Руханият • 26 Қаңтар, 2021

Нарцисс жанарындағы айдын

537 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Өз бейнесіне өзі ғашық сұлу Нарцисс ұзақ күнге айдынға қараумен болушы еді. Ең аяғында сол суға қатты үңіле беріп, батып өледі. Ал жағалауда оның көз жасынан өзі аттас гүл өсіп шығады. Бірақ, Оскар Уайльд бұл әңгімені басқаша баяндайды. Нарцисс қаза тапқанда, орман нимфалары айдыннан:

– Сен неге жылайсың? – деп сұрайды.

– Мен Нарцисті жоқтап отырмын, – дейді айдын.

– Оған таң қалуға болмайды, – дейді нимфалар. – Оған ғашық емес жан жоқ, алайда оның сұлулығын ең жақыннан көрген жалғыз сен едің, – дейді.

– Ал ол сұлу ма еді? – деп сұрады сонда айдын.

– Бұл туралы сенен артық кім баға бере алады? – деп таң қалысады нимфалар. – Сенің жағалауыңда, сенің суыңа таң атып, кеш батқанша қарап отыратын сол емес пе еді?

Айдын ұзақ уақыт үндемей, ақыры былай деп жауап береді:

– Мен Нарцистің сұлу екендігін ешқашан байқамасам да, оны жоқтап жылаймын. Себебі, ол менің жағалауыма келіп, маған еңкейген сайын оның жанарының түбінен мен өзімнің әсемдігімді көретін едім, – дейді.

Нарцисс жанарындағы айдын

 

Міне, нағыз Нарцисс кім деген сұрақ осылай туады. Пауло Коэ­льоның «Алхимигінің» алғашқы беттерін ашқанда-ақ осы ойлардың же­тегіне еріп, біз де әлдеқашан сол айдынға жұтылып кете барған едік. Шын мәнінде нағыз Нарцисс ай­дынның өзі ғой. Ол өзінің сұлулығын көру үшін бейшара бозбаланы ойлан­бастан құрбан ете салды. Көз­сіз ға­шықтың жолында көп нәрсе құр­­бандыққа шалынады. Нарцисс – сол құрбандардың біреуі ғана.

Дәл осы пайым Ницшенің «Құр­дымға ұзақ қарап тұра берсең бір уақытта, құрдым да саған қарай бас­тайды» дегенімен де үндесетіндей.

Жалпы бразилиялық қаламгер Пау­ло Коэльоның «Алхимигін» оқы­ған әр оқырман қолына қалам алмауы мүмкін емес деп ойлаймын. Өйтетін себебі, роман ішіндегі небір күрмеуі күрделі, шешімі ши­майланып қалған ұлы ойлар са­ған ешқашан маза бермес еді. Тіп­ті, Нарцисс оқиғасының бір ұшын сонау Жүсіп пайғамбарға апарып қосақтайтының қызық. Жүсіп пай­ғамбардың сұлулығынан хабары бар жан ретінде оның небір қиын сынақтарды арқалай жүріп Мысыр еліне баруын, түс жорушы екенін әлбетте романды оқып отырып есі­ңе аласың. Ең қызығы, Нарцистің сұ­лулығы Жүсіптікі болғанымен, оның ессіз ғашықтығы Зылиханың болмысы еді.

1

Екі көзі ащы жастан су қараңғы болып қалған Зылиха Жүсіпті көрдім деген жандарға бүкіл алтын-күмісін сыйға тартып, ең соңында:  «Жүсіп деген кім?» дегендерге: «Жүсіп – ол менмін», демеуші ме еді?

Адам өз болмысын ұзақ таниды. Ро­мандағы басты кейіпкер бақташы Сантьягоның ұзақ сапарға шығуы – бұл адамның өзін-өзі тануының ұзақ жолы болатын. Әл­бетте сол жолда адамдар өзара бір-біріне айна екендіктерін көп ес­кере бермейді. Былай қарасаңыз, ал­дында бес-алты қойынан басқа еш­теңесі жоқ қойшы Сантьягоны Салим деген елдің білдей бір патшасы Мелхиседектің өзі іздеп келуі – бұл да адамдардың бір-біріне айна екендіктерін ұқтырады. Кейін алып сахарада небір оқиғаларға тап бола жүріп алға қойған мақсатынан таймаған Сантьяго тіпті ұшы-қиыры жоқ шөлге де айна болады. Қайдан ұшып, қайда қонары белгісіз құйын жел де Сантьягодан өзін көреді. Алып Күн де Сантьягодан өз болмысын таниды.

Романның айтар ойы да сол, біз әлем­нің кішкентай ғана бөлшегі емес, үлкен мәнге ие негізгі кілтіміз де­ген­ді үндейді. Біз әлемді сүйгенде сол әлемдегі өзімізді сүйетінімізді түсі­неміз.

Ел кезіп, жер шарының жартысын жаяулап қазына іздеген бақташы Сантьяго ақыр соңында қазынаны өзі түс көріп оянған жерден табады. Шығарма Испанияның Андалусия жазығындағы қираған шіркеудің маңында ұйықтап жатқан бақташы Сантьягоның ғажайып түсінен басталады. Басты кейіпкер түсінде Мысыр пирамидаларына барып, сол маңнан мол қазынаға кенелгенін көреді. Екі күн қатарынан көрген түсін бақ­ташы Сантьяго сыған әйеліне жорытып, болашақта қол жеткізетін бай­лығының оннан бір бөлігін түс жорушыға беретін бо­лып жолға шығады. Қаншама қиын­дықтарға, қызықтарға тап бола жүріп діттеген жеріне ақыры жетеді. Алайда ол жерде ешқандай да алтын жоқ еді. Қолындағы азын-аулақ байлығын тартып алған қарақшылар қарқылдап күледі. Қайдағы бір түс­ке сеніп сонша жер кезген нендей нақұрыссың деп мазақ етеді. Қарақ­шылардың біреуі: «Ондай түс­ті мен де көргем. Со­нау шал­ғай­дағы Испанияның қираған бір шіркеуінің түбінен алтын тауып алып жатқанымды түсімде мен де көргем, алайда ондай былшылға сенетін мен емес», деп кете барады. Оның түсінде көрген жері – Сан­тьягоның роман басталғанда ең ал­ғаш қозғалған мекені еді. Міне, шығарманың бас-аяғы осы.

Жалпы Сантьяго қазынаны еш­қайда сапарламай-ақ тауып алуы да мүмкін еді ғой. Бірақ сол жолды ол міндетті түрде өтуі тиіс бо­­­латын. Романда айтылғандай, кей­­де адамдар бүкіл өмірін алтын іздеумен өткізеді, алайда сол ал­­тынды іздеуге апаратын жол жай­лы мүлде ойланбайды. Жол – да­налық кітабы. Бақташы Сантьяго ұзақ жолда өмірлік даналықты үй­ренді, жүрегінің түбіне апарар жол­дың соқпағын тапты, таныды, талпынды. Шығарманы оқып бол­ған адам соншама уақыт бойы Сан­тьяго қазынаны емес, өзін-өзі ізде­генін көреді. Алхимиктер мыс, қорғасын сияқты қарапайым металды алтынға айналдыратын сиқырлы тасты іздейді. Сантьяго да басында қарапайым адамдардың қатарында еді. Ол өзін-өзі іздей келе, өзін-өзі шыңдай келе дүниенің тілін түсі­ніп, кілтін табады. Тауып қана қой­май қара қорғасыннан алтынға ай­налды. Адам өзін-өзі таппай тұ­рып, бақытты таба қоюы екіталай. Өзің­нің арманың үшін адасқан жолдың өзі түзу, дұрыс.

 * * *

«Алхимиктің» негізгі сюжеті еуропалық фольклордан бастау ала­ды дегенімізбен, ара-арасында ағылшын ертегілерінің кейбір көріністері, сондай-ақ «Мың бір түннің» де эпизодтарына соғып отыратынын байқаймыз. Одан бөлек, Інжіл, Тәурат, Құран қағидалары да шығармаға өзек болады. Сондай-ақ романда орын алатын оқиғалардың көбі Маркестің «Жүз жылдық жал­ғыздығын» еске түсірмей қо­майды. Ондағы оқиға соңында құйын­дататын алып бұрқасын, сыған Мель­хиадестің Буэндиа әулетіне келуі, дүниенің тілін түсінуге талпынған кейіп­керлер үндестігі оқырманға ғайыптан жол көрсетіп отырғандай әсер­ге бөлейді. Бұларды көшпелі мо­тивтер деуге келмес, дегенмен екі шығармадағы кейіпкерлердің көңіл-күйі ортақ бір құбылысты меңзеп тұрады. Бәлкім ол адам жанының түк­піріне сапарлап бара жатқан жолау­шы-кейіпкерлердің ортақ жолдары, ортақ уақыттары болар.

Пауло бұл романда кез келген адам өз арманына жету жолында еш­қандай кедергілерге қарамай алға жү­ру керектігін насихаттай отырып, өз арманынан бас тартқандарды да жа­нама кейіпкерлер ретінде ілестіре оты­рады. Тіпті оларды алдыңғы планға да шығарып жібереді. Ба­сында бозбала бақташы Сантьяго да қайдағы жоқ түс үшін соншама жолды кесіп өтуге, алдындағы бір отар қойын тастап кетуге жүрексінеді. Алайда Мелхиседек патша оған өз тағдырыңа өзің егесің, өз мұратыңа өзің жақтас болмасаң, өмір бойы жүгері сатып тұрған анау саудагер­ден еш айырмаң болмайды деп көн­діреді. Сантьяго үлкен сапарға осылай аттанады. Мелхиседек патша сол жерде тағы бір ғажап оқиғаны баян етеді.

Әлдебір көпес ұлын ақылгөй кемең­герге бақыттың құпиясы не­де екенін білуге аттандырады.­ Қырық күн шөлді кесіп өткен бала данагөйдің тау басындағы алып қорғанына кіреді. Қорған іші сопының мекеніне мүл­де ұқ­самайды, жарқыраған зәу­лім қабыр­ғалардың іші ғажап. Да­нагөйге қай­бір уақыттарда кезегі жетіп ал­дына келген бала бақыттың кіл­ті қайда деген сауалын қояды. Дана­гөй ештеңе деместен қолына май там­шылары құйылған қасықты ұс­татып, алып қорғанды аралап ке­луін сұрайды. Бала аралап келеді. Алайда данышпанның «Сарайым қандай екен?» деген сұрағына жауап бере алмайды. Себебі, ол күні бойы қасықтағы май тамшыларының төгіл­меуін ғана қараумен болған еді. Данагөй қасыққа май тамшыларын қайта құйып, сарайды тағы бір мәрте аралап келуді тапсырады. Екіншісінде сарайдың ғажап көріністерін есі шығып аралаған бала қолындағы қасықты мүлде ұмытып кетеді. Данышпанның сонда балаға айтқан даналығы: «Бақыттың мәні – дүниенің ғажабын мейлінше тану, тамашалау, сөйте тұра қасықтағы екі тамшыны төкпеу», дейді.

Жалпы адам өз-өзіне үйренген күні нағыз тоқырау басталды дей беріңіз. Бозбала Сантьяго өз арманын жүзеге асыру жолында көп қиындыққа тап болады. Сапарға шыққан бетте әлдебір алаяқтарға жем болып, бүкіл ақшасынан айы­рылып хрусталь сататын дүкен­ші­ге көмекші болып жұмысқа тұ­рады, кейін сол жерде жинаған қара­жа­тының арқасында Мысыр пирамидаларына аттанады. Дүкенші біз жоғарыда айтқандай, өз-өзіне әбден көндіккен, жоспарлы күнтізбеден еш­қашан тайқып көрмеген өте бір­қалыпты адам еді. Әрине, армансыз адам – қанатсыз құс. Дүкеншінің де кезінде асқақ армандары болған. Мұсылман адамның бес парызы­на жататын қажылық сапарға шығуды бала жасынан дүкенші де арман еткен. Алайда тағдыр жолындағы бол­машы кедергілерге келісіп, өз ар­манынан бас тартқан. Былай алып қа­расақ, Мысырдағы Пирамиданы кө­руге сапарға шыққан Сантьягоның ар­маны үлкен бе, әлде Хақ дініне мойын­сұнып Меккедегі Қағба тасына тәу еткісі келген дүкеншінің мұраты биік пе? Мәселе, адамның ішкі ұстанымында деуіміз керек шы­ғар.

Сантьягоның өміріне ерекше әсер еткен жандардың бірі осы сау­да­гер еді. Өзінің күнделікті ісі­не әбден берілген, белгіленген шең­берді ешқашан бұзғысы келмейтін көнбіс жан арманшыл бозбалаға үлкен сабақ болып кезігеді. Бар ақшасын ұрлатып, бір үзім нанға зар болып келе жатқан Сантьяго сол дүңгіршекке кіреді. Шаң бас­қан хрустальдарға көзі түскен боз­бала дүкен иесіне хрустальдар­ды жарқыратып жуып бергісі келе­тінін айтады. Еңбегінің өтеуіне тамақ сұрайды. Дүкенші басында жай қызық үшін келіседі. Алайда жуылған хрустальдар дереу өте бас­тайды. Екеуі осылай танысады. Шын мәнінде шаң хрустальдарды емес, өзінің жап-жарық арманшыл болмысын дүкенге көміп тастаған дүкеншіні басқан еді.

Испандықтарда мынандай мәтел бар екен: «Ең үлкен қараңғылық – таң алдындағы қараңғылық». Сантьяго өзінің де шаң басқан хрустальдарға айналып бара жатқанын сезеді. Се­зеді де дереу сапарына дайындалады. Бақташы бозбалаға бәрі айна еді. Сапар барысында, ағылшын оқы­мыстысымен танысады, керуен басы­мен сөйлеседі, мал айдаушымен сұхбат құрады, алхимик туралы ести­ді. Кейін Әл Фаюм оазисында ол ал­химикпен танысады да. Сайып кел­генде алхимик Сантьягоның нақ өзі еді.

Жалпы автордың айтпағы – әлем­нің бар жаратылысы бір-бірін ұғатын жалғыз тіл махаббат деп тұ­жырады. Дей тұрып, бай­лық та, патшалық та, тіпті махаббат та ар­мандарыңнан бас тартуға тұр­майды дегенді айтады. Сантьяго саха­раның қақ ор­тасындағы құдық ба­сында әлемдегі ең ғажап сұлу пе­ризат Фатимаға жолығады. Ға­шық­тың халі белгілі, қыздың шар­пыған ыстық лебіне мас мәжнүн дәл сол жерде қазынадан да, отар қойынан да, патшалықтан да, бар арман-мұраттарынан да бас тартатынын жеткізеді. Сонда Фатима: «Біз сахараның табиғатынан алыс кеткен емеспіз. Біздің болмысымыз күтуден тұрады. Тағдыр жазса келерсіз, ал қазір жолыңыздан қал­маңыз», дейді.

Сантьяго жүрегін тыңдайды. Жүрегі оған сол сәттен бастап жол­бас­шы болады. Өмір белгілерін анық тани түседі. Тіпті, сенің жо­лыңды тосқан қарақшылардың өзі арманыңды жүзеге асыруға келген бел­гілер деп қабылдауың керек.

Әлем бір ғана қолмен жазылған үлкен шығарма дейді. Сантьяго ең басты қазына – алып сахараның ор­тасындағы оазисте өмір сүріп жат­қан Фатимаға ғашық болды. Жалпы іздеген қазынасын Мысырда емес, өзінің отанында – Испанияда табады десек те, оның ең үлкен қазынасы тағдырының тым күрделі жолында кезігіп, құдықтың жанында қалған Фатима еді.

Роман да: «Фатима, мен өзіңе қарай апаратын ұлы сапарға шық­тым», деген Сантьягоның ғашық сөзімен аяқталады.

Өмір бәріміздің өз тағдырымызға бейжай қарамауымызды қалайды. Жалпы бір адам келесі бір адамның өміріне кіруге, оған иелік етуге ұм­тылып тұратындай. Сол басқын­шылардан өз патшалығыңды қорғай алу – соғыстың ең үлкені. Оны жазушы өз ойларының бірінде «Көпшілік адам ақиқат деп санайтын дүние ақиқатқа айналады» деп түйеді. Бұл ойын тағы бірде «Ең мықты жауынгер – өз дұшпанын досына айналдыра білген жауынгер», деп қорытады. «Жеңіске сенген кезде сен жеңесің, өйткені жеңіс саған сенеді», деп тағы бір қайырады.

Сантьяго – нағыз жеңімпаз кейіп­кер.