Қоғам • 05 Ақпан, 2021

Көлік салығын төлеудің ең оңай 10 тәсілі

2994 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елімізде 2020 жылдың көлік салығын төлеу мерзімі жақындап қалды. Өткен жылы Мемлекеттік кірістер комитетіне қарасты Байланыс орталығымен салық төлеушілердің 670 мыңнан астам өтініші қаралып, оның 91%-ы операторлардың жауабын «өте жақсы» деп бағалаған. Осы орайда автокөлік иелеріне көлік салығын төлеуде қандай тиімді ұсыныстар барын анықтап көрелік.

Көлік салығын төлеудің ең оңай 10 тәсілі

Автокөлік иелері салық берешегінің болмауы (болуы) туралы ақпаратты Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің kgd.gov.kz порталаның «Электрондық қызметтер» бөлімінен немесе E-SalyqAzamat мобильді қосымшасынан (AppStore және PlayMarket) көруге болады. Яки Мемлекеттік кірістер комитетінде 1414 нөміріне қоңырау шалып, қосымша нөмірі «4»-ті басып, Байланыс орталығына хабарласуға мүмкіндік бар.

Осы жылдан бастап енгізілген өзгерістерге сәйкес жеке тұлғалардың 2020 жылға арналған көлік салығын 2021 жылдың 1 сәуірінен кешіктірмей төлеуі керек. Бірақ көлік салығын төлеу есепті жылдан кейінгі жылдың 1 сәуіріне ауыстырылуына байланысты азаматтар арасында салық көлемі өседі деген түсініспеушілік туған. Бұл жағдайда көлік салығының сомасын есептеу кезінде 2020 жылғы 1 қаңтардағы айлық есептік көрсеткіштің мөлшері ескеріледі. Оған қоса, өсімпұлдарды есептеу алгоритмі де қайта қаралып жатыр. Еске сала кетейік, аталған мерзімде АЕК 2 651 теңгені құрайды. Яғни салық осы көрсеткішпен есептеледі. 2021 жылға арналған көлік салығын белгіленген уақытта төлеген кезде 2021 жылдың 1 қаңтарындағы АЕК қолданылады. Демек, 2020 жыл үшін көлік салығы өспейді.

Енді автокөлік иелері үйден шықпай-ақ салықты оңтайлы жүйемен төлей алады. Ол үшін Комитеттің www.kgd.gov.kz порталындағы калькуляторды ашып, онда салық кезеңін, көлік құралының түрін және қозғалтқыш көлемін көрсетсе болды. Электронды сервис тиісті салықты өзі есептеп береді. Калькулятор порталдың негізгі экранындағы «Электронды сервистер» бөлімінде орналасқандықтан, ол жылдам табылады.

Өз шешімін күтіп тұрған мәселелер жетерлік. Мәселен, кей азаматтардың көлігі болмаса да, оларға салық мөлшермесі жіберілген. Егер автокөлік болмаған жағдайда, тұрғылықты жері бойынша Мемлекеттік кірістер департаментіне меншік құқығында көлік құралының жоқтығы туралы уәкілетті мемлекеттік органнан анықтама ұсыну қажет. Себебі көлікке салынатын салық уәкілетті мемлекеттік органның ақпараты негізінде есептеледі. Сонымен қатар көлік салығын БСК коды – 104402 және СТК коды – 911 немесе 912 коды арқылы төленеді.

Бұдан өзге, салық мөлшерлемесі АЕК мөлшеріне және көлік құралының қозғалтқышының сыйымдылығына байланысты, сәйкесінше жыл сайын АЕК өсуімен бірге салық сомасы өседі.

Мүгедектің жеке меншігінде қозғалтқыш сыйымдылығы 4000 текше см-ге дейінгі автокөлігі болса да, көлік салығынан босатылмайды. Өйткені, көлік құралдарына салықтан босату тек бір ғана көлік құралы үшін қарастырылған. Егер қозғалтқышының сыйымдылығы 4000 текше сантиметрден жоғары жеңіл автокөлік 2013 жылдың 31 желтоқсанына дейін уәкілетті мемлекеттік органда тіркелсе және сол тіркелген уақыттан бастап көлік құралының иесі өзгермесе, онда көлік құралының иесі салық төлеуден босатылады.

Ендігі жайт ұрланған көлік үшін салық төлеу керек пе? Мұнда еш шығындалудың қажеті жоқ. Неге десеңіз, көлік құралын ұрлау бойынша қылмыстық іс қозғау фактісін  растайтын ақпарат − ұрланған көлікке салынған салықтан босатуға негіз болып табылады. Сондай-ақ көлік құралын ұрлау туралы қылмыстық іс қозғалған күннен бастап салықты есептеу тоқтатылады, және қылмыстық іс тоқтатылған немесе кері қайтарылған күннен бастап салық қайта есептеледі. Осылайша, егер уәкілетті мемлекеттік органда көлік құралын ұрлау туралы қылмыстық іс қозғалмаса, салық органының көлік салығын есептеуді тоқтатуға еш негізі жоқ.