Жиырма жыл бұрын
Тек Атыраудың ғана емес, жалпы батыс өңірдің археологиялық картасын жасау алғаш рет 1989 жылы қолға алыныпты. Сол кезден бері Ә.Марғұлан атындағы археология институтының Батыс Қазақстан аймақтық ғылыми экспедициясы жүйелі жұмысты бастады. Белгілі археолог Зейнолла Самашев жетекшілік еткен экспедиция алдымен Сарайшық қаласының орнында қазба жұмысын жүргізуді ниет еткенмен, өзге де қорымдар мен мекендерді де тіркеуді көзден таса қылмады. Соның қатарында Аралтөбе қорымы да бар еді.
Бұл – Жылыой ауданының солтүстік шығысында орналасқан мекен. Экспедиция мүшелерінің анықтауына қарағанда, мұнда диаметрі 20 метрге жуық дөңгелек пішінді қорымда 12 бөлік болған. Дәл осы қорымда 1999 жылы үш зират қазылды. Нақты қай жылы тоналғаны белгісіз алғашқысынан адамдардың қаңқалары мен жебе ұштары, шыны моншақтар табылған еді. Археологтар жартылай тоналған тағы бір қорымнан шалқасынан жатқан адам мүрдесінің жанынан бірнеше құнды жәдігерді тапты. Бұл – 100-ден астам жебе салынған қорамсақ, темір қылыш пен бүйірлі қыш құмыра.
Археологтар үшінші зиратты қазу кезінде тосын сыйға кездесті деуге болады. Өйткені бұл зиратта сармат дәуіріндегі ерлі-зайыпты адамдар жерленген екен. Олардың аяқ жағында екі жылқы мен қыранға ұқсас құстың қаңқасы табылған. Рас, бұл зират та тоналыпты. Бірақ отағасының киімі алтын әшекеймен безендірілгені анықталды. Тіпті шашын желке тұсына түйген байламшасы, қару-жарақ, қорамсақ жиегі, сондай-ақ асатаяғындағы самұрық бейнесі алтынмен апталыпты.
Экспедиция жетекшісі Зейнолла Самашевтің пікірінше, бұл – абыздығымен танылған тайпа көсемі. Ал жанында жатқан жәдігерлер оның аңға құс салып, ит жүгірткен саяткер-аңшы болғанына бұлтартпас дәлел.
Аралтөбе қорымынан табылған «Алтын адам» – Қазақстан тарихындағы екінші «Алтын адам». Сармат көсемінің бейнесі 2000 жылы ғылыми негізде жүйеленіп, қалпына келтірілді. Оны қалпына келтіруші – Қырым Алтынбеков.
Жиырма жылдан кейін
Атырауда арада жиырма жыл өткенде, яғни былтыр тағы бір «Алтын адам» бейнесінің реконструкциядан өткен нұсқасы таныстырылды. Кездейсоқтық па, әлде тарихи сабақтастық па, жиырма жылдан кейін сармат дәуіріндегі «Алтын әйел» ел тарихына енді. Десек те бұл жолғы жәдігер ғасырлар бойы Қызылқоға ауданындағы Миялы қорғанының тереңінде ашылмай жатқан екен. Тарихшылар мұнда құпиясы әлі толық зерттелмеген бір емес, бірнеше қорған барын алға тартады. Енді міне, 2017 жылы қазылған қорғаннан ең құнды жәдігер ел шежіресіне жазылды. Ал былтыр облыстық тарихи-өлкетану музейінің археологиялық қазба тобы оның алтын киімді әйел екенін дәлелдеді.
– Алғашқы зерттеулер барысында қорғанда сармат дәуіріндегі дәулетті әйел жерленген деп топшыланды. Өйткені қорғаннан алтын жапсырмалар, керамикалық ыдыстар, қола мен металдан жасалған жебе ұштары, ат әбзелдері, қабанның азу тісі, ыдыстардың аңдар фигурасы түріндегі құлағы секілді көне бұйымдар табылған болатын. Алтын әшекейлер ауқатты қауымның өкілі саналған әйелге тиесілі екені дәлелденді, – дейді облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Рашида Харипова.
Музей қызметкерлері көне жәдігерлерді Алматыдағы ұлттық сараптама және сертификаттау орталығына жіберді. Мұнда «Алтын әйелдің» жасына, сондай-ақ әшекейлердің химиялық құрамына зерттеу жүргізілді.
– Құнды жәдігерлердің құрамы мен салмағы анықталды. Кейбір әшекейдің алтыннан жасалғаны 91 пайызға дәлелденді. Зертханалық зерттеулерден кейін құнды жәдігерлер біздің заманымызға дейінгі ІV ғасырда өмір сүрген әйелдің бұйымдары дей аламыз, – дейді Рашида Харипова.
Миялы қорғандарына археологиялық қазба жүргізген топтың жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты Марат Қасеновтің айтуына қарағанда, «Алтын әйелдің» сармат дәуірінде өмір сүргені анықталып отыр. Қорғаннан 2017 жылы сармат дәуіріндегі әйелдің киіміне өрнектелген екі түрлі алтын жапсырмалары табылды. Оның бірі таяқшаның үстіне сұрақ белгісі түрінде өрнектелген. Биіктігі – 1,3 см, ені – 0,8 см. Көлденең таяқшаның ұзындығы – 1,1 см. Салмағы 0,11 грамдық жапсырмада 73 пайыз алтын бар. Ал екіншісі – құс бейнелі жапсырмалар. Мұнда құстың басы, қанаты мен құйрығы анық көрінеді. Оның әрқайсысында төрт саңылау жасалған. Мұны киімнің жағасына, жеңіне жапсырған болуы мүмкін. Жапсырмалардағы 70 пайыз алтынның салмағы 0,38 грамды құрайды, – дейді Марат Қасенов.
Оның айтуынша, қорымнан табылған белдік жапсырмалары, қола қазан, қыш ыдыстар, ат әбзелдері мен қола жебе ұштарының маңызы зор. Сармат дәуіріндегі «Алтын әйел» бейнесін белгілі суретші-реставратор Қырым Алтынбеков жасады.
– Сол дәуірдегі көшпенділер мәдениетіне сәйкес «Алтын әйелдің» жанында қорамсағы болған. Қолында болаттан соғылған қанжары бар. Алтын сырғасына, киіміндегі жапсырмаларға қарағанда, бұл сармат дәуірінің беделді адамы деген тұжырымға тоқтадық. Мұның бәрі сол кездің өзінде Ұлы дала өркениетінің дамығанын білдіреді, – дейді суретші-реставратор Қырым Алтынбеков.
Облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Рашида Харипованың айтуынша, арнайы құрылған археологиялық топ үш қорғанда қазба жұмысын екі ай бойы жүргізіпті. Бұл қорғандар біздің заманымызға дейінгі ІІ ғасыр мен біздің заманымыздың ХІ ғасыры аралығын қамтиды. Қорғанның жоғарғы қабаты Х-ХІ ғасырлардан, төменгі қабаты біздің заманымызға дейінгі ІІ ғасырдағы темір дәуірінен сыр шертеді. Үш қорғанда жүргізілген қазба жұмыстары кезінде 560 түрлі жәдігер табылды. Оның ішінде алтын мен күмістен соғылған әшекей бұйымдар мен ат әбзелдері, қоладан жасалған қару-жарақ, керамикалық құмыралар мен қайшы бар.
Атырау облысы