Экономика • 05 Ақпан, 2021

Көлеңкедегі қаржы және кедендегі күрес

211 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақстандағы «көлеңкелі экономиканың» деңгейі 23,6 пайызға тең. Енді оны Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдеріндегі деңгейге дейін төмендету міндеті жүктеліп отыр. Яғни оның үлесі ішкі жалпы өнімнің 15-17 пайызынан аспауы керек.

Көлеңкедегі қаржы және кедендегі күрес

 

Мемлекеттік кірістер комитетінің басшысы Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, 2019-2021 жылдары қолға алынған шаралардың нәтижесінде «кө­лең­­келі экономиканың» деңгейі 27 па­йыз­дан 23,6 пайызға төмендеді.

– Біз тауарларды бақылаудың ұлттық жүйесін құрдық. «Электронды шот-фактура» және «Астана-1» ақпа­рат­тық жүйелері енгізілді. Салық­тық дек­ла­рациялардың 99 пайызы, кеден­дік декларациялардың 100 пайызы қа­шық­тан ұсынылуда. «Е-терезе» ақпа­рат­тық жүйесі рұқсат құжаттарын бере­тін 13 ақпараттық жүйені біріктіріп отыр. Қызмет көрсету уақыты 30 күннен бес күнге дейін қысқарды. Осының бәрі «көлеңкелі экономиканың» үлесін тө­мен­дету үшін жасалған қадамдар, – деді Марат Сұлтанғазиев Орталық ком­му­никациялар қызметінде өткен бри­финг­те.

Комитет басшысының пікірінше, «Электронды шот-фактура» жүйесінің тиімділігі ерекше байқалған. Оған 505 мың пайдаланушы тіркелген және 558 млн-нан астам электронды шот-фактура өңделген. Сонымен қатар жекелеген тауарлар бойынша «Виртуалды қойма» модулі енгізілді. Бұл арқылы қоймадағы тауарлардың есебін онлайн режімде бақылап отыруға болады. Бұдан бөлек контрагенттермен жасалған мәмілелерді де қадағалауға мүмкіндік бар.

2020 жылы бюджетке қосымша 149 млрд теңге түсім түскен. Бұған тәуекел­дер­ді басқару жүйесін қолданудың нәтижесінде қол жеткізілген. Жалпы, тәуекелдердің 86 түрлі моделі құрылып, 12 млрд-тан астам цифрлы құжат өң­делген. Қосымша 320 млрд теңге қамта­масыз етіліпті.

Сондай-ақ Мемлекеттік кірістер ко­митеті капиталды шетелге шығаруға қар­сы кешенді жұмыс жүргізуде. Оның ішінде сыртта оффшорлық шоты бар қазақс­тандықтарға қарсы күрес қар­қын алды. Бұл Экономикалық ын­ты­­мақтастық және даму ұйымымен электронды мәліметтер алмасу шең­бе­рінде қол қойылған көпжақты конвен­ция­ның жемісі. Биыл ЭЫДҰ-мен 100-ден астам юрисдикциясы бар Қазақстан аза­маттарының қаржылық шоттары бо­­йынша ақпарат алмасу басталмақ. Бү­гінде аталған байланыс каналдарын сынақтан өткізу жүріп жатыр.

– Сондай-ақ банктермен де бірлесе жұмыс істеуге көштік. Біз шетелден ақша алған 164 жеке тұлға туралы ақпаратқа қол жеткіздік. Олар Қазақстанға 45 млрд теңге ақша аударған. Олардан 68 млн теңге салық өндірілді, – деп нақтылады комитет басшысы.

«Көлеңкелі экономиканың» көрі­ніс­тері кедендік пункттерде жиі байқа­ла­тыны белгілі. Сондықтан бұл жаққа да ерекше назар аударылған. Мәселен, Қытаймен арадағы кедендік статистикада алшақтық көп.

Алдын ала мәліметтер бойынша 2020 жылы Қазақстанның Қытаймен ара­дағы кедендік статистикасындағы ал­шақтық 5,3 млрд долларды құраған. Жалпы, Қытайға қатысты дәл осындай мәселемен басқа мемлекеттер де бетпе-бет келіп отыр. Мәселен, 2019 жылы Қытай мен АҚШ арасындағы алшақтық 54 млрд долларды, ал Қытай мен Германия арасындағы дәлсіздік 45 млрд долларды құраған.

– Қытай Халық Республикасымен жыл сайынғы бірлескен салыстырулардың нәтижесі бойынша сәйкессіздіктердің құ­рылымы анықталды. Алшақтық со­ма­­сының 53 пайызы Қазақстан арқы­лы өткізілетін қытай тауарларының тран­зитіне тиесілі. Бұл тауарлар ҚХР ста­тистикасында бірінші шекараны кесіп өту белгісі бойынша Қазақстанға ба­ғыт­талған экспорт ретінде көрсетіледі. Бұл жағдай Қытайдың хаттамаларымен және Ресей мен Беларусьтің кері ста­тис­­тикасымен расталады. Сондай-ақ «Қорғас» арқылы өткізілетін тауарлар және пошта сәлемдемелері де Қытай статистикасында Қазақстанға бағытталған экспорт ретінде көрсетіледі. Ал елімізде мұндай тауарлар декларациясыз оңай­ла­тылған тәртіппен ресімделеді. Бұл дегеніміз – алшақтықтың 20 пайызы. Алшақтықтың 27 пайызы немесе шамамен 1,5 млрд АҚШ доллары қазақ­стан­дық импорттаушылардың ке­дендік құнды төмендетуіне байланысты орын алады, – деді Марат Сұлтанғазиев.

Осы орайда Қазақстан алшақтықты азайту мақсатында алғаш рет Қытай Халық Республикасымен тауарларға арналған экспорттық декларациялардағы мәліметтерді онлайн режімде алмасуды бастады. Сәйкестендірудің үлес салмағы әзірше 25 пайызды құрайды. Техникалық және әдіснамалық мәселелерді офлайн форматта пысықтау қажеттілігіне байланысты салыстыру тетігін жетілдіру бо­­йынша қиындықтар туындап отыр.

Қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде Қытаймен арадағы кедендік статистиканың алшақтығы 2017 жылғы көрсеткіштен (60 пайыз немесе 7 млрд доллар) 2019 жылы 48 пайызға (6 млрд долларға) дейін қысқарды. Биыл шамамен 45 пайызға немесе 5,3 млрд долларға кемуге тиіс.

– Күн сайын Қытайдан әкелінетін тауарлардың кедендік баж индексінің бел­гіленген шектерін, тәуекелдің құн­дық индикаторларын сақтау бойынша бақылау жүргізіледі. 2020 жылы 44 920 декларацияланған тауардың ке­ден­дік құны түзетілді және мемлекет бюд­жетіне қосымша 17,1 млрд теңге өндірілді, – деді комитет басшысы.