Медицина • 04 Ақпан, 2021

Бір үміт, бір күдік

250 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Індеттен құтылу үшін екпе алу қажет. Сондықтан жаппай вакциналау жүргізіле бастады. Денсаулық сақтау министрлігі екпені алмағандарға шектеу жасалмайтынын мәлімдеді. Бірақ алдағы уақытта вакцина алмаған адамдарды басқа елдерге кіргізбеуі мүмкін. Ал вакцинаны алғандардың есебін тіркейтін электронды құжат жасалса, екіншісін де қашан алатынын бақылай алады.

Бір үміт, бір күдік

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Ерғалы Асылбектің айтуын­ша, жергілікті дәрігерлер вакцина алуды бастап кетті. Ресейден жет­кізіл­ген 1 мың доза тек келісім бер­ген дәр­ігерлерге ғана егілді. Ек­пе ал­­ғандардың мәліметі арнайы тіркеледі.

Бірақ тұрғындардың ойында үміт те, күдік те бар. Бұған әлеуметтік желідегі сансыз хабарламалар, ін­дет­тің таралуына орай айталатын әртүрлі алыпқашпа әңгімелер әсер етуде. Осындай негізсіз ақпараттың алдын алу, халықтың сенімін ор­нықтыру үшін екпені алдымен жер­гілікті басшылар, дәрігерлер алды. Яғни өңірде 170-тен астам меди­цина қызметкеріне індетке қарсы вакцина салынды. 122 дәрігер қалалық емханаларда, ал 49 дәрігер аудандық емханаларда екпе алды.

– Екпе алдында әр пациент міндетті медициналық тексеруден өтті. «Гам-КОВИД-Вак» (Спутник V) препаратының бірінші партиясы өңірге 1 200 доза көлемінде келіп түсті, – дейді бөлім басшысы.

Екпені егу барысы денсаулық сақтау басқармасының Instagram-дағы @depzdrav_pavlodar парақ­шасында көрсетілді. Мысалы, «Almaz Medical Group» ЖШС (бұ­рынғы №2 емхана) екпе кабине­тінде алғашқылардың бірі болып облыс әкімінің орынбасары Айзада Құрманова екпе алды.

– Вакцинаны салдыру алдында дәрігерлер барлық толық ақпаратты берді. Дәрігерлер дене қызуын, қан қысымымды, өкпемді тексеріп, ін­дет жайлы қысқаша сауалдама алып, қарсы әсер болмаған соң егу­­ге рұқсат берді. Вакцинаны өз ер­кім­­мен қабылдап жатырмын. Жаз­баша кел­і­сімімді бердім, – дейді А.Құрманова.

Сондай-ақ облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айдар Сейітқазинов, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» облыстық бөлімшесінің басшысы Нұрлан Қасымов, облыстық сани­тарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Зәмзәгүл Досжанова да 30 минут дәрігердің бақылауында болды. Олар енді 22 ақпан күні екінші кезеңдегі вакцинаны алады. Дәрігерлер екпе алушыларға денсаулығын бақылауға және шектеу шараларын сақтауға кеңес берді. Жалпы, министрліктің бастамасымен екпе алу жөнінде арнайы ақпараттық жүйе құрылған. Әр адамның электронды төлқұжаты бар. Оған екпе алғандардың жеке мәліметі енгізіледі. Осы арқылы тұрғындардың екпені алғаны мен алмағаны белгілі болады.

Облыстың бас санитар дәрігері Ба­тыр­бек Әлиев өңір тұрғын­да­рына тағы да үндеу жасап, эпиде­мия­лық жағдайдың нашарлауына бай­ланысты бірқатар шектеу шаралары қабылданғанын ескертіп, жұртты санитарлық талапты қатаң сақтауға шақырды, сондай-ақ өңірдің әлі де «Қызыл аймақта» екенін еске салды. Қазір өңірде 20 санитарлық бекет орнатылуда. Бекеттен азаматтар тек анықтама арқылы өтеді. Мысалы, Тереңкөл ауданында Песчан, Жаңабет ауылдарында шектеу шаралары енгізілді. Аудан тұрғындары мен қонақтары 1 ақпаннан бастап аталған ауылдарға анықтама арқылы бара алады. Железин ауданында да санитарлық бекет орнатылды. Аудан орталығы мен Башмачное ауылының тұр­ғын­да­ры санитарлық талапты қатаң еске­руі керек. Бұған дейін Ертіс ауданы мен Май ауданына қарасты Көктөбе жә­не Кеңтүбек ауылдары жабылған-ды.

 

Павлодар облысы