Қоғам • 15 Ақпан, 2021

Құрбандарды толық ақтау – парыз

485 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде «Қазақ­стан­дағы саяси қуғын-сүргін: методологиялық тұжырым­дары және ғылыми-зерт­теулерге жаңа көзқарас» атты ғылыми-тәжі­рибелік конференция болып өтті.

Құрбандарды толық ақтау – парыз

Іс-шара Президент Қ.Тоқаевтың 2020 жыл­ғы 24 қарашадағы «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау туралы Мемлекеттік комиссия құру» тура­­лы Жарлығы шығып, комиссия құрыл­­ғаннан кейін өткізілген алғашқы республикалық жиындардың бірі болып отыр. Солтүстікқазақстандық ғалымдар мен өлкетанушылардың, жазушылар мен журналистердің және басқа да зерттеушілердің бұл мәселеге айрықша назар аударуында үлкен мән бар. Егер Қазақстанда кеңестік жүгенсіздікке қарсы ірілі-уақты 300-ден артық көтеріліс болса, соның 40-тан артығы осы шағын өңірде болған. Соларға қатысқандар ғана емес, олардың ұрпақтары да ұзақ жылдар бойы қудаланып, көзге түрткі болған күй кешті. Ешқандай тергеусіз, сотсыз НКВД-ның жендеттері атып тастаған қаншама жазықсыз адамдар мен олардың ұрпақтары да халық жауы есебінде тұрды. Аштықтың ғана емес, соның кесірінен жүздеген мың адам туған жерінен босып кетті. Тайганың ми батпақты ит тұмсығы батпайтын қалың нуында оларға салқын үй, салулы төсек жоқ еді. Сондықтан аурудан, аштықтан қаншама балалар мен жасөспірімдер қырылды. Осы күнге дейін оларды ақтау, жарқын есімдерін тірілтіп, халыққа білдіру деген қолға алынған жоқ. 1990 жылдардың басында ашылған архив құжаттары артынан тарс жабылды. Тек 1930 жылдары Қазақстанға жер аударылғандар мен 1937-1938 жыл­дардағы қанды репрессиядағы ажал құшқандар ғана ақталды. Барлық ақталғандардың 70 пайызы солар екен. Өйткені негізінен солардың ғана есімдері хатқа түскен. Ал хатқа түспей, НКВД-ның ойран салуымен қаза болған, із-түзсіз жоғалған адамдар сол күйі белгісіз болып келеді. Қазақстаннан басқа республикаларда қызылдардың осындай лаңдары зерттеліп, мыңдаған адам ақталды. Мұ­ның өзі саналарды коммунистік лаң­ның қанды салқынынан тазартуға да қажет еді. Алайда біздегі декоммунизация «жабулы қазан жабулы» күйінде осы күнге дейін қалып келеді. Жоғарыда аталған Мемлекеттік комиссия осы істі қолға алып, ұлттық тарихымыздағы ақтаңдақтарды жоюға бағытталған. Са­быр Қасымов сияқты ұлт жанашыры, нағыз патриот адамдардың бастамасымен ғана қолға алынған комиссияның жұмы­сын Президент Қ.Тоқаевтың қол­да­ғаны және оны іске асыру үшін Мемлекет­тік комиссия құрғызғаны оның жеке басы­ның көргенді зиялылығын танытумен бір­ге халқымыз үшін үлкен абырой болды.

Конференцияның жұмысына Респуб­ли­калық «Қаһармандар» қоғамдық қоры­ның президенті Сабыр Қасымов, Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдин, Мемлекет тарихы институтының директоры Еркін Әбіл, Париж­дің Орталық Азияны зерттеу инс­титутының профессоры Гзавье Аллез, Қырғыз Республикасы Дипломатиялық академиясының проректоры Зайнидин Құрманов, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия­ ұлт­тық университетінің проректоры, академик Д.Қамзабекұлы және т.б. қатысып, баяндама жасады.

Өзінің сөзінде С.Қасымов Мем­лекеттік комиссияның алдында тұрған ауқымды жұмыстарға тоқталды. Бізге алысқа бар­май-ақ осы жұмыстарды жүр­гізгенде тәуел­сіздігін алған бойында игі істерді қолға алған КСРО-дан тараған Балтық бойы рес­пуб­ликалары мен Қап тауы елдерінің тәжірибесінен үйрену керек. Бұлардағы декоммунизациялық үрдістер тиімді әдістермен жүргізілді. Соның арқа­сында олар қоғамның бойындағы іріп-шіріген бітеу жараларды ашып, оларды халықтың сарабына тартып, ашып көрсеткенде ғана бойымыз жасаңғырып, еліміз түлейді, ұлтымыз рухани жағынан жаңғырады. Бұл істе біз негізгі бағдар етіп халықаралық құ­қықтық нормаларды басшылыққа алуы­мыз керек деді ол.

Басқа сөйлеушілер де осы бағытты өз хал-қадерінше толықтырып, басқа да бағалы ой-пікірлерді ортаға салды. Соның ішінде фран­цуз про­фессоры Г.Аллез ақтау жұмыс­та­рын­да антропология мен социология ғылым­дарының әдістерін қолдану­ды да ұсынд­ы. Оның өзі қазаққа белгілі Ма­ман бай мен күйші Тәттімбеттің өздері мен ұрпақтарының қудалану жолдарын зерттейді екен. Конференция жұ­мысын М.Қозыбаев атындағы Солтүс­тік Қазақ­стан университетінің ғылым және ин­но­вациялар жөніндегі прорек­торы Ақ­марал Ыбыраева жүргізіп отыр­ды. Құт­тықтау сөздер Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов, Мәжі­ліс депутаты Берік Әбдіғалиұлы, облыс әкімінен және т.б. келді. Айтылған пікір­лер мен ұсы­ныстар жинақталып, Мем­лекеттік комис­сияның қарауына ұсынылатын болып шешілді.

Солтүстік Қазақстан облысы