Қоғам • 11 Ақпан, 2021

Жүргізуші куәлігін алып жүру міндетті емес

1319 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

13 ақпаннан бас­тап «темір тұлпар» иелері жүргізуші куәлігі мен көлікті тіркеу құжат­тарын өзімен бірге алып жүр­месе де болады. Яғни енді жүргізушілер бұл құжат­тарды өздерімен бір­ге алып жүрмегені үшін айып­пұл арқаламайды. Осы жөніндегі жаңа норма енгізілген «Қазақстан Рес­пуб­ликасының кейбір заң­намалық актілеріне жол жүрісі мәселелері бо­йынша өзгерістер мен толық­тыру енгізу туралы» заңға Мемлекет басшысы 1 ақпанда қол қойған бо­латын.

Жүргізуші куәлігін алып жүру міндетті емес

Коллажды жасаған Қонысбай Шежімбаев, EQ

 

Енді жол сақшылары жал­ғыз-ақ құжат – жүргізушінің жеке куәлігі арқылы өздеріне қа­жетті барлық мәліметті ІІМ-нің бірыңғай компьютерлік желі­сінің электронды базасынан тек­сере алады. Ал егер полиция қызметкері осы құжаттардың бірін көрсетуді талап етсе, жүр­гізуші 102-ге немесе ішкі істер органдарының өзіндік қауіп­сіздік бөлімшелеріне хабарласып, әкімшілік хаттамаға қатысты сотқа жүгінуге құқылы. Бұл жөнінде ІІМ әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Серік Түсіпов: «Жаңа заң нормалары әрбір поли­ция қызметкеріне егжей-тегжей түсіндірілгендіктен, мұндай жағдай болмайды», деп қайырды.

Алайда бір нәрсені ескерте кеткен жөн. Заңдағы бұл түзетулер шетелдік көлік иелері мен жүргізуші куəлігін өзге елдерден алғандарға қатысты емес. Себебі олар үшін қос құжатты өздерімен бірге алып жүру, талап етілген жағдайда көрсету міндетті болып қала береді. Сондай-ақ жаңа норма жүргізушілерге арналған куəлік пен техникалық паспорт енді мүлде берілмейді дегенді білдірмейді. Құжаттар  бұрынғы тәртіппен беріле береді. Себебі олар жүргізушілерге шетелде жол жүруге, жұмысқа орна­лас­қанда, сондай-ақ  көлігін сат­қанда қажет болады. Ал елі­мізде жыл сайын 500 мыңға жуық жүргізуші куəлігі мен 1,5 миллионға жуық техникалық төлқұжат берілетінін ескерсек, жаңа заң талабына сай құжатсыз жүру міндеті алынып тасталғанымен, халықты құжат­тандыру қызметі қалаты­нын тү­сінгеніміз жөн.

«Жол жүрісі туралы» заңның 54-бабындағы бұл өзгеріс жол сақшылары үшін артық қа­ғазбастылықтан арылудың бір жолы болса, «ұмытшақ» жүр­гізушілер үшін жөнсіз айып­пұл төлеуден құтқаратын жаңа­шылдық екені сөзсіз. Себебі өткен жылы жүргізуші куəлігі мен көлігінің төлқұжатын өзде­рі­мен бірге алып жүрмегені үшін 167 мыңға жуық жүргізуші жауапкершілікке тартылса, оның 147,8 мыңына ескерту жасал­ған. Ал айыппұл арқала­ған­дар саны 18 мыңнан асып жығылады.

Қабылданған заң талаптарына орай қазіргі таңда еліміздегі жол сақшыларын техникалық жарақ­тандыруға, қажетті құрал­­дармен қамтамасыз ету­­ге де ерекше мән беріліп о­тыр. ІІМ мәліметінше, бүгін­де жол-патрульдік полиция құры­­лымы «Əкімшілік іс жүр­гізу­­дің бірыңғай тізілімі» жүйе­сі орнатылған 17 мыңнан ас­там планшетпен толық қам­тамасыз етілген. Жол сақшы­лары осы құрылғының көмегі­мен жүргізуші куәлігінің жа­рам­дылық мерзімін, сақтан­дыру полисін, тіпті азаматтың бұрын-соңды жүргізу құқынан айырылған-айырылмағанын, криминалдық есепте бар-жоғын да тексере алады. Планшеттегі «Əкімшілік іс жүргізудің бір­ыңғай тізілімі» жүйесі көлікке қатысты да толық ақпаратты көрсетіп береді. Мәселен, жол сақшысы көліктің мемлекеттік нөмірін енгізгенде, оның тір­келген нөмірі, иесі, маркасы мен моделі, сериясы мен түсі, VIN коды, сондай-ақ қайта жабдықтау туралы ақпаратты көрсететін арнайы белгілері автоматты түрде шығып тұ­рады. Бір сөзбен айтқанда, полиция қызметкері планшет арқылы көлік пен оның иесіне қатысты кез келген мәліметтің заңдылығын тексере алады. Тексеруге бар-жоғы 3-5 минут уақыт кетеді.

Әлемдік тәжірибеге көз жү­гіртсек, азаматтардың өмірін же­ңіл­детуге бағытталған мұн­дай заң бірнеше елде ғана бар екен. Солардың бірі – Грузия жүр­гізуші куәлігінсіз жүруді осы­дан он жыл бұрын, яғни  2011 жылдың 1 қазанынан заңдастырып қойған. Ал Польша – 2018, Латвия 2019 жылдан бастап, азаматтарынан өзімен бірге жүргізуші куәлігі мен техникалық паспортын алып жүруін талап етпейтін болған.

Көлік саласындағы заңна­маны жетілдіру үшін енгізілген жаңа норманы еліміздегі ци­фр­лы құжат айналысына енгізілген тағы бір жаңашылдық деуге  бола­ды. Себебі цифрландыру дәуі­рінде қажетті ақпараттық ин­фрақұрылым, тиісті деректер базасы бар кезде, бүкіл әлем «цифр­лы жүйеге» асы­ғып жат­қанда біздің шетте қалып қойғанымыз жарамайды.