Аймақтар • 28 Қаңтар, 2021

Батыс Қазақстан облысындағы су тапшылығы қашан ретке келеді?

1028 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сенатор Нариман Төреғалиев еліміздің Премьер-Министріне жолдаған депутаттық сауалында Батыс Қазақстан облысының оңтүстігіндегі 4 ауданының, оның ішінде Бөкей ордасы, Жәнібек, Казталов, Жаңақала аудандарының 80 мыңнан астам тұрғыны тап болып отырған өзекті мәселені көтерді, деп хабарлайды Egemen.kz

Батыс Қазақстан облысындағы су тапшылығы қашан ретке келеді?

Қазіргі уақытта аймақта сумен жабдықтау мәселесі аса маңызды болып отыр. Бұл аймақ негізінен мал шаруашылығымен айналысады және Ресейден су алып отыр.

Бүгінгі таңда Еділ өзенінен Ресейдің Саратов, Волгоград облыстары арқылы облыстың оңтүстік аймақтарына Үлкен және Кіші өзендеріне ағып келетін су мөлшері айтарлықтай азайды. Сонымен қатар, жыл сайын су алу шығындары өсіп келеді.

Қазіргі кезде Саратов каналынан 54 миллион текше метр су, Волгоград облысынан тағы 28 миллион текше метр су келеді. Батыс қазақстандықтардың нақты мұқтаждарына қосымша 131 млн текше метр су қажет. Сонымен қатар 1 текше метр суды жеткізу құны орташа есеппен 4,6 рубльді құрайды.

«Екі өзеннің бойында орналасқан шағын су қоймаларының сыйымдылығы 211 млн м3 құрайды. Бірақ қазір бұл су қоймалары бос тұр деуге болады. Ол өз кезегінде, судың жойылуына, минералдануына, ластануына және балықтар мен малдардың еріксіз қырылуына әкеп соғуда. Су мәселесінің күрделілігі соншалық, шаруа қожалықтары жем-шөп дайындау үшін қажетті жайылмаларға жіберілетін суды шектеуге мәжбүр болып отыр. Олар ендігі кезде мал суаруға су жетсе соған қуанатын болды», дейді Нариман Төреғалиев.

Облыс алдында тұрған негізгі міндеттердің бірі мал басын көбейту, оны өңдеу және экспорттау болып табылады. Су тапшылығы бұл мақсатты жүзеге асыруға айтарлықтай кедергі келтіріп келеді.

«Соңғы жылдары шаруа қожалықтары мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен шетелден асыл тұқымды мал сатып алуда. Бірақ қазіргі проблемалардың кесірінен барлық малдан айырылып қалу қаупі бар», дейді сенатор.

Нариман Төреғалиев қаржыландыру мәселесін де қозғады. Депутаттың айтуынша, өткен жылы 2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджетті бекіту кезінде батыс өңірінің тұрғындарына су жеткізу шығындарын өтеу мәселесі қолдау таппады.

«Облыстағы бұл өзекті мәселе мал шаруашылығымен айналысуда қиындық тудырып қана қоймай, сонымен қатар Мемлекет басшысының балық шаруашылығын дамыту жөніндегі тапсырмасын орындауға теріс әсер етеді», деді депутат.

Сенатор өз сауалында Үкімет басшысынан биылғы жылдың ақпан-наурыз айларында бюджетті нақтылау кезінде 131 млн м3 көлемінде су жеткізу жөніндегі шығыстарға қосымша 3,5 млрд теңге бөлуді сұрады. Бұл Батыс Қазақстан облысында мал шаруашылығын дамытуға мүмкіндік беретін қаржы көлемі.