Өнер • 08 Ақпан, 2021

Шәмші тұрған үй, Шәмші жазған ән

2938 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Бір кезде әйгілі композитор Шәмші Қалдаяқовтың Жамбыл ауданының Жалпақтөбе ауылында тұрғанын елдің көбі біледі. Ару шаһар Алматыдан Әулиеата өңіріне 1973 жылы келген қазақ вальсінің королі осы жерде 1991 жылға дейін ғұмыр кешкен. Ауыл адамдарының көмегімен ауылдан үй салып, жиырма жылға жуық тұрақтайды. Жалпақтөбе Тараз қаласымен іргелес жатқан ауылдың бірі. Мұнда тұратын халықтың негізгі бөлігін дүнген ұлтының өкілдері құрайтын болғандықтан, бұл ауылды жергілікті жұрт «Дунгановка» деп атап кеткен. Осы ауылда атақты композитордың ізі қалған.

Шәмші тұрған үй, Шәмші жазған ән

Шығармашылығына де серпін берген осы ауыл. Шәмші Қалдаяқовтың ақын Сабырхан Асановтың сөзіне жазылған «Дүнген қызы» атты әйгілі әні де осы Жалпақтөбе ауылында туған екен. Шағын ғана елді мекенде туған шығарма шынайылығымен, өміршеңдігімен көптің көңілінен әлі өшпей келеді. Әрине, бұл әннің де өзіндік тағдыры мен тарихы бар.

Ауыл тұрғыны, дүнген ұлтының өкілі Абду­халил Маюфи ақсақалдың айтуынша, 1973 жылдың ерте көктемінде Жалпақтөбе ауылына орта бойлы, басына қаракөл елтірісінен бөрік киген бір бейтаныс кісі келеді. Алматыдан келген қарапайым кісіні ауылдықтар бірден тани қоймайды, әрине. Сөйтіп ауылдағы колхоз кеңсесіне соғып, сондағы адамдарға өзінің кім екенін таныстырып, бұйымтайын айтады. «Шәмшекең ауылға келгенде, мен осы ауылдағы «Октябрь» колхозында бригадир болып жұмыс істейтінмін. Ол кісіні ол кезде танымаймыз. Қолында Жамбыл облыстық атқару комитетінің төрағасы Сейілхан Аққазиевтен жер сұрап, өтініш жазған хаты бар екен. Ол уақытта облыс басшылығының тапсырмасымен жерді колхоз береді. Әрине, қазіргідей емес, ол кезде жер деген көп. Кезекте тұрған адам жоқ деуге де болады. Содан екеуміз танысып, мен Шәмшекеңді ертіп алып қазіргі үйі тұрған жерді көрсеттім. Үйі салынып жат­қанда, ол кісі ауылға Алматы облысынан көшіп келгеніне үш-төрт жыл болған Ілияс Гашизовтің үйінде тұрды. Ұлты ұйғыр, жақсы кісілер еді. Олар да отбасымен колхозда жұмыс істейтін. Шәмшекең үй салып жатқанда, тас, топырақ түсіргенге шамамыздың келгенінше көлік тауып бердік. Біраз уақытта ауылдағы азаматтардың көмегімен үйдің қабырғасы көтеріліп, шатыры жабылды. Өзі де көмектесті. Бір таңғалдыратыны, ол кісі үйдің жобасын өзі сызды. Бірақ соңына дейін аяқтай алмады», дейді ол. Бірақ ауылдағы ақжарқын аза­маттардың кең пейілінің арқасында композитор тұрмыс таршылығын көре қоймайды. Қайта өнер адамы екенін білген ауылдықтар кезектесіп күн сайын қонаққа шақырып тұрады.

Бұл ретте ауыл тұрғыны, Жамбыл ауданы­ның Құрметті азаматы Сәпілмәлік Тәжиев те өткен күнге оралып, өз естеліктерімен бөлісті. «Шәмші аға менің әкем Абдолламен және ауыл­дағы Көпіш, Кәрім деген кісілермен жақ­сы қарым-қатынаста болды. Үйге жиі келіп тұрушы еді. Үшеуі үйдің ауласындағы жүзім талдың астында отырып алып, күнұзаққа әң­гіме айтатын. Ауылдағы ансамбльде ойнайтын үлкен ағам Әбдімәлікпен дос болды. Роман, Исмаз деген кісілермен де бірге жүретін. Өкі­нішке қарай, сол Әбдімәлік ағам қайтыс болып кетті. Жалпы, Шәмші аға дүние, байлық жи­на­маған, оған қызықпаған адам еді. Тек қана өнерге адал қызмет етті», дейді ауыл тұрғыны.

Жалпы, ұлы адамдардың өмірінде ақиқат пен аңыздың қатар жүретіні бар. Шәмші Қал­даяқовтың тағдырында да аңызға бергісіз әңгі­мелер көп. Халық әрдайым өзінің біртуар перзентін аңыз тудыру арқылы даралап отырады. Мәселен, композитордың «Сыған серенадасы» дейтін әні бар. Бір кезде сығандардың тобырымен бірге жүріп, Изольда деген қызды ұнатқан Шәмші осы әнді жазған дейді ел. Әрине, бұл аңыз. Сол сияқты, «Дүнген қызы» әні туралы да ел ішінде бірталай әңгіме айтылады. Көпшілік қауым туындының кімге арналғанын, оның кейіпкерінің кім екенін білгісі келеді ғой. Ол кезде Жалпақтөбе ауы­лының «Октябрь» колхозы сарымсақ егеді екен. Сол жылдары шіліңгір шілде айында ауылдағы бір топ дүнген ұлтының қыздары оның шөбін жұлуға жұмысқа келеді. Бәрі бірдей ақ көйлек киген, басына ақ орамал байлаған, сырға таққан сұлулар күн сайын сарымсақтың шөбін тазалап тұрады. Әрі сарымсақ еккен жер композитор салып жатқан үйдің қарсысында болады. «Шәмшекең бұл көріністі ылғи көріп отырады екен. Ол кісінің шай ішетін шағын ғана үстелі бар еді. Әлгі қыздар бір мезгіл композитордың жанына келіп, әңгіме айтып, шай ішіп кетеді екен. Бір күні жұмыста колхоз басшысы Мах­муд Аширов деген азамат екеуміз отыр едік, Шәмшекең келді. Жаңа бір ән жазғанын, оның атын «Сырғалым» деп қойғанын айтты. Өзінің айтуынша, әлгі қыздардың ақ көйлек киген, ақ орамал тартып, сырға таққан ғажап көрінісі әннің шығуына әсер етіпті. Әннің аты басында «Сырғалым» еді, кейіннен өзі «Дүнген қызы» деп өзгертті. Содан отырып, жаңа әннің тұсауын кесуді ойладық. Бірақ оны орындау үшін пианино, домбыра сияқты аспаптар керек екен. Ол кезде мұндай музыкалық аспаптар ауылда жоқ. Әйтеуір, сұрастырып жүріп, ақыры домбыраны Жасөркен ауылындағы бір жігіттен таптық. Ал пианиноны ауданның сол кездегі бірінші хатшысы Әнуар Сандыбаевтың Жамбыл қаласындағы технологиялық институтта проректор болып істейтін қызынан ал­дырт­тық. Сөйтіп ауыл адамдарын жинап, кешке қарай әннің тұсауын кестік. Бұл ән бі­реулер айтып жүргендей бір адамға ғана ар­налмаған. Мен келген күннен бастап Шәм­шекеңмен бірге жүрдім, жақсы араластым. Сон­дықтан да бұл тарихты жақсы білемін», дейді Абдухалил Маюфи. Кейіннен осы Жал­пақ­төбе ауылында Шәмші Қалдаяқовтың туған күні ұйымдастырылып, ол шараға Роза Бағ­ланова, Роза Рымбаева сияқты танымал өнер қайраткерлері келіп қатысады. Бұл кезең де ауыл тарихында өшпестей болып жазылған өнегелі сәттің бірі еді.

Бұл күнде ауыл тұрғындары қазақ ән өне­ріндегі құбылыс болған ардақты тұлға Шәм­ші Қалдаяқовты сағынышпен еске алады. «Ауылға «Жигули» көлігімен келіп, ылғи со­ны мініп жүретін. Өзі ол көлікті Дінмұха­мед Қо­наевтың сыйлағанын айтып отыратын. Жал­пақтөбеліктер ол кісіні әрқашан ұмыт­пайды. Ол кісінің ауылға келіп, біраз уақыт өмір сүргені де біз үшін қайталанбас тарих», дейді ауыл тұрғындары. 1991 жылы Шәмші Қал­даяқов денсаулығына байланысты Шым­кент жаққа қарай жолға шығады. Ауылда өзі тұрған жылдар ішінде сыйлас, сырлас болған азаматтарға ризашылығын білдіріп, денсаулығы түзелген соң қайта келетінін айтып кетеді. Содан сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданы, Ванновка ауылындағы шипажайға ем алуға барған екен. Өкінішке қарай, ол қайтып Жалпақтөбе ауылына келе алмайды. Көп ұза­май жер бетінен ұлттық ән өнеріміздің ұлы қайраткері мәңгілікке көшіп кете барды...

Шәмші Қалдаяқов тұрған үй Жалпақтөбе ауылында әлі бар. Оны кезінде бір азаматтар сатып алып, жөндеу жұмыстарын жүргізіпті. Үйдің сыртына ескерткіш тақта орнатылып, «Октябрьдің 70 жылдығы» деп аталып келген сол көшеге композитордың есімі беріліпті. Мұның бәрі де халықтың тілегімен жүзеге асқан шаруалар. Бірақ иелері басқа жақта бол­ғандықтан, үй қазір бос тұр. Алайда, Шәм­ші тұрған үйді келіп көрушілер, оған қызы­ғушылар көп. Енді ауыл тұрғындары өткен жылы ғана ауылдан салынған жаңа Мәдениет үйін Шәмші Қалдаяқовтың атына берсе орынды болар еді дейді. Бұл шаруа енді алдағы күннің еншісінде. Еліміздің Мемлекеттік Гимнінің авторы, қазақтың ұлы композиторы Шәмші Қалдаяқовтың есімі туған халқымен бірге мәңгі жасай бермек.

Жамбыл облысы,
Жамбыл ауданы,
Жалпақтөбе ауылы