Руханият • 12 Ақпан, 2021

Сөз сойыл №99

1687 рет көрсетілді

Бірде

 «Дұрыс болған екен...»

Қазақ әдебиетінің классигі Сәбит Мұқанов стол басында жұмыс істеп отырған кезде де қасындағы телефонның құлағын көтеріп сөйлесе береді екен.

Сөйлесіп отырып та жазуын жаза береді екен. Сәбең осылайша қауырт жұмыс істеп жатқан кезде, бірде оған әйгілі партизан-жазушы Қасым Қайсенов телефон шалады. Жазу жазып отырған Сәбең телефонды көтеріп, немқұрайды көңілмен:

— Әллеу! — дейді.

— Ассалаумағалейкүм, Сәбе! — дейді Қасым.

— Уәликүмсәлем! — дейді Сәбең ойын жазуынан аудармаған күйі.  Одан арғы әңгіме былайша жалғасады:

— Сәбе, бұл Қасым ініңіз ғой...

— Е, дұрыс болған екен.

— Сәбе, өзіңізбен бір мәселе жөнінде ақылдассам деп едім.

— Е, дұрыс болған екен.

— Өзіңіз білесіз, мен соғыста оқ тиіп, бір көзден айрылып келдім ғой.

— Е, дұрыс болған екен.

— Сол оқ тиген көзім соңғы кезде ауырып, мүлдем мазамды алып жүр...

— Е, дұрыс болған екен.

— Дәрігерлерге көрініп едім, «көзіңнің ауруы асқынып кеткен» деді.

— Е, дұрыс болған екен.

— «Операция жасап көзіңді ойып алып тас­таймыз» деді.

— Е, дұрыс болған екен.

— Сәбесі-ау, көзімді ойып алып тастаса, оның несі дұрыс деп отырсыз? — деп осы сәтте Қасым шамданғандай болып, дауыс көтеріпті. Сонда Сәбең түсінен шошып оянғандай селк етіп:

— Ай, Қасым, «көзімді ойып алып тастайды» дедің бе?.. Онда ол дұрыс болмаған екен, — депті жалма-жан ақталып.

 1

Өтіп кеткен лекция

Баяғыда Қызылорда обкомы Асқар Тоқмағам­бетов пен Қалмақан Әбдіқадыровты шақырып алып, он күн бойы оқытып, саяси сауаттарын жетілдіріп-дайындап, шопандарға лекция оқуға аттандырып қоя береді.

Екеуі алғашқы күні-ақ Аралдың арғы шетіндегі, ит арқасы қияндағы бір қойшының үйінен бір-ақ шығады. Аты белгілі ақын-жазушылар келген соң қойшы жазған қойын сойып, арақ-шарабын құйып дегендей — жаны қалмай құрақ ұшып қонақ етеді. Асекең ішімдікке жоқ екен, оның есесін Қалекең қайырып, біраз жерге дейін барып қалады ғой...  Содан удай мас Қалекең түн ортасында ұйықтап жатқан жерінен атып тұрып:

— Ей, жатқандар,

Құдай атқандар,

Бүйтіп жатпаңдар,

Мал басын сақтаңдар! — деп тақпақтап айғай салыпты. Бала-шаға шошып оянып, үй иелері абыржып қалысады. Сонда Асекең:

— Жолдастар, бұл кісіге көңіл аудармаңдар, әншейін обкомның лекциясы өтіп кеткен ғой, — деп Қалекеңді қайыра орнына жатқызыпты.

 

«Астарлы» тапсырма

Қазақ ССР Ғылым академиясының коррес­пондент мүшесі, көрнекті әдебиет зерттеушісі, профессор Есмағамбет Ысмайылов бірде көлемді ма­қала жазып, ол мақаласында бір топ жазушы­ларды сынап кетеді. Сол сыналғандардың ішінде өзінің ұстазы Сәбит Мұқанов та бар екен. Сәбең Есмағамбеттің сынын көңіліне ауырлау алып, келесі күні оған телефон шалады. Бір-бірінің амандық-саулығын, хал-жайларын ғана сұрап, екеуі де «негізгі мәселеге» жоламай, аз-кем әңгімелесіп қалады. Сөз арасында Есмағамбет:

— Ертең Семей жаққа, Абай ауданына командировкаға жүрейін деп отырмын, — дейді.

— Абай ауданына дейсің бе? Онда мен бір шаруа тапсырайын, соны біле келші? — дейді Сәбең.

— Пәлі, Сәбе, айтсаңыз болды ғой, қатырып орындап қайтамыз! — дейді Есмағамбет.

Сонда Сәбең:

— Әй, Есмағамбет, орындасаң сол, Абайда: «Күшік асырап ит еттім, ол балтырымды қанатты. Біреуге мылтық үйреттім, ол мерген болды, мені атты», — деген өлең бар еді. Сол өлеңді Абай не үшін жазды екен, соны біле келші? — деп телефон трубкасын ақырын ғана іле салыпты.

Әлібек АСҚАР

Нұр-Сұлтан

 

 

Үн өшірер үйірме

Қу тірлік қойсын ба, cиыр жылы бастала сала тағы да те­пең­деп қалаға бағыт алып келемін.

1

Онда барар жерім Қилыбай құдамның тас қабырғалы үйі. Қуыс үйде қамала бермей, кө­біне құда екеуміз есік алдын­дағы алаңқайда арқа-жарқа отыратын әдетіміз бар.

Құдам құрметті демалыс­та болған соң, келуімді құп алып, сыртта отырып ағыл-тегіл әңгіме тетігін ағытады. Өткен жылғы айтқан әңгімесі есімде қалыпты.

– Қызметтен қағылғалы жағ­дай қиын­дады, не үйге сый­май­сың, не түзде тіреліп тұрған тір­лігің жоқ... – деп қамыққан.

– Немере... – деп қалып едім:

– Немене?! – деп ол бағжаң ­ете қалды да, – заманына қарай баласы, – деп ағыл-тегіл ағытылды. – Әй заман-ай, қаршадай балаға дейін қарап жүрмейтін кезең келді. Немере атаулы қолды-аяққа тұрмайды, ең кенжесінің өзі «ата, үйірмеге кеттім», деп безіп кетеді. Айтайын дегенім, бұ­лардың үйірмесі үрей ұшыра­ды... Үлкені әлгі  ұрып-соға­тын­ның үйірмесіне барғанда бұлқан-талқан болғаным бекер екен... Е, біздің кезіміздегі үйірме – би, домбыра, ән деп, әрі кетсе шахмат, дойбы деп бітпеуші ме еді. Қазір түрі көп, кейбірінің кәсібін естіп тұла бойың ті­тіркенеді. Әлгі үлкенімнің: «Ата, есе қайыратындарыңыз болса, айтып қойыңыз» дейтінін қайтесің. Оны айтасың, «Өмірге бейімделу» дейтін үйірме де бар екен. Ортаншым соның мүшесі, білуімше, онда өмір сүрудің қулық-сұмдығын үйрете­тін­ көрінеді. Бала емес пе, ес­ті­генін анда-санда айтатыны бар, байқаймын, сенің де, менің де ақылым айдалада қалады, – деп құдам сол жолы оның бір-екеуін егжей-тегжейлі айтып кеш батырған болатын.

Содан тағы бірде барғаным­да, әңгіме тағы немереге тіреліп, құдам қылғына отырып:

– Құрдас та азайды, кеукіл­де­сетін көрші-көлем де жоқ, айналысар ісің болмаған соң қиын екен, – деп алды да, әңгімесін немерелеріне бағыштады. – Ес кіріп, етек жапқан немерем – атын айтпайды, әке-ше­шесі де біле бермейді-ау ша­масы, байқауымша, бір пәле­кет үйір­менің белді мүшесі кө­рінеді. Пәлекеті сонша, онда тез баюдың жолын, қысқасы, өмірдің ұң­ғыл-шұңғылын ылдым-жылдым ұғындырады екен. Алдап-арбау былай тұрсын, көлеңкелі бизнес дей ме, үй­ретері ақылға сыйымсыз, әрісі экономикалық қылмысқа барып тіреле­тін көрінеді. Тағы бір сорақысы, ересектері өзара ақылдасып, мына заманда керек болып қалар деп ең кен­же немерені «Ату» атты үйір­меге беріпті... Қарудың қара­пайымынан тартып, есейе келе әлгі дүрбілі мылтықтың мық­тысы болып шыға келеді екен. Ол боқмұрын немені қатар­ластарының «киллер» деп қағыт­қанын да естіп қалдым... – деп құдам қынжылыс білдіргенде, мен естімеген елде көп деп жа­ғамды ұстағаным бар.

Сөйтіп, бұл келісімде құдам­нан немере хикаясының кезекті сериясын естігім келіп ауладағы алаңқайға жайғаса беріп едім, құда көңілді: – Заманына қа­рай амалы... Есейіп ер жеткен, өмірден өз орнын тапқан не­мерені көруден өткен арман бар ма?! – деп желпіне жетектеп, мені бір сыраханаға әкеп жайғастырды да: – Сен осында бола тұр, сыраңды сыйғанша сімір, мен бір үйірменің мүшесі едім, көп ұзамай келемін... бармасам, немерелерім ренжиді, онымды бала, әсіресе кемпір естімесін, неғылған үйірме деп сен сұрама, мен айтпаймын... –деп жөнеле бергені.

«Ойпыр-ай, құдамның мына өзгерісі... үнін өшірген үйірмесі не болды екен» деп салқын сырамды сіміріп мен отырмын...

 

Берік САДЫР

Нұр-Сұлтан

1

 

Қойсаңдаршы әдетті!

 

Парабай-ау, Парабай!

Беруге жәрдем жарамай,

Өзі қасқа кедейдің,

Қалтасын «қақпа» қарамай!

 

Парабек-ау, Парабек!

Пиғылың алу пара тек...

Бейшара-ау, екі дүниеде,

Болмасайшы қарабет!

 

Парақұл-ау, Парақұл!

Болмақсың ба дара құл?!

«Алсам, алсам, алсам!» деп,

Құлқынға болма қара құл!

 

Паратай-ау, Паратай!

Пайдаға да жарасай.

Жарлының да жаным-ау,

Жағдайына қарасай!

Сөйтсей!

*  *  *

Пәлен жыл бұрын әдепкі,

Қойсаңдаршы әдетті!

«Бер, бер, берсей!» дей бермей,

Болсаңдаршы әдепті!

 

Өмірдің  өзі  –  «театр»

 

Өмірдің  өзі  –  театр,

Әртүрлі онда «әртіс» бар...

Күлкіні сәл-пәл тия тұр,

Сан алуан түрлі тартыс бар...

 

«Сахнада» сайрандап,

Алаяқ жүр ән салып...

Озбырлар жүр ойрандап,

Таңғалма еш тамсанып.

 

Қой терісін жамылған,

Қасқыр көрсең, абай бол!

Талайға бұрын танылған,

Тал түсте бірден талайды ол...

 

Кенеліп жүрген күлкіге,

Толып кетті түлкі де...

Айласына алданып,

«Түсіп» қалма түлкіге!

 

Өмірдің өзі – театр,

Сабаңа әзір сия тұр.

Тыйым болар бұған да,

Тағатыңды тия тұр.

 

Қазыбек  ӘШІРБЕКҰЛЫ

Қызылорда

 

 

Мүйісті жүргізетін Берік САДЫР

Соңғы жаңалықтар

Доллар бағасы тағы арзандады

Экономика • Бүгін, 11:30

Күлше қыз

Театр • Бүгін, 09:25

Гүлдердің сырын ұққан...

Өнер • Бүгін, 09:24

Қалдықты кәдеге жаратты

Аймақтар • Бүгін, 09:22

Ұқсас жаңалықтар