25 Желтоқсан, 2013

Ақсақал іздеп жүрмін

401 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Екі жастың біріне келмеген жамағайын о дүниелік болып еді. Астың үстінде отырмыз. Бір кездері завферма, парторг, дирек­­­тор болған, ал бүгінде ақса­қалдық жасқа жеткен кісілермен дастарқандас екенбіз. Тізе бүгі­ліп, қойылған асқа қол созбастан бұрын марқұмға Құран бағыш­тайды ғой. Алақан жайған кісі­лер жалма-жан маған қарады. «Құран оқып жібересің бе?».

Екі жастың біріне келмеген жамағайын о дүниелік болып еді. Астың үстінде отырмыз. Бір кездері завферма, парторг, дирек­­­тор болған, ал бүгінде ақса­қалдық жасқа жеткен кісілермен дастарқандас екенбіз. Тізе бүгі­ліп, қойылған асқа қол созбастан бұрын марқұмға Құран бағыш­тайды ғой. Алақан жайған кісі­лер жалма-жан маған қарады. «Құран оқып жібересің бе?».

«Сіз­дердің оқығандарыңыз абзал ғой», дейміз біз. Сөйтсек, он қаралы ақсақалдың біреуі бір аят білмейді екен. Біз пақырдың иегін­де сақалы болғанға діндар екен деп қалса керек. Білетін сү­ре­мізді қайыруға оқтала бер­ген­де, ауылдың имамы келіп қал­ды...

Содан шалдар әңгімесін бас­тады.

– Естідіңдер ме, ана бір бел­гілі қыз пәленше деген дөкейге тиіп алыпты ғой?

– Ол өзі екі байдан қайтқан қыз емес пе еді?– деді бірі.

– Ол дөкей шиеттей бала-ша­­­ғасын тастап, ананы алғанда жеті­сем деді ме екен? – деп қостады екіншісі.

– Жас қыздың қызығын көріп жатыр екен ғой,– деп жылтыр көз шал ақсия күлді.

Тұрып кетуге ыңғайсыз. Кетпейін десең, елге ақыл айтып, әкім-қара келгенде сөз сөйлеп, бата беріп жүрген шалдардың мына әңгімесі жанға батып барады. Тап бір екеуінің некесін қиған адамдай сөйлегендері санаңа салмақ салады. Әрі-беріден соң, ол екеуі шын мәнінде үйленгеннен осы шалдарға келіп-кетер пайда бар ма? Оның өсек сөз екенін ескермей отырғандарға бұлай десең, бәлеге қаларың анық-тын. Үнсіз ғана отыра беруге тура келді.

Бір кезде әңгіме саясатқа ауыс­ты. «Әкім кетеді деп жатыр ғой». Бұл өте қызық тақырып болды. Кеше ғана ауылдарына келгенде алдынан құрақ ұшып шығып, шапандарын желбегей ғана жамылып, етегіне сүрініп жетіп, әбден мақтап-мадақтаған адамдар мына сөзден кейін нілдей бұзылды. Оның уақытша ғана келгенін сол кезде білгендерін, ештеңе істемей кететінін сезгендерін, жай ғана уақытша баспалдақ ретінде бағалағанын топшылағандарын ортаға салды. Аямай айтты. Өлтіріп сөкті. Дымын қалдырмады.

Әйтеуір, үлкен ас желініп, тағы да құран оқылып біткенше шалдардың арасындағы әңгіме өсектен аспады. Сақал­сыз беттерін сипады да, ыңы­ранып, ырғалып шығып кетті. Мұсылманның басы қосылған жерде шариғат айтылып, салауатты сөз сөйлену міндет екен. Талай шалдар одан мақұ­рым. Оны қойшы, ең болма­са елдің жағдайы туралы бір сөз қозғалған жоқ. Халық­тың мұқтажы жайындағы әңгі­ме­ге маңайламады да. Бар болға­ны, жанар-жағармайдың қым­баттағаны сөз болды. Одан басқа жасалмай жатқан жол, жетпей жатқан су, орылмай қалған астық, жайылымның тарлығы сияқты елдің бас ауруы­на айналған мәселе айтылып, оның шешу жолдарын ақыл­да­суды ойламады да. Себебі, оларда мұндай проблема жоқ. Жеке­шелендіру кезінде билікте болып, мемлекеттің біраз мүлігін өздеріне алып қалған адамдар сол кезде-ақ нарыққа бейімделіп, жағдайларын жасауға көшкен. Бүгінде бір-бір бизнестерін балалары жүргізіп отыр. Сосын халықтың жағдайын қайтсін?!

Тым құрығанда марқұм туралы да айтпады. «Артында қалған бала-шағасы ертең қалай жетілер екен?» деген сұрақ ешқайсысын мазаламады.

Абай сақтандырған бес іс ойға оралды осы кезде. «Өтірік, өсек, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ» демеп пе еді?! Қай­ран қара шал баяғыда айтқан сөзден әлі арыла алмай келе жатыр екенбіз ғой. Әкім келгенде мақтады ма? Мақтады. Бірақ өтірік мақтау болды. Ай­тып отырған өсектері мынау. Мақтан­шақтықтары анау. «Баяғыда Түгенше хатшы кезде, мен мынандай қызметте отырғанда» деп басталады. Елдік іске келгенде іс-әрекет түгілі, сөзбен де болыса алмай жатқан еріншектіктері бар. Тек бекер мал шашпайды. Өйткені, сараңдықтары басым.

Баяғының қарттары еске түседі. Соғыс көрген. Тың игер­ген. Қуғындалған. Бай-құлақ­тың баласы деп айдалған. Сонда да сағы сынбаған. Бала болсақ та, солардың отыз екі тісінің арасынан артық сөз шыққанын есті­меппіз. Тіпті, баланың көзін­ше ерсі қалжың да айтпай­тын. Бүгінгі шалдардың сиқы мынау. Бет сипап, бипаздап шай ішіп, тамақ жеп, төсектің айналасындағы өсекті айтқандарына мәз. Жеткен жері­міз осы болса, жетіскен екенбіз...

Ержан БАЙТІЛЕС,

«Егемен Қазақстан».

Қызылорда облысы.