Осы ұғымның астарында терең мағына тұрғандай. Өйткені, көпэтносты еліміздің ортақ Отаны – Қазақстанның бүгінгі атақ-даңқы, биігі баршаның мерейі екені даусыз. Қоғамдағы ішкі саяси тұрақтылықтың іргетасына негіз болған этносаралық татулық пен келісім әлеуметтік саладағы табыс пен экономиканың өсуіне оң ықпал етіп келеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясаты, байыпты бағыты нәтижесінде елімізде тұрақтылық сақталып, болашаққа нық қадам жасалып келеді. Осы іргелі істерге бұдан 15 жыл бұрын жұмысын бастаған Қазақстан халқы Ассамблеясы өзіндік үлесін қосқаны даусыз.
Жер жәннаты Жетісуда бірлік пен ынтымақтың берік орнығуымен халықтың жағдайы күн санап жақсарып келеді. Жүзден астам этнос өкілдері мекендеген өңірде ұлыс өкілдерінің салт-дәстүрі, тілі мен мәдениетін өркендетуге мейлінше мүмкіндіктер жасалған. Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы бүгіндері 71 этномәдени бірлестіктің жұмысын үйлестіріп отыр. Бұл еліміздегі жақсы көрсеткіш десек, бірлестіктер Талдықорған төріндегі жаңа Достық үйіне қоныстанғаннан бергі кезеңде этностық топтардың шын мәніндегі орталығына айналып, оларды елге сыйлы, көзқарасы қалыптасқан азаматтар басқару үстінде.
Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы өз жұмысын ҚХА-ның өткен жылы болған XV сессиясында Елбасы қойған мақсат-міндеттермен ұштастыра жүргізіп отыр. Ортақ шаңырақта аз уақытта 12 конференция, 17 “дөңгелек үстел”, 11 форум өткізіліп, оларға 30 мыңнан астам адам қамтылды. Жұртты ұйыстыратын мұндай шараларға қаржы қажеттігі де белгілі. Соңғы бес жылда орталықты қаржыландыру еселеп артты. Мәселен, 2005 жылы облыстық Ассамблеяға 5,5 млн. теңге бөлінсе, биыл бұл көрсеткіш 55 млн. теңгеге жетіп отыр.
Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Жолдауына орай өткен мерзімде жекелеген этнос өкілдері тығыз орналасқан аймақтарда ақпараттық-насихаттық топтар құрылып, түсіндіру жұмыстары кеңінен жүргізілуде. Бұл жұмысқа облыстық Ассамблея атынан сайланған депутаттардың қосып жатқан үлесі қомақты. Сонымен бірге, өткен жылы облыстық ішкі саясат департаментімен бірлесіп, қоғамдық пікірді зерттеу мақсатында 4 әлеуметтік сауалдама жүргізілді. Оған 8 мыңнан аса респондент қатысты. Нәтижесінде халықтың басым бөлігі еліміздегі қоғамдық-саяси ахуалға оң көзқарастарын білдірсе, облыс тұрғындары кез келген мәселе бойынша адамдардың ұлтына емес, олардың адами қасиеттеріне көңіл бөлетінін айтқан.
Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы, этномәдени бірлестіктер облыстық, республикалық, халықаралық жобаға қатысуға талпынуда. Мысалы, “Видергебурт” неміс этномәдени бірлестігі әлемдік экологиялық қормен бірлесіп, өлкеміздің экологиялық тазалығы үшін жұмыс жүргізді, яғни Балқаштың ішкі өңіріндегі 200 гектар жерге азайып бара жатқан сексеуіл ағашын отырғызды. Ал, Текелі аймағында табиғаттың биологиялық әртүрлілігін сақтау үшін күрескен бірлестік туризм мен альпинизмді дамытуға да назар аударып келеді. Жастардың “Бірлік” қауымдастығы “Алматы облысындағы экономикалық және қаржы жүйесін тұрақтандыру жұмысын түсіндіру” тақырыбы бойынша, ал корей этномәдени бірлестігі “Этносаралық және конфессияаралық түсіністікті қалыптастыруды ұйымдастыру” тақырыбы бойынша мемлекеттік тапсырыстардың жеңімпазы болды. Олар осы бағытта тұрғындармен көптеген жұмыстарды бірлесе атқарып келеді.
Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы – ұлттық салт-дәстүріміз бен тілімізге деген берік көзқарасты әрдайым басты мәселе ретінде қарастырып келеді. Халқымыз “Тіл – буынсыз, ой түпсіз” деген ғой. Сол түпсіз ойды қорытсақ, ана тіліміздің келешегіне өзіміз қамқор болып, ауқымын кеңейтсек, нұр үстіне нұр. Мемлекеттік тілді меңгеру мәселесіне Қазақстан халқы Ассамблеясының қосар үлесі де айтарлықтай. Осы орайда қазақ тілін үйрену орталықтарының жүйесін кеңейтіп, әр ауданда, жоғары оқу орындарында орталықтар ашудың маңыздылығына мән берілуде. Елбасы мемлекеттік тілді меңгеру Үкіметтің қолдауына ғана байланысты емес, жалпы қоғам өкілдерінің белсенділігіне, этномәдени бірлестіктердің бастамашылдығына да байланысты деген болатын. Бұл жерде облыстық орыс этномәдени бірлестігі жұмысын ерекше атап өтуге болады. Бүгінде 9 мемлекеттік тілді меңгеру орталығы құрылса, 3-еуі Александр Бузыкиннің қаржылай көмегінің арқасында Көксу ауданында жұмыс істеп жатыр.
Конфессияаралық түсіністікті қалыптастыруда Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы мен орыс православие шіркеуінің және еліміздегі өзге де діни орталықтардың алатын орны ерекше. Жұмыс барысында бұл мәселеге де барынша көңіл бөлініп, рухани сенім арқылы жетісулықтардың түсіністікте, татулықта тірлік жасауына назар аударылуда. Облыстық Ассамблея жанынан құрылған ақсақалдар алқасы да ортақ іске өзіндік үлесін қосып келеді. Бұл жерде Светлана Зунунованың басшылығымен жұмыс істейтін “Ұлағат” ақсақалдар алқасының қызметін атап айтуға болады. Әсіресе, Алтын Бүркеева, Азиза Надырова, Деонезия Белявская, Мұратхан Егінбаев, Борис Ли, Лидия Лю сияқты аға буын өкілдері өзгелерге үлгі көрсетуде. Облыстық Ассамблея ұрпақ сабақтастығын қалыптастырып, қоғамдық ұйымдар мен жергілікті биліктің бірлесе жұмыс жасауына үлес қосуы тиіс деп ойлаймыз. Өткен жылы “Ауылым – алтын бесігім” атты облыстық форум өткізіліп, ауыл әкімдері, учаскелік инспекторлар, қоғамдық бірлестіктердің басшылары ортақ келісімге келе отырып, ынтымақ пен бірлікті қалыптастыру бағытында атқарған шараларын ортаға салған еді. Форум қорытындысы бойынша Іле ауданының КазЦик ауылдық округі жеңімпаз деп танылып, бас бәйгеге ие болды. Осы форум аясында елімізге белгілі саясаттанушылар Е.Алияров, Н.Ерімбетов, С.Борбасовтың қатысуымен “Қазақстан халқы Ассамблеясының аймақтық этномәдени бірлестіктермен өзара әрекетінің тиімділігін көтеру” тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Әрине, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмыстарын толық айтып шығу мүмкін емес. Мәжілістер мен форумдар, фестивальдар өлкеміздегі татулық пен бірліктің қалыптасуына өз үлесін қосқаны анық. Бастысы – халқымыз татулық, келісім ахуалында өмір сүріп, мемлекетіміздің ертеңіне деген сенімдерінің беріктігімен ерекшеленуде.
Облыстық Ассамблея халық бірлігін, этносаралық келісімді сақтау, өсіп келе жатқан ұрпақ бойында қазақстандық патриотизм идеяларын қалыптастыру үшін қызмет етіп, ежелгі қазақ жерінде қоныс тепкен барлық этностардың мүддесін көздейді. Сондай-ақ мемлекет құраушы ұлт – қазақтардың ерлікке толы өткені мен бүгіні төңірегінде ой қорытып, әрдайым еліміздің іргесі тыныш, шаңырағы биік болуы жолында тер төгіп келеді.
Ғабит ТҰРСЫНБАЙ, Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі.
Алматы облысы.