Ахмет Байтұрсынұлы • 27 Қаңтар, 2021

Ахмет Байтұрсынұлы – қазақтың тұңғыш профессоры

3673 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Қазақтың төл тарихында дәуірден дәуірге алмасқан, ғасырдан ғасырға жалғасқан жаңсақтықтар аз емес. Белгісі бұлдыр арғы тарихымызды айтпағанда, ғарыш ғасырымызға іргелес, ХХ ғасыр басындағы қазақ тарихының өзі қалың қаттаудан аршып алмасаң ақиқатын тани алмайтындай деңгейде. Сол ғасырдағы қазақтың даңқты тарихын жасаушы ең аяулы перзенттердің бірі – Ахмет Байтұрсынұлы. Сондықтан да ғұлама ғалым есімімен байланысты ақиқаты анықталмаған ақтаңдақтар баршылық.

Ахмет Байтұрсынұлы – қазақтың тұңғыш профессоры

Бүгінде «қазақ филологиясының тұңғыш профессоры – Құдайберген Жұбанов» деген пікір ғылыми көпшілік арасына кең таралып, қазақ филологиясында орныққан. Алайда, шын мәнінде, қазақ филологиясы ғана емес, қазақ ғылымы тарихындағы тұңғыш профессоры Ахмет Байтұрсынұлы екені жалпы қауымға белгісіз болып келді. Ғасырға жуық кідірген бұл шындықты жалпақ жұртқа жариялаудың сәті енді ғана, ел тәуелсіздігінің 30-жылында туып отыр. Өткен ғасырдың орта шенінде қазақтың кей зиялылары Абай мен Шоқан есімдерін қазақ руханиятының ең мәртебелі биігіне бәсекелестіргені сияқты, бүгінгі қазақ тіл білімінде де Ахмет Байтұрсынұлы мен Құдайберген Жұбанов есімдерінің ұлылық есебін түгендеп, талант таразысын теңгеріп жүргендер жоқ емес. Тарихи тұлғалардың өзіне мұндай бақталастыру керек болмаса да, біздің қоғам қай заманда да бұдан ада бола алмады. Шыңдалған шындық болып тарих бетіне түбінде шығу – ақиқаттың уақытпен серттескен мінезі. Сондықтан, не болса, А.Байтұрсынұлы есіміне байланысты ақиқаттарды біз бір-бірлеп қайтаруға міндеттіміз.

Бүгінде қазақтың білім беру, ғылым саласы профессор, доктор, академик деген атақтарға бай. Олай болса, «профессор» атағын айрықша мәртебе санап, руханиятымыздың шырқау биігіндей күңірене толғаудың реті де жоқ еді. Мәселенің маңызы көшпенділер өркениетін, дала мәдениетін дөңгелеткен қазақ халқы үшін еуропалық білім беру жүйесінің бұл мәртебелі атағына лайық болған алғашқы қазақ кім екендігінде. Яғни толғаулы түйін «тұңғыш» сөзінде. Тарих жүзінде адамдар осы «тұңғыш», «ең» сөздеріне талпынумен болады. Сол жолда кейде ақиқаттың беті бүркемеленіп те жатады.

Ресми деректерге сүйенсек, А.Байтұрсынұлына «профессор» атағы Қазақстан тарихындағы тұңғыш жоғары оқу орны (университет) – Қазақ университеті (Қазіргі Абай атындағы ҚазҰПУ) құрылған алғашқы күннен бастап берілген. Қазақ университеті (ҚазҰПУ) ресми түрде 1928 жылы 4-қазанда, Қазақстан Автономиялы Кеңесті республикасы құрылуының 8 жылдық мерейтойы күнінде, айтулы датада жарияланады.

Қазақстан Республикасы аумағында бұған дейін жоғары оқу орны болмағандықтан, онда дәріс оқитын профессорлар да, мұндай лауазым да болмайтыны түсінікті. Қазақ университеті құрылу қарсаңында оның оқытушылар құрамын жасақтау қажет болады да, Республика және Республикадан тыс аумақтардан ең таңдаулы мамандар Университетке дәріскер ретінде жұмысқа шақырылып, оларға түрлі лауазымдар тағайындалады. Осыған сәйкес 1928 жыл 15 қазандағы Университеттің оқытушылар құрамын бекіту туралы ректордың №14 бұйрығында 9 оқытушыға (негізі 10 оқытушы) лауазым беріледі (ҚР ОМА Р-1142, офис-1, Д-1, 6-п.). Оның үшеуі – профессор. Олар – Университет ректоры Санжар Аспандияров, Н.Н.Фатов және Ахмет Байтұрсынұлы. Бұйрыққа сәйкес А.Байтұрсынұлы мен Санжар Аспандияровқа 1928 жылдың 1-қазаннан бастап, Н.Н.Фатовқа 19-маусымнан бастап университет профессоры лауазымы беріледі. Ал өзге 7 оқытушы – жоғары оқу орындарында бұрыннан сабақ беріп ысылған, профессорлыққа үміткерлер. Осы он оқытушының төртеуі қазақ (А.Байтұрсынұлы, С.Аспандияров, Х.Досмұхаммедов, А.Ермеков) бесеуі еуропалық, біреуі шеркес (Солтүстік Кавказдағы ноғай текті халық).

1928 жылғы қарашаның 3 күні шыққан Университет оқытушыларының дәріс жүктемесі туралы ректордың №21 бұйрығында да А.Байтұрсынұлы профессор ретінде көрсетіліп, ғалымға 4 сағат лекция, 6 сағат лабораториялық жұмыс берілген (5-суретке қараңыз). Міне, осылайша, Елімізде алғашқы «профессор» атағы (лауазымы) университет тарапынан берілген. Ол алғаш үш ғалымға берілсе, солардың ішіндегі зиялы қауым мен халық шын мойындаған, нағыз профессор – А.Байтұрсынұлы. Сондықтан ол – Қазақстанның, қазақ ғылымының, ҚазҰПУ-дың тұңғыш профессоры.

Санжар Аспандияров 1919 жылдан бері Коммунистік партияның мүшесі болған, жоғары дәрежелі Докторлық академияны бітірген. Сондықтан болса керек, Университет ректоры болып тағайындалады. Осыған орай алғашқы сәттен-ақ «профессор» атағын алуы да заңды. Ал Н.Н.Фатов (1887-1961) – ұсыныспен шақырылған шетелдік оқытушы. Орыс әдебиеті тарихын зерттеуші, танымал әдебиеттанушы. РФ Рязань губерниясының тумасы. 1910 жылы Мәскеу университетінің Тарих және филология факультетін бітірген.

Қаузалған мәселенің мән-жайына тереңірек көз жеткізу үшін «Қазақ университеті» мен оның құрылу тарихы туралы аз кем тоқталып өтейік.

Қазақстанда жоғары оқу орнын құру арманы қазақ зиялыларында ертеден-ақ болған. Алайда ұлттық үкіметі жоқ өгей халыққа оны жеткілікті қаражатпен, материалдық, ғылыми базамен ұстап тұруға мүмкін болмаған. Орынбордағы 1883 жылы ашылған «Қазақ мұғалімдер училищесінен (Киргизская учтиельская училище) басқа қазаққа төл тиесілі жоғары білім ошақтары Патша үкіметі тұсында жоқ еді. Кеңес үкіметі құрылған алғашқы жылдары (1922 ж.) Орынборда «Қазақ политехнологиялық институт» ашылады. Институт бастапқыда, түбінде қазынадан қаржыландырылатын мемлекеттік университетке айналар деген үмітпен, жергілікті үкімет пен ұлт жанашырларының қаржылылық қолдауы арқасында бір жыл бойы жұмыс істеген. Алайда одан кейінгі жылдары да Институт қазыналық мекемеге айнала алмай, қаржылық қиындықтан соң жабылып тынған. Одан кейін Қызылордада «Қазақ оқытушылар институты», Ташкентте «Жоғары дәрежелі оқытушылар институты», Орынборда «Іс институты» ашылады. Осы тәжірибелер қазақ топырағында университет ашуға пәрменді практикалық негіз болады.

Қазақстанда Кеңес үкіметі нық орнап, Кеңес республикалары аумағында жаңа әкімшілік бөліністер жүзеге асып, әкімшілік басқару жүйесі оңтайланғаннан кейін, социалистік құрылыс науқаны үдей бастайды. Осы тұста Қазақстанның Оқу комиссары (Білім министрі) Мәскеудегі қазақ азаматтарымен тізе қоса отырып, Кеңес Республикалары Оқу комиссариятының алқа жиналысында Қазақстанда университет ашу мәселесін көтереді. Кеңес бұл мәселені қолдап, Ресейлік Өнеркәсіп оқуының Бас мекемесіне «Бұл мәселе екі жетінің ішінде дұрыстап тексеріліп, шешілсін» деген бұйрық береді (1927 жылы 4-тамызда). Бір жыл өткеннен кейін Қазақстан Автономиялы Кеңесті республикасының құрылғанына 8 жыл толуына орай айтулы күнде тұңғыш жоғары оқу орнының құрылғаны жарияланады. Негізінде бұл университет бұдан да бұрын ашылуға жоспарланған. Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарында мемлекеттігі екі республика деңгейінде болған (Қазақстан автономиясы, Түркістан автономиясы) қазақ халқын бір әкімшілік территориялық аумаққа біріктіру жоспарының жүзеге асып, оның жаңа астанасының (Алматы қаласы) қайта бекітілуін күтуге байланысты 1928 жылдың соңына дейін кешеуілдеген ( V. «Еңбекші қазақ», 1928 ж., №209 (1236), 2-3 б.)

Бұл айтулы оқиға, зор жетістікке орай Қазақстан Автономиялы Кеңесті республиканың ең жоғарғы лауазым иелері құттықтау сөзін «Еңбекші қазақ» газеті бастаған басылым беттерінде жарыса жариялайды. Солардың бірінде тұңғыш жоғары оқу орнының мақсаты туралы: «Қазақ еңбекшілеріне ағарту қызметкерлерін дайындау», - деп жазады сол кездегі Өлкелік партия комитетінің жауапты хатшысы П.Голошакин. Қазақстан Орталық Кеңес комитетінің ағасы (төрағасы) Ерназарұлы Елтай, Қазақстан комиссарлар кеңесінің төрағасы Нұрмақұлы Нығметтің де құттықтау сөздері «Еңбекші қазақ» газетінде жарияланды («Еңбекші қазақ»,1928 ж., №229 (1256), 2 б.).

Қазақ университетінде ең алғаш үш факултет: Ауыл шаруашылық факультеті, 2) Оқу тәрбиеші факультеті, 3) Дәрігерлік факультетін ашу жоспарлаған. Алайда Сол тұстағы Қазақ үкіметіндегі түрлі материалдық, базалық қиындықтарға байланысты 1928 жыл бір ғана Педфак (оқытушы) ашылған. Демек, Қазақстан тарихындағы алғашқы университеттік факультет – Педфак (Мұғалімдер факультеті). Бұл Факультеттің үш бөлімі болған: «Физика-техника» бөлімі, «Жаратылыстану» бөлімі, «Тіл мен мәдениет» бөлімі. Әр бөлімнің жеке-жеке кабинеттері болған (5 кабинет: «Педология» кабинеті, «Физика» кабинеті, «Саяси-қоғамдар» кабинеті, «Химия» кабинеті және «Қазақ тілі» кабинеті). Осы кабинеттерді жабдықтау, жасақтау үшін Университет ректор 1928 жылғы 3 қарашадағы №21/4 бұйрығымен оқытушылар құрамынан комиссия құрады. Аталған бұйрыққа сәйкес А.Байтұрсынұлына «Қазақ тілі» кабинеті жүктеледі (9, 10-суретке қараңыз) (ҚР ОМА Р-1142, офис-1, Д-1, 9-п.). Демек, А.Байтұрсынұлы – осы «Қазақ тілі» кабинетінің алғашқы профессоры ғана емес, оны құрушы. Бұл кейін «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасы болып құрылып, оған 1932 жылы Қ.Жұбанов меңгеруші болып тағайындалады. Қазіргі ресми деректерде аталған кафедра алғашында «Лингвистика-педагогика» бөлімі болды деп беріледі. Бұл – ағат. Тарихи фактіге негізделгенде, аталған кафедраның да алғашқы негізін қалаған, тұңғыш меңгерушісі – А.Байтұрсынұлы. Бұған Қазақ университетіне алғашқы студенттерді қабылдау комиссиясының құрамына А.Байтұрсынұлының сайлануы да дәлел.

Университет сабағы 1-қарашада басталған. Қабылданған студенттердің жалпы саны – 116. Оның ішінде қазақ студенттер – 72, орыс студенттері – 38, татар студенттер – 3, еврей студенттер – 2, неміс студенттер – 1. Бұлардың ішінде 80 студент стипендиямен оқыған. Бұл 80 стипендияның 50-і Мәскеуден тағайындалған, 30-ы Қазақстан үкіметі тарапынан берілген. Стипендия мөлшері – 27 сом. «Физика-техника» бөлімінде 37 студент, «Жаратылыстану» бөлімінде 38 студент, «Тіл мен мәдениет» бөлімінде 46 студент оқыған. «Тіл мен мәдениет» бөлімі екі тармаққа бөлінген. Бірі – қазақ тобы, екіншісі – орыс тобы. Қазақ тобында 24 студент, орыс тобында 22 студент оқыған. Осы «Қазақ тілі мен әдебиеті» бөлімінде прфессор А.Байтұрсынұлы, «Орыс тілі мен әдебиеті» бөлімінде профессор Н.Н. Фатов дәріс оқыған. Университет оқытушылары мен студенттері атынан айына екі рет шығатын «Октябрь сәулесі» атты қабырғагазеті болған (Байтақұлы С. «Еңбекші қазақ». 1929 ж., №22 (1351), 2 б.).

Университеттің сабақ тілі туралы біршама талас-тартыстар туындап, университет оқыту құралдары, оқытушылар құрамы, жеткіліксіз болғандықтан, оқу үдерісі орыс тілінде жүргізілген. Университетке түскендердің көпшілігі Институт пен техникомды қазақша бітіргендер болғандықтан, орыс тіліндегі оқу үдерісі олар үшін қиынға соққан.

Тағы бір айта кететіні, кейбір зерттеушілер осы алғашқы жоғары оқу орны Ташкенттегі «Жоғары дәрежелі оқытушылар институтынан» бөлініп шықты деп есептейді. Бұл – ағаттық. Себебі, біріншіден, университет институттан бөлініп шықпайды. Екіншіден, қазақ зиялылары университет құру арманын кезең-кезеңімен жүзеге асырған. Қазақстанда бұрын университет құру тәжірибесі болмағандықтан, жоғарыда аты аталған үш институттың материалдық базасын, тәжірибесін пайдалана отырып, мақсатты түрде, көп жұмыс атқару нәтижесінде Университет арнайы құрылған. Ал оның тұңғыш профессоры – А.Байтұрсынұлы.

А.Байтұрсынұлы Қазақ университетінде (ҚазҰПУ) жалпы 8 ай (01.10.1928-10.06.1929) жұмыс істейді. Осы кезеңде профессор А.Байтұрсынұлының есімімен байланысты Қазақ университеті (ҚазҰПУ) ректорының төмендегідей мазмұндағы бұйрықтары шыққан:

Ректорының 1919 жылы 19 ақпандағы №12/5 бұйрығына сәйкес А.Байтұрсынұлы 1929 жылы 1-наурыздан бастап профессор лауазымымен «Физика-механика» және «Жаратылыстану» бөлімдерінде аптасына 6 сағат қазақ тілінен дәріс оқитыны туралы (ҚР ОМА Р-1142, офис-1, Д-1, 23-п.);

Ректордың 1929 жылы 30 наурыздағы №31/1 бұйрығымен А.Байтұрсынұлы аптасына 3 сағат лекция, 6 сағат практикалық дәріс оқитыны туралы (ҚР ОМА Р-1142, офис-1, Д-1, 28-п.);

Ректордың 1929 жылы сәуірдің 13 күнгі №42/1 бұйрығымен врач Каменсконың медициналық справкасы негізінде ауру себебінен 9-сәуірден бастап еңбек демалысына жіберілгені туралы (ҚР ОМА Р-1142, офис-1, Д-1, 32-п.);

Ректордың 1929 жылы 7 мамырдағы №55/1 бұйрығына сәйкес профессор А.Байтұрсынұлының ауру себебімен кеткен еңбек демалысынан 1-мамырдан бастап жұмысқа оралғаны туралы (ҚР ОМА Р-1142, офис-1, Д-1, 35-п.)

Ал ең соңында, 1929 жылдың 12 маусымда оқытушы А.Байтұрсынұлының 10-маусымнан бастап өз қалауымен жұмыстан кеткені туралы ректордың №74/2 бұйрығы шығады. Орнына дәл осы күннен бастап Басымов Қажым Аманғалиұлы Қазақ тілі пәні бойынша дәріс оқуға тағайындалады (ҚР ОМА Р-1142, офис-1, Д-1, 39-п.). Осымен А.Байтұрсынұлының Қазақтың тұңғыш университетіндегі қызметі аяқталады. Бұлай аяқталудың себебі, дәл осы маусым айында жаламен жазықсыз ұсталып, абақтыға жабылады. Соңынан Архангельскіге, кейін Батыс Сібірге жер аударылады. Одан тек 1934 жылы ғана босап, елге оралады. Осылайша, оның қазақ филологиясының тұңғыш профессоры екені жұртшылық назарына көп ілікпей, тіпті, кейінгі жылдары мүлде айтылмай, ұмыт болып кетеді.

Бүгінге дейін «Қазақ филологиясының тұңғыш профессоры» ретінде танылып келген Қ.Жұбанов ол жылдары Санкт-Петербургте Шығыс тілдері институтында білім алып жүрген. Яғни 1928-1929 жылдары Қазақ университетіне (ҚазҰПУ) жұмысқа тұрмаған. Тек 1930 жылдың күзінде, 1-қазаннан бастап қана 210 рубль айлықпен осы тұңғыш Университтке ғылыми қызметкер ретінде жұмысқа тұрады. Осы жылдары Қ.Жұбановпен қатар, М.Әуезов, С.Сейфулин, Т.Шонанов, С.Аманжоловтар жұмысқа қабылданған. Бұлардың бәрінің де лауазымы сол жылдардағы ресми құжаттарда «доцент» деп көрсетілген (11,12-суретке қараңыз) (ҚР ОМА Р-1492, офис-1, Д-12a, 26-п.; ҚР ОМА Р-1142, офис-1, Д-18, 22-п.) Демек, Қ.Жұбанов 1932 жылы «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының меңгерушісі болып тағайындалғаннан кейін ғана, А.Байтұрсынұлынан 4-5 жыл кейін, «профессор» атағын алған. Сондай-ақ құрылу тарихынан бастап алғанда, Кафедраның да тұңғыш меңгерушісі – Қ.Жұбанов емес, А.Байтұрсынұлы.

Біз бұл арқылы біртуар ғалым Қ.Жұбановтың тұлғасын төмендетпек емеспіз. Қай ғалымның болса да, тұлғасы тарихи шындықпен, ел үшін еткен адал еңбегімен биіктейді. А.Байтұрсынұлы мен Қ.Жұбановтың қазақ тіл білімі үшін сіңірген еңбегі орасан. Олардың тұлғасы ешқашан аласармайды, ізі өйпейді. Біз тек салмақты, жауапты ғылыми мәтіндерде бұл тарихи лауазым жаңсақтыққа ұрынбай, төл иесінің есімімен байланысты аталуын тілейміз. Сонымен қазақтың тұңғыш профессоры – А.Байтұрсынұлы.

Ермұхамет МАРАЛБЕК,

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғылыми қызметкері,

PhD доктор