Қоғам • 15 Ақпан, 2021

Эльнура Абаканова: Консалтинг нарығы кеңес берумен шектелмейді

1237 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Қазақстанның Стратегиялық бастамалар орталығының бағалауынша, біздің елдегі консалтинг нарығының көлемі 2 млрд АҚШ долларынан асады. Өкінішке қарай, оның жартысынан көбін шетелдік компаниялар иеленіп отыр. Соңғы уақытта нарықтағы отандық компаниялардың үлесі артып, бұл салаға қызығушылық танытатындар қатары көбейіп келеді. Осы орайда біз нарықтағы ойыншылардың бірімен дидарласқанды жөн көрдік. Сөйтіп консалтингтік компанияның негізін қалаушы, тәуелсіз сарапшы Эльнура Абаканованы әңгімеге тарттық.

Эльнура Абаканова: Консалтинг нарығы кеңес берумен шектелмейді

– Эльнура Әзілханқызы, консал­тинг­тік қызметті кеңес беру деп қана тү­сі­нетіндер көп. Бұл пікірмен келі­су­ге бола ма?

– Жоқ. Консалтингтік қызмет кеңес беруден ғана тұрмайды. Мұны кешенді түрде қарастыру керек. Оның ішінде маркетингтік жоспар, бизнесті дамыту бағыттары, құжаттарды сауатты толтыру, бәрі бар. Әрі-беріден кейін елге инвестиция тарту деген үлкен жүктің белгілі бір салмағы дәл осы консалтинг нарығындағы ойыншылардың иы­ғына түседі. Бұл салада адамдармен тіл табысудың рөлі ерекше, яғни эмо­ционалды интеллект, психология маңызды. Шетелдік инвесторлар кез келген мемлекеттегі консалтингтік компа­ния­­лардың өкілін сол елдің бет-бейнесі ретінде қабылдайды. Сондықтан бұл жерде мемлекеттің абырой-беделі де жатқанын ұмытпау керек.


– Инвестиция тарту туралы айтып қалдыңыз. Біздің ел шетелдік инвес­тор­ларға несімен тартымды?


– Әлбетте, шетелдіктерді табиғи ресурс­тар қызықтырады. Олар Қазақ­станды шикізат көзі ретінде қарас­ты­рад­ы. Бірақ бұл секторға қаржы салатын әлемнің алпауыт компаниялары біздің нарыққа әлдеқашан келіп қойған. Енді инвесторларды шағын және орта бизнеске, қайта өңдеу секторына тарту керек. Қазақстанның бұл жағынан да мүмкіндігі мол. Осы бағытта үлкен жұмыс атқарылып жатқанына куәмін.

Жалпы, инвестиция тарту – өте күрделі іс. Өйткені инвестицияға иек артпайтын мемлекет жоқ. Тіпті алпауыт АҚШ-тың өзі қаржының сыртқа кетпегенін қалайды. Сондықтан инвес­тор ондаған мемлекеттің ішінен бізді таңдап, елге қаржы құйса, қуану керек. Ал оның қандай жолмен келетінін сол процестің ішінде жүргендер ғана жақ­сы түсінеді. Бұл оңай шаруа емес. Бас­қасын айтпағанда, әр елдің уақыт белдеуінің өзін мысалға алсақ жеткілікті. Мәселен, АҚШ-тағы инвестормен тілдесу үшін жұмыста түн ортасынан ауғанша отыратын кездер болады. Ал Жапониямен байланысқа шығу үшін таңмен таласа жұмыста отыруың керек. Уақытпен санаспай жұмыс жүргізу ләзім. Сондықтан мұндай қызметті таңдағандардың бойынан елге деген сүйіспеншілік, табандылық табылуы шарт. Кейде бір инвесторды елге әкелу үшін екі-үш жыл уақыт кетеді және бұған бірнеше мекеме атсалысатынын да ұмытпаған жөн.

– Біздің елдегі консалтинг нарығы қалай, қай бағытта дамып келеді, аз-кем шолу жасап өтсеңіз?

– Нарықтың дұрыс бағытта дамып келе жатқанын отандық консалтингтік компаниялардың көбеюінен-ақ аңғаруға болады. Рас, шетелдік компаниялар көп. Бірақ оларға бәсекелес бола алатын отандық компаниялар да көбеюде. Шетелге танылып үлгерген ойыншылар да баршылық. Қалай десек те, сұраныс бар. Демек, Қазақстан бизнесі кон­сал­тинг­тік қызметтің қаншалықты пай­далы екенін түсінді және соған бейім­деле бас­тады.

Нарықтағы оң динамикаға көз жеткіз­ген соң, мен де консалтингтік компа­ния­ның негізін қалағанды жөн көрдім. Ал оған дейін консалтингтік қызмет бойынша тәуелсіз сарапшы ретінде жұ­мыс істедім және қазір де осы шаруа­мен айналысып жүрмін. Отандық, шетелдік бірнеше компанияны «Астана» халық­аралық қаржы орталығына тір­ке­дім. Мәселен, соңғы жобаларымның бірі ислам­дық қаржыландыруға қатысты болды. Исламдық қаржыландыру – біздің ел үшін тың бағыттың бірі. Оны өркендетуге үлес қосу керек.

– Сонда компанияларды «Астана» халықаралық қаржы орталығына тір­кеумен айналысасыздар ма?

– Бұдан басқа да қызмет түрлерін ұсынамыз. Менің консалтинг нарығына келуім «Астана» халықаралық қаржы орталығымен тікелей байланысты. Қаржы орталығында бірнеше жыл жұмыс істедім. Шетелдік компания­лар­дың Қазақстанға келуіне, орталыққа тіркелуіне септігіміз тиді. Бірақ кезінде өзім көмектескен компания өкіл­де­рі, олардың таныстары хабарласып, жиі кеңес сұрайтын болды. Сөй­тіп консалтингтік қызметте бақ сынап көру туралы шешім қабылдадым. Менің және өзім негізін қалаған ком­паниядағы мамандардың басты артық­шылығы – қаржы орталығында қыз­мет атқарғанымыз, яғни компаниялар­ды тіркеу жұмысының қалай жүретінін жақ­сы білетініміз, үш тілде еркін сөй­леуі­міз және ағылшын құқығынан хабардар болуымыз. Консалтинг компаниясының негізін қалағанда жобаларға бұрын бірге қызмет еткен, 10-15 жылдық тәжірибесі бар, шетелде білім алған кәсіби мамандарды тарттым. Олар ұсынысымды қа­был алып, компанияны одан әрі бірге дамытамыз деген үміттемін.

Қаржы орталығының бизнесті дамыту департаментінде жұмыс істегендіктен, бұл тараптың да талабы маған жақсы таныс. Осылайша, компанияларға қаржы орталығынан лицензия, сертификат алу, оларды тіркеу жұмыстарымен айналыса бастадым. Қазір біздің компания басқа да бизнес консультацияларымен қатар, осы бағытта да қызмет атқарады. Жалпы, «Астана» халықаралық қаржы орталығы – үлкен жүйе, үлкен мүмкіндік. Орталықтың стандарттары өте жоғары деңгейде жасалған. Осыны мемлекеттің дамуына тиімді пайдалану керек.

– Консалтинг нарығында қандай кедергілер бар?

– Істің ыңғайын білген кәсіби маман­ға, білікті компанияға кедергісі жоқ. Тек арагідік өзіне не керек екенін біл­мей­тін клиенттер кездеседі. Бұл – бір. Екін­ші­ден, консалтингтік қызметті көбінесе ірі компаниялар пайдаланады. Мұндай қызмет шағын және орта бизнеске де керек. Алайда көп жағдайда консалтингтік қызметті алуға шағын бизнестің шамасы жетпей жатады. Осыны ескеру керек. Мәселен, біздің компания шағын және орта бизнеске қызмет көрсетуге басымдық беріп отыр. Оларға да қызмет ұсынатын орта болуы керек. Біз осы бір олқылықтың орнын толтырсақ дейміз. Бұл қай тарапқа болсын тиімді деп ойлаймын. Бір жағынан компанияның іскерлігі артады, екінші жағынан бизнеске көмектесу арқылы елдің дамуына үлес қосасың.

– Қазір бұл нарық қалай реттеледі? Жалпы, ондай тетік бар ма?

– Консалтинг нарығына мемлекет тарапынан ешқандай реттеудің қажеті жоқ. Иә, ортақ мәселелерді талқылап, өзара тәжірибе алмасатын, консалтингтік ком­паниялардың басын біріктіретін қауым­дас­тықтардың болғаны жақсы. Бірақ ол қауымдастық та жұмысты қиын­датып жібермеуі қажет. Сертификат, басқа да дүниелер талап етілген жерде нарықтың дамуы да тежеледі. Қазақстан­ның консалтинг нарығындағы отандық компаниялар дамудың жолына енді түсті. Оны бағытынан жаңылдырып алмау өте маңызды.

– Пандемия консалтинг нарығына қалай әсер етті?

– Кері әсерін сезіндік. Бірнеше жобамыз тоқтап қалды. Бұл тек біздің басымыздағы жағдай емес. Нарық­та­ғы ойыншылардың көбі осындай қиын­дық­тар­мен бетпе-бет келді. Нарықтан мүлдем кетіп қалған ойыншылар да жоқ емес. Бағыт-бағдарын өзгерткен ком­панияларды да білемін. Десе де, төтен­ше жағдайдың бәрін тың мүмкіндік деп қарастыру керек. Сондықтан қиын­дықтарға қарамастан, жұмысымыз жал­ғасты. Кәсіби командаға қашанда сұ­ра­ныс табылады.

– Консалтингтік қызметті көбінесе қан­­дай салалар қажет етеді?

– Мұндай қызмет барлық салаға керек. Мәселен, біздің тәжірибеде құрылыс, тұрғын үй, білім, заңгерлік, қаржы секілді салалардағы компанияларға қыз­мет көрсетілді. Көп ресурсыңды алып қоя­тын компаниялар да кездеседі. Өздері хабарласып, «Астана» халықаралық қаржы орталығына тіркелу бойынша консультация алады да, кейін «хабарласамыз» деп жоқ болып кетеді. Кейбір компания­лар бизнестерін бастауға дайын болмауы мүмкін. Бірақ консалтинг қызметіне жүгінбейтін клиенттердің болуы нарыққа тән нәрсе. Негізі компаниялар консультация емес, нақты бір бағыт бойынша көмек сұрап хабарласуы керек. Консультация − консалтингтік компанияға жүгінгенге дейін жасалатын қадам.

– Кезінде ұлттық, мемлекеттік, халық­аралық компанияларда жемісті еңбек еттіңіз. Бизнестің негізін қалап, тәуе­келге бардыңыз. Қандай қиын­дық­тар болды?

– Адамның ең басты мақсаты – әйтеуір жетістікке жету емес. Жетістік үшін бас-көз жоқ алға ұмтыла беруге болмайды. Әлбетте, ақын Мұхтар Шаханов айтқандай, «үлкен арман» керек. Бірақ ол арман ел мүддесімен үндесіп жатуы керек. Бұл пафос болып естілуі мүмкін. Бірақ шындығында солай. Біз үшін ең бас­­­ты мақсат – өзіңе тапсырылған жұмысты тиянақты тындыру, өзің тұрып жатқан жерді көркейту, гүлдендіру. Сол арқылы елге еңбегің сіңеді, жетістік те өзі іздеп келеді.

Иә, үлкен компанияларда, іргелі мекемелерде жұмыс істедім. «Болашақпен» шетелде екі рет оқыдым. Ел көрдім. Осының бәрінен ұққаным бизнестің әліппесін мектеп қабырғасынан бастау керек. Бұл әлем елдеріне тән тәжіри­бе. Бізге де келіп жетті. Бала кез келген мәселеге сыни және креативті тұрғыдан ойлау­ды ерте мең­гер­уі керек. Қаржы сауат­тылығын да бала кү­нінен үйренгені абзал.

Тағы бір айтарым, кәсіпкер өз пайдасын ғана ойламауы керек. Елдің мүддесі қашанда жоғары тұруы тиіс. Біз­дің кәсіпкерлер бұл тұрғыдан алғанда қамшы салдырмай келеді. Мәселен, пандемия кезінде отандық кәсіпкерлер дем жетпей қиналған науқастарға, жұмыссыз қалған жандарға барынша көмектесті. Мем­лекетшілдік деген осы. Жалпы, эконо­миканың негізі – шағын және орта бизнес. Осыған көңіл бөлу маңызды. Ел Үкіметінің бұл бағытқа ерекше назар аударып отырғаны да сондықтан деп ойлаймын.

Әңгімелескен
Фархат ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»