Экономика • 08 Ақпан, 2021

Өрісі тарылған жайылым – ауыл шаруашылығына қолбайлау

1160 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл соңына дейін пайдаланылмай жатқан жайылымдарды мемлекет иелігіне қайтару туралы тапсырмасы қоғамдық пікірді тағы да бір толқытып жіберді. Өйткені көптің көкейіндегі мәселе осы. Төрт түлігімен күн көрген ауылдағы ағайынға жайылым жетпейді. Мал жаятын өрістің көбі жекенің қолына өтіп кеткен.

Өрісі тарылған жайылым – ауыл шаруашылығына қолбайлау

«Жайылымдардың 99 пайызы шаруа қожалықтардың иелігінде. Оның 36 пайызында ғана мал жайылады. Қалған 46 млн гектар жайылым жер бос жатыр. Үкіметке Бас прокуратурамен бірлесіп, биыл жылдың соңына дейін осындай жайылымдарды қайтаруды тапсырамын», деді Мемлекет басшысы.

Мұның алдында Президент газетімізде жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында әрбір қазақстандықты алаңдататын мәселелерге тоқталған. Елдің біртұтастығы жайында баяндай келе, еліміздің жері ешкімге сатылмайтынын, шетелдіктердің меншігіне берілмейтінін айтқан. Сондай-ақ биыл жер мәселесі жөніндегі комиссия құрылып, ауыл шаруашылығына арналған жерлерді тиімді пайдалану туралы нақты бір байлам жасалатынын жеткізген.

Естеріңізде болса, бұл мәселе 2019 жылдың желтоқсан айында да көтерілген еді. Сол кездегі Мәжіліс депутаты Жексенбай Дүйсебаев «Жайылымдар туралы» заңда айтылған мәслелер тек қағаз жүзінде ғана қалып отырғанын айтып, Үкімет басшысына сауал жолдаған. Депутатқа берген жауабында Премьер-Министр Асқар Мамин арнайы жүргізілген талдаудың нәтижесі республикадағы жекелеген ауылдық елді мекендерде, әсіресе оңтүстік өңірлерде жайылым жердің тапшылығын көрсеткенін, осыған байланысты «Жайылымдар туралы» заң шеңберінде ауыл-аймақтардың жайылым жерін қайтадан бөлу қарастырылып отырғанын атап өткен. Сондықтан Мемлекет басшысы жайылым мәселесін тектен-текке қозғамаса керек.

2015 жылдың 2 қарашасында еліміздің Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізілгені белгілі. Құжаттың 24-бабына сәйкес, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді шетелдіктерге жалға беру мерзімі 10 жылдан 25 жылға дейін ұзартылды.

Есесіне, осы уақытқа дейін жер телімін 49 жылға дейін жалға алып, шаруасын дөңгелетіп отырған отандастарымыздың құқы шектелді. 2016 жылдың наурыз айында сол кездегі Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев сол жылдың 1 шілдесінен бастап, ауыл шаруашылығы мақсатындағы 1,7 млн гектар жер аукцион арқылы сатылымға шығатынын мәлімдеді. Бұл мәлімдеме халықтың наразылығын туғызып, бірнеше қалада жаппай қарсылық шаралары өтті. Елдің наразылығынан кейін жерге байланысты 14 маңызды шешім қабылданды. Онда жалға беретін телімдердің шекті көлемі анықталып, жерді пайдалану тәсілдері мен оны тиімсіз пайдаланған жағдайда мемлекетке қайтару туралы ұсыныстар енгізілді.

Осылайша, қазақстандықтарға жерді 49 жылға дейін жалға беру нормасы сақталып қалды, «Жайылым туралы», «Жердің құнарлылығын арттыру туралы» құжаттар әзірленді.
Мәжіліс депутаты Айдос Сарым жайылымдық жер мәселесі жерге қатысты қордаланып қалған мәселенің бір бөлігі ғана екенін айтады. Оның пікірінше, жер саласындағы соңғы бес жылда жеткен ең үлкен жетістігіміз – жеріміздің шетелдіктерге жалға берілмейтіні және сатылмайтыны. «Жерге қатысты мәселеге келгенде алдымен 2016 жылы шығарған шешімдерді қайта қарап, ой елегінен өткізіп алуымыз керек. Сол кездегі комиссияның құзыреті жетпеген жайттарды күн тәртібіне қайта шығаратын сәт келді, соларды шешіп алсақ, жер дауын біраз тарқатқан болар едік», дейді Айдос Сарым.

Депутат 1990 жылдардың аласапыранын пайдаланып, жерге иелік етіп кеткен адамдардың аты-жөнін де халық білуі керектігін алға тартты. «Қазақстанда жерге қатысты ақпараттар құпия болмауы керек. Қазір ақпараттың заманы. Сондықтан қолында барда қонышынан басқандардың есімін анықтау қиындық туғызбайды деп ойлаймын. Қарамағында 500 гектар жері бар тұлғалар кімдер екенін ел білуі тиіс. Жердің қандай шарттармен жалға берілгені де сол кезде айқындалып қалар еді», дейді депутат.

Белгілі қоғам қайраткері, экономист Қуаныш Айтаханов та Үкімет 2016 жылы жерге байланысты енгізілген ұсыныстарды қайта қарап, нақты шешім қабылдау қажеттігін айтты. «Кезінде жер телімдері қалай жекенің қолына өтіп кетті? Олар телімдерді қандай мақсатқа пайдаланды? Осы мәселелер көлденең қойылуы керек. Егер жер орынсыз беріліп, мақсатсыз пайдаланылған болса, онда телімдер мемлекет меншігіне қайтарылуы тиіс».

Экономист 1993 жылы қабылданған Жер кодексіндегі жер қоры туралы тармақты да ерекше қаперде ұстау керектігін жеткізді. «Әсілінде осы тармаққа сай әрбір облыста, әрбір ауданда ашылған жер қорына мемлекет иелігіндегі жердің 40 пайызы берілуі керек еді. Үкімет пайдаланбай жатқан жер телімдерін осы қордың қарамағына өткізіп, жұмысын жаңғырту керек. Мұндай қадам жерге қатысты сенімсіздікті аз да болса сейілтер еді», дейді ол.

Қ.Айтахановтың сөзінше, 2016 жылы комиссия жеке тұлғаларға берілетін жер көлемін нақтылап, Үкіметке ұсынған. Бірақ сол кездегі Үкімет қандай шешім шығарғаны елге белгісіз. «Осы ретте жерді жалға аламын деген азаматтар мен жер қоры және аудан басшылары арасында келісімшарт түзілуі тиіс. Бұл шартта жер қандай мақсатқа игерілетіні нақтыланып, тараптардың міндеттемелері айқындалуы керек. Егер құжаттағы міндеттер орындалмаса, онда жер кері мемлекетке қайтарылатындай еткен абзал», дейді Қ. Айтаханов.

Экономист-сарапшының айтуынша, оңтүстіктегі ағайынды солтүстікке қоныстандыру мәселесін де жер арқылы шешуге болады. Ол үшін солтүстікке қоныс аударуға ниет еткендерге Үкімет уәде берген қосымша қаржымен қоса, бірнеше жүздеген гектар жер де жалға берілгені дұрыс. Сонда босап қалған аймаққа ел қондырсақ деген арман-жоспар орындалады. Бұл үшін жобаны мемлекеттік бағдарлама деңгейінде қарастыру керек.

– Қазақ жерді игере алмайды деген бос сөз. Жерді сауықтырып, оны жөнімен пайдалана алатын азаматтарға жалға беру керек. Біз осы арқылы азық-түлік проблемасын да шеше аламыз, – дейді Қ.Айтаханов.
2003 жылы қабылданған Жер кодексі авторларының бірі болған Тоқтар Есіркепов бұл құжаттың бұрынғы заңдарға қарағанда ең басты айырмашылығы – мемлекет ауыл шаруашылығы жерлеріне тауар, жекеменшік нысаны ретінде танып, сатуға шығарғанын айтып берді. Жердің сатуға шығарылған себебі былайша түсіндіріледі: «90 млн гектардан астам ауыл шаруашылығы жері дұрыс пайдаланылмай жатыр. Жерді тиімді пайдаланудың бір ғана жолы бар, ол – жекеменшікке беру, жердің нақты иесі болмай, жердің құнарын ешкім арттырмайды. Оны өз меншігіндей қарамайды...».

– Әлемдік тәжірибеге қарасақ, жер мәселесі әр елде әртүрлі шешілген. Телімнің жарты бөлігі жекеменшіктің қолына өтсе, бір бөлігі – мемлекеттің меншігінде. Сондықтан «тек қана жеке меншік құтқарады, одан басқа жол жоқ» деген қағидат дұрыс емес, – дейді Т.Есіркепов.

Экономистер жер реформасы басталғалы бері жер құқығы өзгеріп отырғанын айтады. Айталық, 1990 жылдардың бас кезінде жерді иеленіп алғандар жер үлесін соңына мұрагерлікке қалдыра алатын. Ал 1995 жылы жарияланған жарлықтарда «жерді тұрақты пайдалану» деген баптар пайда болды.

– Осыған орай шыққан Үкімет қаулысында «Жер жекеменшікке кетпейді, тек пайдалану құқығымен сатып алуға болады» делінген. Ал жерді тұрақты пайдалану құқығымен сатып алғандар 2003 жылы қабылданған Кодекс бойынша жерді заңдастырып алды, – дейді Тоқтар Есіркепов.

Сол кездегі Үкімет басшылары 10-15 жылдың ішінде 10-15 млн гектар жер жеке меншікке сатылады деп болжам жасаған. Бірақ 1993 жылдан бергі 27 жылда 1-1,5 млн гектардан сәл асатын жер сатылған.

Осы ретте Т.Есіркепов оңтүстік өңірлерде жайылымдық жерлердің тапшылығынан ауылдағы ағайын малын қораға байлап бағатын деңгейге жеткенін айтты. Мемлекет басшысы атап өткендей, жайылымдардың 99 пайызы – шаруа қожалықтарының иелігінде. Алайда оның 36 пайызында ғана мал жайылады.

Ресми мәліметке сүйенген Т.Есіркепов елдегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің 1,5 пайызы жекеменшікке сатылғанын, ал 98,5 пайызы мемлекеттің қолында екенін, бірақ мемлекет қолындағысынан айырылып қалғанын айтты. Оған Жер кодексін қабылдау кезіндегі «жерді пайдалану құқығымен сатып алғандарға жер тегін беріледі» деген өтпелі баптар жол берген. Осылайша ауыл шаруашылығы мақсатындағы 4,5-5,5 млн гектар жер өзгенің қолына өтіп кеткен. Алайда бұл туралы еш жерде айтылып, не болмаса көрсетілмейді.

– Жер кодексін қабылдағанға дейін жерді бір түгендеп алайық дегенде ешкім құлақ аспады. Осыдан кейін жер мәселесі шиеленісе түсті. Енді жерді түгендеу ісі ешқандай нәтиже бермесі белгілі. Жер салығын өсіруден де пайда көретініміз шамалы. Ол үшін Үкімет экономикалық кадастр жасауы керек. Айналып келгенде, бұл да ауыл шаруашылығы жеріне инвентаризация жүргізуге келіп тіреледі. Сондықтан ең дұрысы, қалған 46 млн гектар жайылымдық жерді Жер қорына тапсыру керек, – дейді Т. Есіркепов.

Кезінде жерді жекешелендіру науқаны тұсында ауылдық мекендерде 500-1000 га, облыстарда 200-500 мың га жерді иеленіп кеткен бұрынғы кеңшар басшылары мен облыс әкімдерінің қарасы көп болғанын айтқан Т.Есіркепов соларды анықтау жөніндегі ұсыныспен Президентке шыққалы отырғанын жеткізді.

«Ол жерлердің кімге берілгені туралы мәселе де тым күңгірт. Сондай-ақ еліміздің батыс өңірлеріндегі жекеменшікке өтіп кеткен жер телімдері – Каспий теңізінің қайраңында орналасқан. Ел ішінде «сол аймақтарда ірі мұнай көзі бар. Иелері сол үшін ұстап отыр» деген әңгіме тараған. Бұл мәселені де Үкімет жердің игерілмей жатқанын тексерген кезде ескеру керек», деп сөзін түйіндеді экономист.