Іс-шара Президент Қ.Тоқаевтың 2020 жылғы 24 қарашадағы «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау туралы Мемлекеттік комиссия құру» туралы Жарлығы шығып, комиссия құрылғаннан кейін өткізілген алғашқы республикалық жиындардың бірі болып отыр. Солтүстікқазақстандық ғалымдар мен өлкетанушылардың, жазушылар мен журналистердің және басқа да зерттеушілердің бұл мәселеге айрықша назар аударуында үлкен мән бар. Егер Қазақстанда кеңестік жүгенсіздікке қарсы ірілі-уақты 300-ден артық көтеріліс болса, соның 40-тан артығы осы шағын өңірде болған. Соларға қатысқандар ғана емес, олардың ұрпақтары да ұзақ жылдар бойы қудаланып, көзге түрткі болған күй кешті. Ешқандай тергеусіз, сотсыз НКВД-ның жендеттері атып тастаған қаншама жазықсыз адамдар мен олардың ұрпақтары да халық жауы есебінде тұрды. Аштықтың ғана емес, соның кесірінен жүздеген мың адам туған жерінен босып кетті. Тайганың ми батпақты ит тұмсығы батпайтын қалың нуында оларға салқын үй, салулы төсек жоқ еді. Сондықтан аурудан, аштықтан қаншама балалар мен жасөспірімдер қырылды. Осы күнге дейін оларды ақтау, жарқын есімдерін тірілтіп, халыққа білдіру деген қолға алынған жоқ. 1990 жылдардың басында ашылған архив құжаттары артынан тарс жабылды. Тек 1930 жылдары Қазақстанға жер аударылғандар мен 1937-1938 жылдардағы қанды репрессиядағы ажал құшқандар ғана ақталды. Барлық ақталғандардың 70 пайызы солар екен. Өйткені негізінен солардың ғана есімдері хатқа түскен. Ал хатқа түспей, НКВД-ның ойран салуымен қаза болған, із-түзсіз жоғалған адамдар сол күйі белгісіз болып келеді. Қазақстаннан басқа республикаларда қызылдардың осындай лаңдары зерттеліп, мыңдаған адам ақталды. Мұның өзі саналарды коммунистік лаңның қанды салқынынан тазартуға да қажет еді. Алайда біздегі декоммунизация «жабулы қазан жабулы» күйінде осы күнге дейін қалып келеді. Жоғарыда аталған Мемлекеттік комиссия осы істі қолға алып, ұлттық тарихымыздағы ақтаңдақтарды жоюға бағытталған. Сабыр Қасымов сияқты ұлт жанашыры, нағыз патриот адамдардың бастамасымен ғана қолға алынған комиссияның жұмысын Президент Қ.Тоқаевтың қолдағаны және оны іске асыру үшін Мемлекеттік комиссия құрғызғаны оның жеке басының көргенді зиялылығын танытумен бірге халқымыз үшін үлкен абырой болды.
Конференцияның жұмысына Республикалық «Қаһармандар» қоғамдық қорының президенті Сабыр Қасымов, Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдин, Мемлекет тарихы институтының директоры Еркін Әбіл, Париждің Орталық Азияны зерттеу институтының профессоры Гзавье Аллез, Қырғыз Республикасы Дипломатиялық академиясының проректоры Зайнидин Құрманов, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры, академик Д.Қамзабекұлы және т.б. қатысып, баяндама жасады.
Өзінің сөзінде С.Қасымов Мемлекеттік комиссияның алдында тұрған ауқымды жұмыстарға тоқталды. Бізге алысқа бармай-ақ осы жұмыстарды жүргізгенде тәуелсіздігін алған бойында игі істерді қолға алған КСРО-дан тараған Балтық бойы республикалары мен Қап тауы елдерінің тәжірибесінен үйрену керек. Бұлардағы декоммунизациялық үрдістер тиімді әдістермен жүргізілді. Соның арқасында олар қоғамның бойындағы іріп-шіріген бітеу жараларды ашып, оларды халықтың сарабына тартып, ашып көрсеткенде ғана бойымыз жасаңғырып, еліміз түлейді, ұлтымыз рухани жағынан жаңғырады. Бұл істе біз негізгі бағдар етіп халықаралық құқықтық нормаларды басшылыққа алуымыз керек деді ол.
Басқа сөйлеушілер де осы бағытты өз хал-қадерінше толықтырып, басқа да бағалы ой-пікірлерді ортаға салды. Соның ішінде француз профессоры Г.Аллез ақтау жұмыстарында антропология мен социология ғылымдарының әдістерін қолдануды да ұсынды. Оның өзі қазаққа белгілі Маман бай мен күйші Тәттімбеттің өздері мен ұрпақтарының қудалану жолдарын зерттейді екен. Конференция жұмысын М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Ақмарал Ыбыраева жүргізіп отырды. Құттықтау сөздер Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов, Мәжіліс депутаты Берік Әбдіғалиұлы, облыс әкімінен және т.б. келді. Айтылған пікірлер мен ұсыныстар жинақталып, Мемлекеттік комиссияның қарауына ұсынылатын болып шешілді.
Солтүстік Қазақстан облысы