Бұл жиынды облыс әкімі Ғали Есқалиевтің өткізгені тақырыптың маңызды екенін көрсеткендей. «Қаланы қардан тазарту – өте маңызды мәселе. Бұл жұмыстарды дер кезінде жүргізу қажет. Өйткені адам өмірінің қауіпсіздігі күн тәртібінде тұр. Бүгінде Орал қаласында жаяу жүргінші жолдарын қардан тазарту бойынша тұрғындар тарапынан наразылық бар», деді өңір басшысы.
Өткен желтоқсан айында 400-ге жуық адам мұзға тайып құлап, ауруханалардың жарақат бөліміне жеткізілген екен. Биылғы сайлау қарсаңында жауған қар аралас жаңбыр да қала көшелерін көктайғақ етті. Қаланы қардан тазарту жұмысы ең алдымен орталықта, магистральды көшелерде жүргізілетіндіктен, шет аумақтар, шағын аудан тұрғындары көбірек жапа шегеді. Сондай-ақ көп қабатты үйлердің ауласы мен айналасын таза ұстауға тиіс ПИК-тер (пәтер иелері кооперативтері) де бұл міндетіне самарқау.
Бүгінде Орал қаласындағы мемлекеттік автомобиль жолдарын таза ұстап, шаһардың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету «Жайық таза қала» мекемесіне жүктелген. Тәулік бойы, демалыс және мереке күндеріне қарамай қызмет көрсететін бұл кәсіпорын Орал қаласы аумағында 615 шақырым автомобиль жолын, 235,7 шақырым тротуарды таза ұстауы тиіс. Сараптама жұмыстары көрсеткендей, қаладағы автомобиль жолдарын қардан тазарту ісінде пәлендей іркіліс жоқ. Негізгі түйін – жаяу жүргіншілер жолағында болып тұр.
Қала әкімі Абат Шыныбеков Орал қаласында жаяу жүргінші жолдарының ұзындығы 162 шақырым екенін, жолдар 20 қаңтарда 70 пайыз тазартылғанын айтты. Ең басты қиындық – «Жайық таза қала» мекемесінде тротуарға сыйып жүретін шағын техника жеткіліксіз. Осы мекеменің құрылтайшысы Тұрарбек Тілемісовтің айтуынша, ондай техниканың бағасы да әдеттегі көліктерден әлдеқайда қымбат.
Бүгінде Орал қаласындағы барлық магистральды көшелердің жаяу жүргінші жолын тазалауға 6 ВТЗ тракторы жүреді. Бұдан басқа қосымша 20 бірлік құрама (құмсалғыштар), 6 автогрейдер, 16 тиегіш, 27 КО МТЗ тракторы, 1 «Арктика» қар тиегіші, 4 бірлік ЗИЛ шанағы, 10 КАМАЗ шанағы, 5 «ГАЗ 53», 5 Ко-206 қар тиегіші, 1 К-701, 1 «ДТ-75» тракторы, 4 бірлік вакуумдық автомашина бар. Бұған қоса мұз оятын 5 мобильді бригада ұйымдастырылған.
Жиында қалаға қарасты Зачаганск кентінде бүгінге дейін 19 704 текшеметр қар шығарылғаны, жалпы ұзындығы 50 шақырымдық тротуардың 75 пайызы тазартылғаны айтылды. Кент аумағында күнделікті 45 адамнан құралған 3 бригада 20 техниканың көмегімен 2 ауысымда жұмыс істеп жатыр екен. Круглоозерный кентінде де «Жайық таза қала» мекемесінің 2 бригадасы елді мекен аумағындағы 62 көшенің 41,9 шақырым жолын толық тазалаған. Деркөл кентінде ұзындығы 15 шақырым болатын жаяу жүргіншілер жолының 60%-ы тазартылған. Желаев ауылында да бүгінге дейін 2500 текшеметр қар шығарылыпты. Жалпы қала бойынша 263 363 текше метрге жуық қар қала аумағынан аулаққа әкетілген.
Полигон – алыс
«Жайық таза қала» мекемесінің басшылығы қаланы қардан тазарту барысында кездесетін кейбір қиындықты ортаға салды. Соның бірі – көшеден жиналған қарды төгетін арнаулы полигонның қашықтығы.
– Бұрын біз қарды телеорталық маңындағы сайға төгетінбіз. Ол қала орталығына жақын болғандықтан, жүк көліктеріміз аз уақытта көп рейс жасайтын, сөйтіп жұмыс қарқыны артатын. Қазір көліктердің бір айналымы үшін 49 минут кетеді. Қар тазарту жұмысының кешеуілдеу себебінің бірі осы, – деді ол.
Бүгінде тазартылған қарды «Асан» карьеріне және Зачаганск кенті, Балауса шағын ауданындағы арнаулы полигондарға шығару рұқсат етілген. Қосымша Шолохов ауданында қар шығаруға арналған полигон қарастырылуда. Ал телеорталықтағы бұрынғы полигон орны Шаған өзеніне жақын болғандықтан, экология басқармасы оны пайдалануға тыйым салған.
– Интернеттегі ашық мәліметтерден әлемдегі қалаларды қардан тазарту жүйесін қарап шықтық. Барлық жерде қар төгетін полигондар ашық су көздеріне жақын, тіпті теңіз жағасында орналасқан. Жиналған қар көктемде еріп, суға қосылуы мүмкін, бірақ қар құрамындағы зиянды заттар, қоқыс-қалдықтар полигон орнында қалады, ол жерді біз тазалап отырамыз, – дейді «Жайық таза қала» басшысы.
Аталған мекемеде бүгінде жалпы саны 158-ге жуық коммуналдық және жол техникасы бар. Соның 58-і соңғы екі жылда сатып алынған. Бүгінде 300 тонна қыстық дизель отыны, 17 тонна жазғы дизель, 14 мың тонна инертті материал, яғни жолға шашатын құм бар екен.
Кейбір тұрғындар «қар жауа бастағанда неге бірден тазартылмайды?», деп жатады. Мамандардың айтуынша, көше қарын бірден сыпырып, күреуге болмайды екен. Ондай жағдайда мұз жабыны – көктайғақ пайда болып, жол апаты қаупі күшеймек. Сондықтан әуелі қарға тұз араласқан құм себіліп, одан кейін 2-3 сағаттан кейін ғана тазалау жұмысы басталуы тиіс көрінеді.
«Жайық таза қала» мекемесінде ұзын саны 750 адам қызмет етеді. Штат саны тағы ұлғаймақ, өйткені қала аумағы үлкейіп келеді. Осы жерде бір мәселе – жұмысшылардың көбі егде тартқан, орташа 50 жасты құрайды. «Өйткені жастар аз, олар ауыр жұмыс істегісі келмейді», дейді басшылар.
Енді «айыппұл тілінде» сөйлеседі
Орал қаласында 1 238 көп қабатты тұрғын үй бар. Оған 108 ПИК қызмет көрсетеді. Көп қабатты тұрғын үйлердің іргелес аумақтарының тазалығына ПИК қызметкерлері жауап береді.
– Қала көшелерінде төбеден төніп, қауіп төндіріп тұрған мұздарды алдырту және жаяу жүргінші жолдарын тазалау үшін қаладағы мониторинг топтары тиісті мекемелер мен ПИК басшыларына, кәсіпкерлерге ескерту парақтарын таратуда. Тәртіп бойынша көше бойында, тұрғын үйлерде орналасқан дүкендер, шағын кәсіпкерлік нысандары өз ғимараттары алдындағы жүргінші жолдарын тазартуы тиіс, – дейді қала әкімі.
Жоғарыдағы талапты бұзған кәсіпорын мен мекеме басшыларына, кәсіпкерлік нысандарына әкімшілік жаза қарастырылған. Жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері жергілікті полициямен бірге белгіленбеген орындарда қоқыс тастау, қарды жинау бойынша рейдтік іс-шараларды жүйелі өткізеді.
2020 жылы Орал қаласының жергілікті полиция басқармасы осындай 1856 құқық бұзушылықты анықтаған. Оның ішінде 1839 құқық бұзушыға ескерту жасап, жалпы көлемі 786 650 теңге көлемінде айыппұл салған 17 қаулы шығарған. Осының 709 310 теңгесі өндіріп алынған.
– 2021 жылдың қаңтар айынан бастап құқық бұзушылықтың 17 фактісі анықталып, ескерту түрінде әкімшілік жаза қолданылды. Сонымен қатар қала кәсіпкерлері мен бизнес объектілердің иелеріне меншік нысанына қарамастан, іргелес аумақты тазалау қажеттілігі туралы Push-хабарлама жіберу жоспарлануда, – дейді А.Шыныбеков. Мұндай хабарлама алған кәсіпкер тез арада әрекет етпесе, айыппұлға тарту қарастырылған.
Облыс әкімі Ғ.Есқалиев облыстық мәслихат шешімімен бекітілген абаттандыру қағидалары қатаң сақталуы қажеттігін еске салды. Бұл ережеде барлық ұйымдық-құқықтық нысандар меншігіндегі аумақты бес метр шегінде өз қаражаты есебінен күтіп ұстауға, тазалығын қадағалуға міндетті делінген.
– Абаттандыру ережелеріне сәйкес қар мен мұзды уақтылы тазаламаған бизнес нысандары, ПИК-тер, үй иелері айыппұл төлейді. Алайда бұл тәртіптен көптеген кәсіпкерлік нысандары хабарсыз. Сондықтан түсіндіру жұмыстарын жандандыру керек. Түскен қардың көлеміне байланысты оны тазалаудың уақыт мөлшері, нақты стандарты жасалсын. Талапты орындамағандармен «айыппұл тілінде» сөйлесу керек, – деді өңір басшысы.
Батыс Қазақстан облысы