаларды еске алып, олардың мұрасын жастарымызға және бүкіл әлемге паш етуіміз керек. Сонымен бірге, осы тақырыпты зерттеп жүрген ғалымдар мен жазушылардың да еңбегі қолдауға ие болуы және бағалануы қажет. Алаш арыстарының асыл мұрасын игеру жалғаса беруге тиіс», – деп еді Президент өз мақаласында.

Өткен ғасырдың бас кезінде жарық көрген «Ақ жол» газетінің мақалаларынан жинақталған бұл кітаптың тарихи-танымдық тұрғыдан алғанда саналы оқырман қауымға берері мол. Әсіресе, арада ғасырға жуық уақыт өтсе де бүгіннің күн тәртібінде тұрған өзекжарды мәселелер турасындағы Алаш зиялыларының өткір ойлары кез келген адамды толғандырмай қоймайды.      

Әр парақты ашқан сайын түрлі бүркеншік атпен жазылған Алаш зиялыларының, ұлттың рухани көсемдерінің қолтаңбасымен қауышуға болады. «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болам» дейтін жауынгер сезім иелерінің жан айқайымен, бүгінде өз құнын жоймаған, қадырін жоғалтпаған ойлармен бөлісіп, өткен ғасырдың басындағы Алаш тарихының кейбір ақтаңдақ тұстарымен танысуға жол ашылды.

«Ақ жол» газеті 1920 жылдың 7-ші желтоқсанынан бастап, 1926 жыл көлемінде Түркістан республикасының кіндік басқарма комитеті һәм ортақшыл партия кіндік комитетінің атынан Ташкентте жеті сайын үш мәрте үзбей шығып тұрды. Алайда, кеңестік идеологияның тар шеңберіне симаған Алаш ардақтыларының көсемсөзі кейінгі ұрпақ санасынан әдейі өшірілді. Төте араб жазуынан латынға, іле-шала кириллицаға көшірілді. Халқымыз өткен тарихынан еріксіз көп жазып қалды.

Естеріңізге сала кетейік, 1920-1925 жылдар аралығында жарық көрген «Ақ жолдың» тұңғыш редакторы – Сұлтанбек Қожанов. Сондай-ақ, газеттің шығуына Т.Рысқұлов, Н.Төреқұлов, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, Х.Досмұхамедов, І.Жансүгіров, А.Байтұрсынұлы, С. Оспанов сынды қазақ зиялыларының үлкен шоғыры атсалысты. 

Жүз жылдықтың алғашқы жартысындағы Алаш зиялыларының аманат сөзі  ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына тамаша тарту болды. Қазақстанның қоғамдық-саяси ойының және мәдени-ағарту ісінің дамуына ықпал еткен газеттің бағалы жинағы өз тарихымызды жете білуге жол ашады.