Қаржы • 28 Қаңтар, 2021

Қаражат тарта білу де бір өнер

663 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

2020 жылдың алғашқы жартыжылдығында тікелей салынған шетелдік инвестиция көлемі 2019 жылдың алғашқы жартысымен салыстырғанда 49 пайызға қысқарған. Шетелдік қаржының шорт кесілуіне коронавирус зардабы басты себеп болды.

Қаражат тарта білу де бір өнер

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

 

Шектеу шаралары әлем бо­йынша инвестициялық жоба­лар­дың тұсалуына әсер етті. Соның әсерінен трансұлттық корпора­ция­лар өз жобаларын қайта қарау­ға мәжбүр болды. Ranking.kz дерегі бойынша, дамыған елдерде тікелей шетелдік инвестиция ағыны 75 пайызға, дамушы елдерде 12 пайызға төмендеді. Әрине, бұл жағымсыз үдеріс Қазақстанды да айналып өткен жоқ.

«2020 жылдың тоғыз айында Қазақстанға келген шетелдік тікелей инвестициялардың жалпы ағыны 32,2 пайызға төмендеп, 12,6 млрд АҚШ долларын құрады. Мұндай құлдырау сыртқы инвес­тиция ағынының негізгі бөлігін құрайтын тау-кен секторына салынатын тікелей шетелдік ин­вес­тицияның азаюымен байланыс­ты. Бұл салаға салынған инвес­тиция 42,1 пайызға немесе 4,5 млрд АҚШ долларына азайған. Дегенмен әлемдік дағдарысқа қарамастан Қазақстан сыртқы инвестиция үшін тартымды мемлекет және тікелей шетелдік инвестиция ағыны бойынша өңірдегі көшбасшы болып отыр. Тәуелсіздік алғалы Қазақстанға 350 млрд АҚШ долларына жуық инвестиция келген. Соңғы бес жылда жыл сайын 21,3 млрд АҚШ доллары көлеміндегі тіке­лей инвестиция түскен» де­лін­ген хабарламада.

Зерттеуде жазылғандай, Қа­зақ­станның салық режімін же­ңіл­детуі, ұлттық заңнаманы ұда­йы жетілдіруі, инвестициялық преференция пакеттерін кеңейтуі қо­лайлы инвестициялық климат қа­лыптастыруға мүмкіндік беріп отыр.

«Әлем бойынша карантин жарияланып, шекаралар жабылған мезетте Қазақстан үкіметі жоба­лар­дың тұралап қалмауын ойлап, жаңа инвесторлар тартты. 2020 жылы жалпы құны 1,3 млрд АҚШ доллары болатын 25 ірі инвестициялық нысан пайда­ла­нуға беріліп, сол арқылы 3800 жұмыс орны құрылған. Оның ішінде Алматыда Hyundai автомобиль құрастыру, Қарағанды об­лысын­дағы германиялық Linde Group компаниясының тех­ни­ка­лық газ өндірісі, Алматы облысындағы БАӘ-нің Ancil Fund компаниясының аралас жем өндірі­сін жолға қоюын атап өтуге болады», деп жазады.

Инвестициялар ағынының тоқ­та­мауына «Астана» халық­ара­лық қаржы орталығының да әсері бар. Өйткені аталған орта­лық қатаң карантин кезін­де де шетелдік инвесторлармен тығыз жұмыс істеді. Нәти­же­сінде қазір ХҚО-да жұмыс істейтін компания саны 420-дан 659-ға дейін көбейген. Ranking.kz дерегінше, орталық қаты­су­шы­лары ел бюджетін 6 млрд теңгеге толтырған. Қазірге дейін Қазақстанға ең көп инвестиция құйып келген ел АҚШ екені белгілі. Құрама штаттар 40 млрд долларға жуық қаражат бөлген. 8 қаңтар күні «Астана» ХҚО мен АҚШ халықаралық даму қаржы корпорациясы инвестициялық ынтымақтастық келісіміне қол қойып, тағы 1 млрд доллар көле­мінде инвестиция бөлуге уағ­да­лас­қан.

Былтыр жыл соңында Пре­зи­дент Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік инвесторлар кеңе­­сінің жиынында Қазақ­стан­­дағы экономикалық, инвестициялық белсенділікті қалпына келті­ру, еліміздің мұнай-газ сек­то­­рының инвестициялық тартым­ды­лығын арттыру және дамыту мәселелеріне тоқталған еді. Президенттің айтуынша, инвес­ти­циялық тартымдылықты арт­ты­руға бағытталған мемле­кет­тік саясаттың ашықтығын қам­та­масыз ететін өзгерістер мен реформалар аса қажет. Бірінші кезекте жаңа инвестициялық тетіктер енгізу керек. Инвес­тор­лар елімізде еркін жұмыс істеу үшін бизнес ахуалды жақ­сарту, инвесторларды сыбай­лас жем­қор­лықтан қорғау жұмыс­та­ры күшеюі керектігін де атап өтті.

Жоғарыда елімізге келетін инвестицияның басым бөлігі тау-кен секторының еншісіне бұйырады дегенді айттық. Мем­ле­кет басшысы былтыр 18 қара­ша­дағы жиында алдағы бес жыл­да IT саланы қарыштатып дамыту үшін 500 млрд теңге тарту жоспарланғанын мәлімдеді. Әлбетте, Президенттің бұл сөзі аталған салада тер төгіп жүрген азаматтардың жұмысқа белсене кірісіп, тың жобалар ұсынуына түрткі болар деген сенім бар.

Соңғы мәлімет бойынша, 2020 жылдың қаңтар-қыркүйек айлары аралығында Қазақстанға инвес­­тиция әкелген елдердің көшін Нидерланды бастайды. Корольдік 3 961,5 млн АҚШ долларын салса, екінші орындағы АҚШ 1 581,5 млн доллар жұм­са­ған. Үшінші орында 1 358,7 млн доллар тікелей инвестиция жіберген Швейцария тұр. Одан кейінгі орындарда Ресей, Ұлыбритания, Бельгия, Франция, Қытай, Оңтүстік Корея, Кипр елдері орналасқан.

Алпауыттарды ырыққа көнді­ріп, ақшасын алу да оңай емес. «Kazakh Invest» ҰК» инвестиция­лар тарту блогының басқарушы директоры Жандос Темірғали шетелдік инвесторларды тарту бойынша Қазақстанның біраз елмен бәсекеге түсетінін айтады. Мәселен, тау-кен өндірісі үшін Аустралия, Канадамен бәсекеге түссек, Орталық Азияда Өзбекстан басты бәсекелесімізге ай­налып келеді.

– Геостратегиялық орна­ла­­суы, транзиттік және ло­гис­ти­ка­лық әлеуеті, бай ресурс базасы, ха­лықаралық сауда және ин­вес­ти­циялық келісімдері, әлем­дік нарыққа шыға алуы инвестиция тартуда Қазақстанға мол мүм­кін­дік береді, – дейді ол.

«Kazakh Invest» өкілі әлеу­мет­тік желідегі парақ­ша­сын­да ше­телдік инвестиция қарапайым азаматтар үшін пайдалы болу керек деген ой айтады.

«Қазақстанның бай эконо­ми­калық әлеуетін пайдасын қара­пайым азаматтар көрсе екен дей­мін. Қазақстандық кәсіп­кер­лер ұзақ мерзімді және табысты бизнес қалыптастыруы керек. Қажет болса шетелдік серік­тес­те­рді тартып экономиканы дамытуы керек. Біздің азаматтар өз елін жақсы біледі, елдің өсіп-өркендеуі үшін жанашырлық танытады, технологиялар енгізіп, жұмыс орнын ашады. Алайда бұл үшін кәсіпкер заң әділдігіне және өз капиталының қауіпсіздігіне сенуі қажет. Дәл осы күрделі мәсе­ле халықаралық ракурс­та инвес­тициялық климатты жақ­сар­тудан да маңызды», дейді Ж.Темірғали.

Ұлттық компания өкілінің пікірінен көп нәрсені аңдауға да болады.

Мемлекет басшысы макро­эк­ономикалық және қаржылық тұрақтылық болмай, экономика мен халықтың әл-ауқаты арт­пай елдің инвестициялық тартым­ды­лығын тиісті деңгейде ұстап тұру мүмкін емес дегенді айтты. Инвестициялық тартымдылық – әдемі сөз немесе жалған цифр­лар емес. Бұл – елдің нақты жағдайының көрінісі. Мемлекет халық пен бизнеске жағдай жасай алса, елдің маңызды мәсе­ле­лердегі талап-тілегін ескерсе, әлбет­те тұрақтылық болады. Бұл азаматтардың еркін бизнес жа­сауы­на, төлем қабілетінің өсуі­не әсер етеді. Мұндай елге инвес­тор­лар да үйір. UNCTAD (БҰҰ Сауда және даму конференциясы) дерегі бойынша, 2021 жылы әлемдік тікелей шетелдік инвестиция көлемі 10 пайызға қысқармақ.