Медицина • 11 Ақпан, 2021

Әр секунды санаулы фельдшерлер

1975 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Жаһандық кеселдің бетін қайтаруда фельдершерлердің еңбегі зор. Себебі адамзаттың өмірі қыл үстінде тұрған шақта алғашқы көмекті көрсететін осы мамандық иелері. Ендеше, дәрігерлерден білімі мен тәжірибесі асып түспесе, кем түспейтін фельдшерлердің бүгінгі ахуалы қалай? Мамандардың қызмет көрсету сапасы – жедел жәрдем көлігінің жылдамдығына байланысты болса, инфрақұрылымды неге дамытпасқа? Осы секілді сұрақтар бүгінге дейін шешімін таппай келеді.

Әр секунды санаулы фельдшерлер

 

Жедел жәрдемге де жәрдем керек

Дамыған және көршілес елдердің тәжірибесін негізге алсақ, оларда реанимобиль көліктерінің жеделдігі әрдайым алдыңғы қатарда тұрады. Осы орайда өңірдегі алғашқы медициналық көмек­тердің жай-жапсарын бақылап көрдік. Қостанай облыстық жедел жәрдем көр­сету стансасының жоғары санатты фельд­шері, кәсіподақ комитетінің төрайымы Ләззат Қыпшақбайқызы жұмыс барысында кездескен келеңсіз оқиғалардың бірсыпырасын айтып берді.

− Жедел жәрдем көлігі жол – көлік оқи­ға­сына түсіп қалғанда дереу шешімін табу­ға тырысамыз. Біздің жүргізушілерге жол бермей, соғып кеткен жағдайлар да кездесті. Мәселен, ауыр халдегі нау­қас­ты ауруханаға жеткізерде, жеңіл көлік­тің жүргізушілері жол бергісі кел­мейді. Содан жол көлік оқиғасына тап болып, кейде жедел жәрдем қызыл белгі­ден өтіп кеткеніміз үшін айыппұл са­лады. Сиренаны қанша жақсақ та, оны бей­не­бақылау камерасы дұрыс тірке­мейтін кездері болды, − дейді Ләззат Қыпшақ­байқызы.

Көршілес Өзбекстанда соңғы 2 жылда шұғыл көмектің уақтылы келмеуінен 48 мыңнан астам адам қайтыс болған. Сондай-ақ 3 жыл ішінде арнайы авто­көлік құралдарына жол бермеген жүр­гізушілерге қатысты 700-ден астам де­рек тіркелген. Бұған дейін еліміздің Денсау­лық сақтау министрлігінің өкілдері жол бойында жедел жәрдем көліктерін жібер­мейді деген мәселені бірнеше рет көтерген-ді. Сондықтан фельдшерлер ша­қыр­туларға кешігіп келеді дегенді алға тартады. Осыған орай ведомство жүр­гізу­шілерді жолда сақ болуға және жедел жәрдемге жол беруге шақырады. Озық елдерде жедел жәрдем сиренасын естігенде жүргізушілердің өзін қалай ұстау керектігі туралы арнайы қаулы бекітілген.

«Жедел жәрдем көлігі сирена­мен келе жатса да, оны ешкім елеп жат­қан жоқ. Мысалы, өзім балалар фельд­шері болғандықтан, көбіне тәжіри­бе бары­сында денелері құры­сып-тырысатын, талмасы ұстап қала­тын балаларды жиі кездестіремін. Дәл сондай мезетте бала­лардың денесі құрысып қалуы бірнеше сағат бойы тоқтамайды. Тек ауруханаға апарып, жан­сақтау бөліміне жатқызғанда ғана денсаулығы қалыпқа келеді. Сол судоргымпен келе жатқанда бізге жол бермей, адамды әрі-сәрі қылатыны бар», дейді жоғары санатты фельдшер.

Еске сала кетейік, Самара-Шымкент тасжолының Хромтау ауданы мен Ақ­құдық кенті аумағында жеңіл және жедел жәрдем қызметінің көлігі соқтығысып, ақыр аяғында бір жолаушы ауруханада жан тәсілім етті. Белгілі болғандай, жеңіл көлік жүргізушісі рульге ие бола алмай қалған. Осындай жайттың бірі Павлодар қаласында қайталанды. Бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кеткен көлік жол апа­тына себепші болды. Зардап шеккен медицина мамандары мен науқас ауруханаға жатқызылды. Әрине, бұл жайттан кейін науқастардың дені жазылып шықты.

 

Қас-қағым сәтте…

Ләззат Қыпшақбайқызы фельдшер мамандығын 1994 жылы тәмамда­ған. Еңбек жолын Шымкенттегі қалалық же­­дел жәрдем стансасында бастап, 7 жылын сарп еткен, одан әрі 13 жылын оқу-ағарту саласындағы мейіргерлік қызметке ар­наған. Ал Қостанай облыстық жедел жәрдем стансасында 4 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Жоғары санатты фельдшер облыстық жедел жәрдем стансасында жүріп, бірнеше тосын да қызық оқиғаларды бастан кешірген. Со­лардың бірі 10 айлық баланың үлкен таблетканы жұтып қойған. Фельдшерлер же­дел әрекет етіп баланы ауруханаға жет­кізген. Қауіпті затты эндоскопиямен алып, содан соң сәбидің беті бері қараған. Аталған оқиға әлеуметтік желілерде тарап, медицина қызметкерлері көпшілік­тің құрметіне бөленді.

«2020 жылдың күзінде қауіпті жайт орын алды. Оқиға орнына шұғыл хабармен жеттік. Сөйтіп баланың тыныс алуы тарылып, ентігіп тұрғанын байқадым. Бұл уақытта карантиндік шектеулер де, саябырласа да, жұртта қорқыныш қалып қойған еді. Баланың жүзі сұп-сұр болып, қимыл-қозғалысы одан бетер нашарлап бара жатты. «Мені ішке кіргізіңіз, балаға көмектесейін» десем, әкесі «сен балаға коронавирусқа қарсы екпе салғалы жа­тырсың. Мен оған жол бермеймін» деп қарсы алдымда қасқайып тұрып алды. Ал жедел жәрдем қызметін егде тартқан анасы шақырған екен. Бір кезде маған дөрекі сөйлеп, қол көтеруге дейін барды. Жүргізушімізді шақырттым. Ол ме­ні дереу сыртқа алып шықты. Өкі­ніш­ті­сі, мен әлі де көмек көрсете алма­дым. Амалымыз таусылғандықтан, поли­цияға хабарластық. Полиция өкіл­дері келісімен, баланың ентігін дәрі егіп қана тоқтаттық. Әрі қарайғы денсау­лы­ғын бақылау мақсатында баланы ауруханаға алып келдік. Осы тұста поли­цейлер шағымданушы ретінде арыз толтыртқызды. Алайда ауруханаға қай­­­та келсем, баланың әкесі аурухана­да мас күйінде жүр. Ешқандай шара қол­­­дан­­бағандарына тосырқап қалдым. Тіпті менен кешірім сұраған жоқ. Оған қоса ол облысқа қарасты Наурызым ауданындағы мектепте сабақ береді екен. Соны біле тұра, оның мектеп қабырғасында сабақ беріп жүргеніне қорқынышпен қараймын. Бұл жерде біріншіден баланың, екіншіден менің өміріме айтарлықтай қауіп төнді», дейді фельдшер.

Бұдан бөлек, Ләззат Қыпшақбай­қы­зы жүкті әйелдерді жедел жәрдем көлігінде, жол бойында, сондай-ақ темір жол вокзалында қабылдаған кездері болған. Айта кетерлігі, ол пойыздардың қарама-қар­сы бағытта қозғалғанына қарамастан, пер­рон ортасында егіз баланың дүниеге келуі­не септігін тигізген екен.

 

Фельдшерлер неге тапшы?

Бейдауа кеселді жеңіп шығу үшін әлі де тиісті шаралар қолданылып келеді. Дегенмен, індеттің бірінші толқынын­да медицина мамандары жетіспейді. Елі­міздің түкпір-түкпірінен жас мамандар тартылды. Бүгінгі таңда Қостанай өңір­лік ауруханасы медициналық колледж­ді бітіріп келген жас мамандармен, оның ішінде фельдшерлермен толықтыры­лып жатыр. Мысалы, жергілікті аурухана­да тәулігіне 2 дәрігерлік, 8 желілік және ба­лалардың 4 желілік бригадасы жұмыс істейді.

Ләззат Қыпшақбайқызының айтуын­ша, бастапқыда медициналық колледжді бітіріп келген жас мамандарды жал­ғыз жібермейді. Себебі адамның өмірі бәрі­нен маңызды болғандықтан, жауапкер­шіліктің арта түсетіні анық. Осыған байланысты желілік бригадаға екі фельдшер шығады, соған қосалқы фельдшер ретінде жас маманды тәжірибе жинауға жібереді.

Сонымен қатар ол қаулыға сәйкес екі фельдшер болып жүру міндетті еке­нін тілге тиек етті. Алайда мамандар жетіс­пегендіктен, бір фельдшерден шығуға тура келетінін айтады.

«Өзім білетін Қостанай қаласындағы медициналық колледжден келетін мамандар теориялық жағынан өте жақсы даярланған. Сөйте тұра, практикалық тұстарын олар тәжірибе барысында толық­тырады. Менің ойымша, штат са­нын көбірек ашып және студенттік топ­тарды толықтыру керек. Мысалы, фельд­шерлік факультетте бір топта 25-30 ғана адам бітіріп шығады. Оның барлығы қалада тұрақтамағандықтан, облыстың әр аймағына жұмысқа орналасады. Осы­дан маман тапшылығы болып жатыр», дейді Л.Қыпшақбайқызы.

 

Жалақы көңіл көншіте ме?

Қала аумағындағы фельдшерлердің айлық табысы біршама жақсы десек те болады. Ал шалғай елді мекендер­де айлық тұрақсыз әрі өте аз. Осы тұста айлық табысы аз болғанымен, өз ісіне адал, бі­лімді мамандарды кездестіру қиынның қиыны. Себебі ауылдағы фельд­шерлердің арқалаған жүгі өте жауап­ты. Олар науқасты емханаға жеткізгенге дейін аурудың диагнозын дұрыс қоя білуі тиіс. Дұрыс қойылған диагноздың өзі өлім мен өмірдің ортасында жатқан қаншама тағдырды аман алып қалады. Сонымен қатар жазатайым оқиғалар кезінде дәрігерге дейінгі шұғыл көмекті алғашқылардың бірі болып осы ауылдық фельдшерлер көрсетеді.

Өткен жылы Парламент депутаттары Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында үш жыл ішінде ауылды фельдшерлік-акушерлік пункттер мен дәрігерлік амбулаториялармен қамта­масыз ету мәселелерін көтерген еді. Депу­таттардың алаңдаушылығын әлі күнге дейін осындай медициналық пункттерге өңірлердің нақты қажеттіліктері туралы деректердің жоқтығы туындатып отыр. Десе де соңғы 3 жылдықта шалғай елді мекендерде барлығы 385 фельдшерлік-акушерлік пункттер мен дәрігерлік амбулаториялар бой көтерген.

Қас-қағым сәтте ауру адамның диаг­нозын дәлме-дәл қоя білетін, жұмы­сы­на адал, білікті фельдшер Ләззат Қып­шақ­байқызының кішігірім назы бар екен. Өйткені ол оқу-ағарту саласында мейіргер болып істеген жылдары біраз жылғы біліктік санатымен 50 мың теңге алып келген.

Жұмыс тәжірибесінің жалақыға әсері әр кезеңде түрленіп тұрады. Статисти­каға көз жүгіртсек, тәжірибелі мамандар­дың өзі – 18%-ға, мансабының бірне­ше жылында – 5%-ға көбірек алады. Ал жас маман­дардың жалақысы 7%-ға кем беріледі.

Елімізде жедел жәрдем фельдшер­лерінің басым көпшілігі 165 мың теңге­ден алса, кей өңірлерде 115 648 теңгеден, фельдшер-медбикелер – 100 мың теңге­ден алса, ал рейс алдындағы тексеру фельдшері 44 515 теңгені місе тұтады.

Сонымен қатар фельдшер маманды­ғы бойынша Алматы қаласында орташа жалақы деңгейі 175 051 теңгені құрай­ды. Одан кейінгі орынға Солтүстік Қазақ­стан мен Атырау облыстары жай­ғасты. Ал ең көп бос жұмыс орындары − Шығыс Қазақстан (19,2%), екінші орында – Павлодар (17,3%), үшінші орын­да Атырау облыстары (15,4%) тұрақ­тады. Әрі қарай Ақтөбе (11,5%), Батыс Қазақстан (9,6%), Солтүстік Қазақстан (7,7%), Қызылорда облыстарын (5,8%), сондай-ақ Алматы (5,8%) мен Нұр-Сұлтан қаласын (3,8%) және Маңғыс­тау облысын (3,8%) атап өтуге болады. АҚШ-тың Business Insider еңбек статистика­сы бюросының мәліметтеріне сәйкес, 2029 жылға қарай медбикелердің жылдық жалақысы 221 900 долларды (қазір жылына 73 300 доллар) құрайды деп болжам жасалған.

 

Аманат

Қайнаған тіршіліктің ортасында жү­ріп, орта буынды медицина қызмет­кер­лерінің еңбегі бағаланбай жатады. Қазақстанда 103 нөміріне бір тәулікте мың­даған қоңырау түседі. Бір күннің өзін­де қаншама шақырту алынады. Бұл көрсет­кіш жыл сайын өсуде.

Жақынымыз аяқ астынан ауырғанда ғана жанымыз шырқырап, әр секунд, минутты санап, жедел жәрдемді күтумен тағаты таусылмаған адам кемде-кем шы­ғар. Екі оттың ортасында жүріп, науқас­тың өмірін фельдшерлерге аманаттаймыз. Осы уақытта диагнозды дұ­рыс қоя білетін, аман-есен үйіне оралатын адамның тағдыры – фельдшердің жауап­кершілігі мен біліміне тәуелді.