Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»
Қазақ баспасөзінің қастерлі қарашаңырағы, бас басылымның отыз мыңыншы санының тәу етер тәуелсіздігіміздің 30 жылдығымен тұспа-тұс келуін сәтті сәйкестік деп қабылдадық. Әрбір он мыңыншы санында бір дәуір алмасып, тотыдай түрленген заманның түр-түсі өзгерді. Айтуға жеңіл болғанымен, бұл – ғасырдан да ұзақ жол. Әрине, оқырманның талғамы мен уақыттың талабы үдесінен үздіксіз шығып отыру оңай шаруа емес. Елді елеңдеткен толғақты түйткілдер мен өткір, өзекті мәселелерді, салиқалы, салмақты дүниелерді қасиетті қалам арқылы көтеріп, мәңгілік жазба етуге тырысып жүрген ақпараттың ақмылтық майталмандарының маңдай тері.
Ел басына төнген зар заманның да, сәулесін шашып, нұрын төккен арайлы шақтардың да қайталанбас қағидаларын қалпын бұзбай оқырманына жеткізген басылым беттерінде заманның заңғары атанған ұлы тұлғалардың өшпес қолтаңбалары, уақыт ағымындағы орын алған оқиғалар, ізгілік пен ілтипаттың көрінісін кестелейтін көркем дүниелер тоғысып, жаңғырығы бүгінгі ұрпақтың құлағына жетіп, санасына орнықты.
Ата басылымның алғашқы саны Орынборда «Қазақ» газетінің баспаханасында жарық көргенде жаттың қабағына жаутаңдаған жұрттың сүйіспеншілігі ерекше болды. Одан кейін «Еңбекші қазақ» атанып тұрған тұста 1927 жылы мыңыншы нөмірі араб қарпімен шығыпты. Құтты шаңырағына Алаш арыстарын топтастырған газеттің ол кезеңі халыққа қазақ атауын қайтарып берумен мәңгі есте қалды. Басшылары мен қалам ұстаған қызметкерлері қызыл қырғынның, сталиндік солақай саясаттың құрбаны болған басылымның он мыңыншы саны соғыстан кейінгі жылымық жылдарға, ұлттық әдебиет пен мәдениет қайта гүлдеп, ел рухы бір тыныс алған кезге тура келіпті. Осылайша, 1956 жылы 13 мамырда «Социалистік Қазақстан» жаңа санын оқырманға ұсынды.
Жиырма мыңыншы саны кешегі кеңес өкіметінің іргесі сөгілер тұста, арайлы азаттықтың қарсаңында халыққа жол тартты. Егемендік пен еркіндікті елге сүйіншілеген, «Азаттық, теңдік» ұранымен шыға бастаған газеттің атауы да, мазмұны да өзгерді. Бодандық қамытын шешіп, бостандыққа қадам жасады. Жайнақ туындылармен қуантып, ұлы оқиғаларын, өз қоғамының ащысы мен тұщысын, сыны мен сымбатын, шыны мен шырғалаңын таспалады. Елдікті еңселі еткен ерен еңбектің жаршысына айналды. Тәуелсіздікті тұғырлы еткен тәуекелмен Арқа төріне бет түзеп, бостан елдің басалқы сөзіне, бәтуалы байламына, бас басылымына баланды. Сондықтан болса керек, ұлы жеңістер мен жетістіктерді шежіре етіп қаттап, айрықша бедерлеп келе жатқан басылымға құрмет азайған емес. Елбасының: «Жаңалықты жұртшылыққа жедел əрі шынайы түрде жеткізіп, егемен еліміздің мемлекеттік саясатын қалың оқырман арасында байыпты насихаттап, ел шежіресін қағазға хаттаған байырғы басылымның беделі əрдайым биік» деп жазып, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Егемен Қазақстан» əуел бастан ұлттық мүддені, елдік мұратты жəне рухани құндылықтарымызды дəріптеп, қазақ баспасөзінің қарашаңырағына айналды» деп жоғары бағасын беруі – соның жарқын айғағы.
Енді еркіндіктің самалы ескеніне 30 жыл толған шақта 30000-ыншы нөмірін оқырманға ұсынып отырған байырғы басылым жалынды жастармен жаңарып, жаңа жүзжылдыққа қадам басты. Санның сиқырына сенген ырымшыл халықпыз ғой, бұл ордалы санның 21 жылдың 21 нөміріне сәйкес келгенін де жақсылыққа балап отырмыз. Өйткені ғасыр еңсеріп, елмен егіз жасаған «Егемен» биыл іріленіп, іргесі кеңіп, басқа басылымдарды бауырына басып, қанатының астына алмақ. Оқырманы көбейіп, ауқымы арта түскен басылым үшін бұл да бір бағынған белес болары анық.
Отыз демекші, биыл отыз үш жылдан бері мызғымай тұрған көрсеткіш жаңарып, бір жылда туған балалардың саны жөнінен рекорд жаңарды. Бұл тарихи оқиға. Биылғы санақта да халқымыздың саны өсіп, соның ішінде қазақтардың қатары 80 пайызға жетеді деген үкілі үміт бар. Бұл алдымен қазақ оқырманы көбейеді деген сөз. Ойлы оқырмандары артқан сайын әлі талай ордалы отыз мыңдықты артқа тастарымыз сөзсіз.