Руханият • 25 Қаңтар, 2021

Өңірді көрмеген – өмірді көрмеген

378 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ертеректе мемлекет қамқорлығын қажет ететін, табысы мардымсыз отбасыларды анықтау өлшемшарттарын айқындау кезін­де ауылдағы ағайынның қорасындағы та­уығын ғана емес, оның жыл ішінде табатын жұмыртқасына дейін санауды ұсынып, жұртқа күлкі болған шенеунік бар. Сөйтіп, ол «асфальтта өсіп», өмір бойы қалада қызмет еткендігінен, жергілікті жердегі жағдайды білмейтіндігін байқатып алған.

Өңірді көрмеген –  өмірді көрмеген

Тауық тақырыбы өткен жылдың соңында Парламент Мәжілісінде жаңа Экологиялық кодекстің жобасын талқылау барысында тағы көтерілді. Заң жобасының бірінші оқы­лымында өз пікірін білдірген Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің: «Кодекс жобасын қарасақ былай: мысалы, Қарағанды облысының Ұлытау ауданы тұрғынының 4-5 немесе тіпті 1 тауығы бар делік. Ол соны декларациялау үшін 700 шақырымдай жердегі облыс орталығында орналасқан облыстық табиғи ресурстар басқармасына баруы керек болып шықты. Осы ретте «Бұл норманы жазған адам ауылда болып көрді ме екен?» деген сұрақ өз-өзінен туындайды. Болмаған шығар. Шіркін, сол шенеунікті 2-3 айға ауылға жіберсе ғой. Сонда ол тауық пен сиырдың айырмашылығын түсінер еді...» дегені бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеу­меттік желіде жарыса жазылғаны жадымызда...

Әрине, бүгінде министрліктерде биік лауа­зымды қызметтерді атқарып жүрген мем­­­лекеттік қызметшілердің теориялық бі­лімі­­нің ешкімнен кем еместігіне шәк жоқ. Олардың арасында Тұңғыш Президентіміз – Елбасы ұсынған «Болашақ» бағдарламасымен шетелдердің үздік жоғары оқу орындарын тәмамдаған, келешегі зор жас мамандар да аз емес. Тек бір «әттеген-айы» – өңір­лер­де қалыптасқан нақты ахуалды, әсіресе, ұлтымыздың алтын бесігі – ауыл тір­шілігін олардың бәрі бірдей біле бермейді. Тауыққа қатысты әжуа сөздің араға біраз уақыт салып, тағы айтылып жатқандығы – соның айғағы болса керек.

Орталық мемлекеттік органдардағы ше­неу­нік­тердің «Қазақстан – 2050» Страте­гия­сына сәйкес, елімізді «озық отыздықтың» қатарына қосу мақсатында Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының стандарттарын енгізуге ерекше ықылас қойып отырғандығы түсінікті. Тек Еуропа елдері мен Қазақстанның арасындағы аумақтық, демографиялық айырмашылықтардың үлкен­дігі жете ескерілмей, соның салдарынан кейде асыра сілтеушіліктерге жол беріліп жата­тын­дығы жасырын емес. Бұған бірер мысал кел­тірейік.

Денсаулық сақтау министрлігінің бір кездегі әсіре реформашыл басшыларының солақай шешімінен Қарағанды облысынының Шет ауданындағы 4 мың тұрғыны бар Ақжал кентіндегі аурухана жабылып, дәрі­гер­­лік амбулаторияға айналдырылыпты. Дә­рігер­лер­дің дені қысқартуға ұшыра­ған­дықтан, медициналық көмек алу үшін ақ­жал­дық науқастар ескі де жалғыз «Жедел жәрдем» машинасымен аудан орталығы мен Балқаш қаласына әупірімдеп барып жүргенін өз көзімізбен көрдік. Сөйтсек, сап-сау жұмыс істеп тұрған аурухананы сақтап қалу үшін «еуропалық стандарт» бойынша Ақжал сияқты кентте 5 мың тұрғын болуы шарт екен...

Ал Парламент депутаттары «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының Ұлттық экономика министрлігі айқындаған өлшемшарттары бойынша онсыз да тұрғындарының қатары селдіреп қалған Солтүстік Қазақстан облы­сын­дағы ауылдардың жартысы болашағы бар тірек және серіктес ауылдық елді мекендер тізбесіне енгізілмей, тағдырлары қыл үстінде тұрғандығы дұрыс еместігін шенеуніктерге айтып, түсіндіре алмай жүр.Тіпті аса көрнекті жазушы Ғабит Мүсіреповтің туған ауылы – Жаңажолдың түтіні түзу ұшып тұрғанына қарамастан, тірек деп танылған көршілес елді мекеннен біршама алыс орналасқандығы себепті ғана «жазықты» болып, серіктес елді мекендер тізбесіне де ілінбей қалыпты.

Тобықтай түйін: шенеу­нік­тер­ді осыдан он шақты жыл бұрын мемлекеттік қызмет сала­сы­на енгізілген «орталықтан – өңірге, өңірден – орталыққа» қағидатымен ауыстыру ісін дәйектілікпен жалғастыру қажет сияқты. Сондай-ақ «Болашақ» бағдарламасының түлектері мен Президенттік жастар кадрлық резервіне кіргізіп, үкілі үміт артып отырған білімді жастарымызды бірден орталық мемлекеттік органдарға қызметке орналастырмай, әуелі жергілікті атқарушы органдарға қызметке жіберіп, олардың аймақтардағы шынайы әлеуметтік-экономикалық жағдаймен жете танысып, тәжі­ри­бе жинақтауына баса мән берер болсақ, ұтылмасымыз анық. Өйткені «өңірді көрмеген – өмірді көрмеген» деген сөздің жаны бар. Әйтпесе тауық байғұстың құлағы әлі талай шуылдауы мүмкін...

 

Кәрібай МҰСЫРМАН,

«Egemen Qazaqstan»