Саясат • 25 Қаңтар, 2021

Б.Байбек: Нұротандық депутаттың 616-сы – жастар

405 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елбасы, партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың келісімімен «Jas Otan» Орталық кеңесінің отырысында Нұржан Жетпісбаев «Nur Otan»-ның жастар қанатының жаңа басшысы болып сайланды. Бұл туралы партия Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Facebook желісіндегі жазбасында айтты, деп хабарлайды Egemen.kz

Б.Байбек: Нұротандық депутаттың 616-сы – жастар

«Бүгінде «Jas Otan» – 20 жылдық тарихы бар жай ғана жастар ұйымы емес, маңына 35 жасқа дейінгі 100 мыңнан астам белсенді қазақстандықты топтастырған ірі бірлестік. Дамыған өңірлік инфрақұрылымы, заң шығарушы және барлық деңгейдегі өкілді органдарда депутаттық корпусы бар іргелі ұйым.

Осы сайлауда «Nur Otan» партиясы жастарға жүйелі қолдау көрсетті, олардың өкілдері штаб мүшелерімен бірге белсенді үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, барлық дерлік сайлауалды іс-шараларға қатысты.

1

Сайлау қорытындысы бойынша Елбасы белгілеген квотаның арқасында біздің партиядан барлық деңгейдегі мәслихаттардағы жас депутаттардың саны 3 есе, яғни 7-ден 23%-ке дейін артты. Осылайша, 2701 нұротандық депутаттың 616-сы – жастар өкілдері болды.

Олар 6 миллионнан астам қазақстандық жастардың мүддесін білдіретін болады», деп жазды Бауыржан Байбек.

Сондай-ақ, Бауыржан Байбек партия тарапынан жастарды қолдау мақсатында атқарылатын іс-шаралар және «Jas Otan» ЖҚ мен жас депутаттарға жүктелетін міндеттерге тоқталды.

«Өздеріңізге белгілі, Елбасының қатысуымен таяуда өткен «Jas Otan»-ның Съезінде 5 жылдық «Жастар-Отанға!» бағдарламасы қабылданған болатын. Бұл құжат жастарды қолдау бойынша 100 нақты жүйелік шараны қамтиды. Олардың қатарында әлеуметтік лифтілер құру және жастар бастамаларын жүзеге асыру, жұмысқа орналастыру және білім сапасын көтеру секілді көптеген мәселелер бар.

«Jas Otan»-ның жаңа басшылығы мен жас депутаттық корпус алдында осы бағдарламаны тиімді жүзеге асыру міндеті тұр.

Ең алдымен, бағдарламаның әрбір бағытына жауаптыларды белгілей отырып, республикалық және 216 өңірлік жол картасын бекіту қажет.

Тағы бір маңызды міндет – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жастар саясаты туралы» жаңа заң әзірлеу жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру. Біздің жас депутаттарымыз «Jas Otan»-мен бірлесіп, партияның қолдауымен осы жұмысқа белсенді атсалысуы, жастарды жұмылдырып, сарапшылар топтары арасында жан-жақты талқыдан өткізуі тиіс.

«Jas Otan»-ның жаңа басшылығы мен жас депутаттарымыз алға қойылған міндеттерді абыроймен атқарып шығады деп сенемін. Қиындықтарды еңсеріп, жеңіске бірге жетеміз!», деп түйіндеді  деді Б.Байбек.