Спорт • 15 Ақпан, 2021

Тәуелсіз елдің төл чемпиондары

1191 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай «Egemen Qazaqstan» газеті оқырманға тамаша тарту жасап отыр. Бұған дейін бас басылым тәуелсіз Қазақстан спортшылары қатысқан Олимпиада мінберінен көрінген оғландарын оқырманға ұсынса, елімізде өткен әлем чемпионаттарында атой салған спортшыларды да ұмыт қалдырған жоқ.

Тәуелсіз елдің төл чемпиондары

Сондай-ақ қысқы Азия ойындарында толағай табысқа жеткен спортшыларымызды да жазып шықты. Енді міне, назарларыңызға жат елде өткен әлем чемпионаттарында олжа салған спортшыларды ұсынып отырмыз.

1993 жылы Қазақстан спортшылары еліміздің көк байрағы астында тұңғыш рет өнер көрсетіп, жүлделі орындарға ие бола бастады. Қазақтың даңқты балуаны Дәулет Тұрлыханов (грек-рим) пен Григорий Егоров (жеңіл атлетика) жаһандық турнирде күміс жүлдегер атанса, Василий Жиров (бокс), Анатолий Храпатый (ауыр атлетика) және Яна Туниянц (садақпен ату) қола жүлдені қанағат тұтты.

1994 жылы бас-аяғы екі-ақ жүлде алдық. Есесіне, Қазақстан қоржынына алғашқы алтын медаль түсті. Грек-рим күресінің хас шебері Юрий Мельниченко Финляндияның Тампере қаласында өткен әлем біріншілігінің финалында ресейлік Александр Игнатенкодан басым түсіп, жеңімпаз атанса, нысана көздеуден Галина Беляева қола жүлдеге қол жеткізді.

1995 жылы жерлестеріміз бірнеше спорт түрінен төрт құрлық жарысына қатысқанымен, барлығы да елге алтынсыз қайтты. Болат Жұмаділов (бокс), Бақтияр Байсейітов (грек-рим) пен Юрий Мельниченко, Елмәди Жәбірейілов (екеуі де еркін күрес), Ольга Шишигина (жеңіл атлетика) күміс медальді мойындарына тақса, Андрей Макаров пен Анатолий Храпатый (екеуі де ауыр атлетика), Сергей Лавриненко (велоспорт) және Василий Жиров (бокс) қола жүлдені місе тұтты.

1996 жылы Олимпиада жылы болғандықтан көптеген спорт түрінен әлем біріншілігі өтпеді. Тек бессайысшыларымыз ғана аламанда жүлде алды. Александр Парыгин жекелей сында алдына жан салмаса, Дмитрий Тюрин, Олег Ребров және Александр Парыгин бастаған бессайысшылар командалық жарыста қола жүлдемен елге оралды.

1997 жылы грек-рим күресінен Вроцлавта (Польша) өткен жаһан біріншілігінде Юрий Мельниченко қарсыластарын қапы қалдырып, әлемнің екі дүркін жеңімпазы деген атаққа ие болды. Спорттық гимнастикадан сынға түскен Сергей Федорченко алтын тұғырдан көрінсе, Ермахан Ибрайымов (бокс) жаһандық турнирдің финалында сүрінді. Ал Болат Жұмаділов (бокс) пен Мәулен Мамыров (еркін күрес) жүлдегерлер қатарын толықтырды.

1998 жылы спортшыларымыз әлем біріншілігінде небәрі үш-ақ медаль еншіледі. Есесіне, барлығы алтын. Алдымен қазақтың Әнұранын Барселонада Наталья Гурова (нысана көздеу) шырқатса, Бақтияр Байсейітов пен Мхитар Манукян (екеуі де грек-рим күресі) Швецияда өткен жаһандық сайыста мойындарына алтын медаль тақты.

Б.Байсейітов үшін басты турнирде теңдессіз атану оңай болған жоқ. Бірінші кездесуде Олимпиада, әлем чемпионаттарының жүлдегері поляк Юзеф Трачтен әзер дегенде басым түсіп, келесі қарсыласы Норвегия спортшысы Борге Йоханссенді аса қиналмай ұтты. Үшінші белдесуде әзербайжандық Квитша Бичинашвилиді еліне ерте қайтарса, жартылай финалда Мұрат Кардановпен айқасқа түсті. Белдесу тым ауыр болғанына қарамастан, Бақтияр ресейлік қарсыласынан айласын асырды. Ал ақтық айқаста оны Олимпиада және әлем чемпионы кубалық Филиберто Аскуй күтіп тұрған еді. Бұған дейін екеуі екі мәрте жолығып, барлығында да ойсырай ұтылған отандасымыз боз кілемге құлшынып шығып, таблодағы есепті 9:2 жеткізді. Осылайша, Б.Байсейітов тәуелсіз Қазақстан тарихында Олимпиадалық спорт түрінен әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақ болып тіркелді.

1999 жылғы жаһандық дода бұған дейінгі жылдармен салыстырғанда медальдың сапасы жағынан да, саны жағынан да көптігімен ерекшеленді. Әлемдік аренада 3 алтын, 2 күміс және 2 қола медальды иелендік. Соның ішінде алтын медальды боксшы Болат Жұмаділов пен грек-рим күресінен Мхитар Манукян және триатлоншы Дмитрий Гааг еншілесе, күміс медальді Мұхтархан Ділдәбеков (бокс) пен Юрий Мельниченко (грек-рим күресі) әкелді. Ал қола медальға Әділхан Сағындықов (таэквондо) пен Ермахан Ибрайымов (бокс) қол жеткізді.

Осы жеңістен кейін Манукян әлемнің екі дүркін жеңімпазы атанды. Өкінішке қарай, содан бері табаны күректей 21 жыл өтсе де, жерлестеріміздің арасынан дүниежүзілік додаларда дараланған бірде-бір балуан шықпады.

2001 жылы Галиб Жафаров (бокс) пен Ольга Шишигина (жеңіл атлетика) ақтық сынға дейін алқынбай жеткенімен, шешуші тұста есе жіберіп алды. Ал қос Асхат (Шахаров пен Жіткеев, екеуі де дзюдо) мойындарына қола медаль ілді.

2002 жылы нысана көздеуден Ольга Довгун алтын алса, Наталья Гурова күміспен күптелді.

2003 жылы қос бірдей боксшымыз Галиб Жафаров пен Геннадий Головкин бас жүлдені жеңіп алды. Ал Лия Нуркина (таэквондо), Георгий Цурцумия (грек-рим күресі), Геннадий Лалиев (еркін күрес) және Дмитрий Карпов (жеңіл атлетика) қола жүлдені місе тұтты.

2004 жылы тек Александр Винокуров (велоспорт) пен Дмитрий Гааг (триатлон) ғана үздік үштікті түйіндеді.

2005 жылы Қытайдың Мяньян қаласында өткен төрт құрлық додасында боксшыларымыз Серік Сәпиев пен Ердос Жаңабергенов алтыннан алқа тағып, Біржан Жақыпов, Мират Сәрсембаев және Афина Олимпиадасының жеңімпазы Бақтияр Артаев қола жүлдегер атанды.

Ауыр атлетикадан төрт дүркін әлем чемпионы атанған біз білетін 12 спортшы ғана. Сол тізімде қазақстандық Анатолий Храпатый (5 дүркін) мен Илья Ильин
(4 дүркін) де бар. Ильяның жарқын жеңісі нақ осы 2005 жылы Дохада өткен әлем чемпионатында басталды. 17 жастағы ауыр атлет қоссайыс (серпе мен жұлқа көтеруден) бойынша 386 килоны басынан асырып, Тәуелсіз Қазақстанның Әнұранын шырқатты.

Сондай-ақ грек-рим күресінен Ермек Көкетов, байдарка және каноэдан Жомарт Сатыбалдин және еркін күрестен Магомед Куруглиев қола медальды қанағат тұтты.

2006 жылы қоржынымызға екі алтын медаль түсті. Бір қызығы, екі алтынды да бұрын әлем чемпионы атанған спортшылар иеленді. Илья Ильин бір жыл бұрынғы жетістігін Доминикан Республикасында екінші мәрте қайталаса, Ольга Довгун 2002 жылғы толағай табысына Хорватия төрінде тағы бір рет қол жеткізді. Сондай-ақ Ольга Довгун Варвара Коволенко мен Галина Корчмамен бірге өнер көрсеткен командалық сайыста күміс медальді жеңіп алды. Ал тағы бір 50 метр қашықтықта нысана көздеуден шымкенттік спортшы үшінші орынға табан тіреді. Сонымен қатар жаһандық жарыста дәл осындай жетістікке Варвара Коволенко (нысана көздеу), Назгүл Боранбаева (бокс), Александр Винокуров (велоспорт) және Халид Халидов (каратэ) те жетті.

2007 жылы Серік Сәпиев үшін табысты жыл болды. Себебі қарағандылық боксшы небәрі 24 жасында екі бірдей дүниежүзілік доданың жеңімпазы санатына қосылды. Мұнымен қоса, ол Бейжің Олимпиадасы жолдамасына да ие болды. Чикагода өткен әлем біріншілігінде Бақтияр Артаев пен Еркебұлан Шынәлиев үшінші орынға табан тіресе, осы жылы Елена Шалыгина, Ольга Смирнова, Ольга Жәнібекова (үшеуі де әйелдер күресі), Арман Шылманов, Аслан Батықұлов, Назгүл Тәжігүлова (үшеуі де таэквондо) және Дмитрий Карпов (онсайысшы) аламанда үздік үштіктен көрінді.

2008 жылы әйелдер күресі, қыздар боксы және каратэшілер сайысы өз жеңімпаздарын анықтады. Қырғызстаннан қоныс аударған Жұлдыз Эшімова (әйелдер күресі) Токиода өткен аламанда күміспен күптелсе, Елена Кольцова (бокс), Дархан Асаділов пен Әлібек Піренов (екеуі де каратэ) әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды.

2009 жылы өткен жаһандық додада жүлделеріміздің саны да, сапасы да көп болды. Ауыр атлетшілеріміз Зүлфия Чиншанло, Майя Манеза, Светлана Подобедова Оңтүстік Кореяның Коян қаласында өткен әлем біріншілігінде топ жарды. Осы жеңістен кейін Қазақстанның ауыр атлетика құрамасы бейресми командалық есепте алға тек қытайлықтарды жіберді. Сонымен қатар 2009 жылы дзюдошы Максим Раков және нысана көздеуден Наталья Гурова қазақтың Әнұранын шырқатса, Серік Сәпиев (бокс), Арман Шылманов (таэквондо), Нұрбақыт Теңізбаев (грек-рим күресі), Леонид Спиридонов (еркін күрес), Елена Шалыгина (әйелдер күресі) және Владимир Кузнецов (ауыр атлетика) үздік үштікті түйіндеді.

2010 жылы қыздар арасында Барбадос астанасы Бриджтаунда бокстан өткен әлем біріншілігінде күміспен күптелген Марина Вольнова араға екі жыл салып Лондон Олимпиадасының қола медаліне ие болды. Күрес түрлерінен Мәскеуде өткен әлем біріншілігінде алғаш рет үздік үштіктен көрінген Алмат Кебісбаев (грек-рим күресі) араға жылдар салып әлемнің күміс және үш дүркін қола жүлдегері атанды. Сондай-ақ 120 кг салмақ дәрежесіндегі Нұрмахан Тінәлиев те алғашқы ірі турнирін Мәскеу төрінде жеңіп алды. Қазір ол әлемнің үш дүркін қола жүлдегері және Азияның екі дүркін жеңімпазы.

Майя Манеза, Светлана Подобедова ауыр атлетикадан Антальяда өткен әлемдік сайыста топ жарса, Елена Шалыгина (әйелдер күресі) күміс жүлдеге қол жеткізді. Ал Абдулхаким Шапиев (еркін күрес), Ольга Довгун, Вячеслав Подлесный (екеуі де нысана көздеу) және Назгүл Боранбаева қола медальға ие болды.

2011 жыл осыған дейінгі кезеңмен салыстырғанда Қазақстанның спорт тарихында ең табысты жыл ретінде есте қалды. Оғландарымыз бас-аяғы 15 жүлде еншіледі. Ауыр атлетикадан Париж төрінде өткен әлем біріншілігінде Илья Ильин, Зүлфия Чиншанло алтын тұғырдан қол бұлғаса, Майя Манеза күміс медальға ие болды. Ауыр жарақатынан енді ғана айыққан Светлана Подобедова қола жүлдені қағанат тұтты.

Осы жылы Ольга Рыпакова (жеңіл атлетика), Максим Раков (дзюдо), Серік Сәпиев, Әділбек Ниязымбетов (екеуі де бокс) және Алмат Кебісбаев (грек-рим күресі) күміс жүлдегер болса, Нұрмахан Тінәлиев (грек-рим күресі), Ғани Жайлауов, Иван Дычко (екеуі де бокс), Дәулет Ниязбеков, Дәурен Жұмағазиев (екеуі де еркін күрес) және Жұлдыз Эшімова (әйелдер күресі) жүлдегерлер қатарын толықтырды.

2012 жылы Қытайдың Циньхуандао қаласында бокстан өткен әлем чемпионатынан Жұлдыз Маматқұлова күміс,  Назым Қызайбай қола медальді тағып қайтты. Әйелдер күресінен сынға түскен Гүзел Манюрова екінші орын алса, каратэден Халид Халидов үздік үштіктен көрінді.

2013 жылы жаһандық додада Алмас Өтешов (ауыр атлетика) пен Азамат Мұқанов (дзюдо) күміс медальмен оралса, Нұрмахан Тінәлиев (грек-рим күресі) пен Екатерина Ларионова (әйелдер күресі) қола жүлдегер атанды.

2014 жылы Оңтүстік Кореяда қыздар арасында бокстан өткен әлем чемпионатында Назым Қызайбай бас жүлдені жеңіп алып, тағы бір боксшымыз Ләззат Күнгейбаева финалда сүрінді.

2015 жылы ауыр атлет Нижат Рахимов пен Александр Зайчиков алтын тұғырдан қол бұлғаса, Данияр Елеусінов, Иван Дычко (екеуі де бокс) және Жазира Жапарқұл (ауыр атлетика) күміс жүлдегер атанды. Ал Алмат Кебісбаев, Досжан Картиков (екеуі де грек-рим күресі), Светлана Подобедова (ауыр атлетика), Ольга Рыпакова (жеңіл атлетика) үздік үштікті түйіндеді.

2016 жылы Нұрлан Бекжанов еркін күрестен Будапештте өткен аламанның финалында жеңіліп, ал Айым Әбілдина (әйелдер күресі) қола жүлдемен елге оралды.

2017 жылы боксшы Қайрат Ералиев ғана әлем біріншілігінде биік тұғырдан көріне алды. Күміс жүлдеге Әбілхан Аманқұл, Қамшыбек Қоңқабаев (екеуі де бокс), Мейрамбек Айнағұлов, Демеу Жадраев (екеуі де грек-рим күресі) ие болса, қола жүлдеге Жомарт Ержан, Абылайхан Жүсіпов, Василий Левит (үшеуі де бокс), Қайрат Сарымсақов (таэквондо), Ольга Рыпакова (жеңіл атлетика), Ақжүрек Таңатаров (еркін күрес) және Отгонцецег Галбадрах (дзюдо) лайық деп танылды.

2018 жылы олжаға кенелген отандастарымыздың арасында Ерлан Серікжанов (дзюдо), Жайна Шекербекова (қыздар боксы), Нұрислам Санаев сынды спортшылар айшықты өнерлерімен көзге түсіп, күміс жүлде алды. Сондай-ақ Арли Чонтей (ауыр атлетика) де қоржынға күміс медаль салса, Айдос Сұлтанғали, Мейіржан Шермаханбет (екеуі де грек-рим күресі), Дархан Асәділов (каратэ), Надежда Лихачева (ауыр атлетика), Отгонцецег Галбадрах (дзюдо), Карина Ибрагимова (бокс) үздік үштіктен көрінді.

2019 жылы қазақстандықтар арасында жалғыз алтын жүлдені Бекзат Нұрдәулетов (суретте) ғана жеңіп алды. Ол Екатерингбургте өткен әлемдік додаға тұңғыш рет қатысқанына қарамастан барлық қарсыласын бет қаратпай жеңді. Тіпті жартылай финалда оның жолына кубалық атағы дардай Хулио Сесар Ла Крус қарсы тұрса да жерлесіміз қаймыққан жоқ. Ла Круста әлемнің төрт дүркін және Рио Олимпиадасының чемпионы. Бүкіл әлем көз тіккен спорттық шараның қақ төрінде отандасымыз кубалық «қабыланды» нокдаунға жіберіп, 81 кило салмақта кім мықты екенін аңғартты. Финалда өзбек Дилшодбек Рузметовті 5:0 есебімен ойсырата жеңген Бекзат әлем чемпионы атанды.

Сондай-ақ 2019 жылы Қамшыбек Қонқабаев (бокс) күміс жүлдеге ие болса, Қайрат Сарымсақов (таэквондо), Ришат Хайбуллин (қабырғаға өрмелеу), Елдос Сметов (дзюдо), Милана Сафронова, Дина Исламбекова (екеуі де бокстан), Сәкен Бибосынов, Абылайхан Жүсіпов, Тұрсынбай Құлахмет және Василий Левит (барлығы да бокс) қола медаль еншіледі.

Жалпы, 1993-2019 жылдар, яғни 26 жылдың ішінде өткен жаһандық жарыстарда спортшыларымыз 46 алтын, 52 күміс және 101 қола медаль жеңіп алды.

Әлем чемпионаттарында Қазақстанның көк байрағын биік тұғырдан желбіреткен сайыпқырандарымыз қазақ спорты тарихында алтын әріппен жазылары сөзсіз. Сондықтан еліміздің атын асқақ биікке көтерген осындай чемпиондарға қандай құрмет пен қошемет көрсетсе де жарасады.

 

1993-2019 жылдары аралығында әлем чемпионатында

топ жарған спортшылар

Спортшылар

Спорт түрі

Дисциплина

Медаль

1994 жыл

1

Юрий Мельниченко

Грек-рим күресі

57 кг

алтын

1996 жыл

2

Александр Парыгин

Бессайыс

жекелей

алтын

3

Дмитрий Тюрин

 

Бессайыс

 

эстафета

 

алтын

Александр Парыгин

Олег Ребров

1997 жыл

4

Юрий Мельниченко

Грек-рим күресі

58 кг

алтын

5

Сергей Федорченко

Спорттық гимнастика

 

алтын

1998 жыл

6

Бақтияр Байсейітов

Грек-рим күресі

63 кг

алтын

7

Мхитар Манукян

Грек-рим күресі

74 кг

алтын

8

Наталья Гурова

Нысана көздеу

 

алтын

1999 жыл

9

Болат Жұмаділов

Бокс

51 кг

алтын

10

Мкхитар Манукян

Грек-рим күресі

63 кг

алтын

11

Дмитрий Гааг

Триатлон

жекелей

алтын

2002 жыл

12

Ольга Довгун

Нысана көздеу

50 м. мылтық

алтын

2003 жыл

13

Галиб Жафаров

Бокс

57 кг

алтын

14

Геннадий Головкин

Бокс

75 кг

алтын

2005 жыл

15

Серік Сәпиев

Бокс

64 кг

алтын

16

Ердос Жаңабергенов

Бокс

81 кг

алтын

17

Илья Ильин

Ауыр атлетика

85 кг

алтын

2006 жыл

18

Илья Ильин

Ауыр атлетика

94 кг

алтын

19

Ольга Довгун

Нысана көздеу

50 м. мылтық

алтын

2007 жыл

20

Серік Сәпиев

Бокс

64 кг

алтын

2009 жыл

21

Зүлфия Чиншанло

Ауыр атлетика

53 кг

алтын

22

Майя Манеза

Ауыр атлетика

63 кг

алтын

23

Светлана Подобедова

Ауыр атлетика

75 кг

алтын

24

Максим Раков

Дзюдо

100 кг

алтын

25

Наталья Гурова

Нысана көздеу

10 м.

алтын

2010 жыл

26

Майя Манеза

Ауыр атлетика

63 кг

алтын

27

Светлана Подобедова

Ауыр атлетика

75 кг

алтын

2011 жыл

28

Илья Ильин

Ауыр атлетика

94 кг

алтын

29

Зүлфия Чиншанло

Ауыр атлетика

53 кг

алтын

2013 жыл

30

Біржан Жақыпов

Бокс

49 кг

алтын

31

Мерей Ақшалов

Бокс

64 кг

алтын

32

Данияр Елеусінов

Бокс

69 кг

алтын

33

Жәнібек Әлімханұлы

Бокс

75 кг

алтын

2014 жыл

34

Назым Қызайбай

Бокс

48 кг

алтын

35

Зүлфия Чиншанло

Ауыр атлетика

53 кг

алтын

36

Жасұлан Қыдырбаев

Ауыр атлетика

94 кг

алтын

37

Илья Ильин

Ауыр атлетика

105 кг

алтын

2015 жыл

38

Елдос Сметов

Дзюдо

60 кг

алтын

39

Нижат Рахимов

Ауыр атлетика

77 кг

алтын

40

Александр Зайчиков

Ауыр атлетика

105 кг

алтын

2016 жыл

41

Назым Қызайбай

Бокс

48 кг

алтын

42

Дина Жоламан

Бокс

54 кг

алтын

43

Валентина Хальзова

Бокс

69 кг

алтын

44

Ләззат Күнгейбаева

Бокс

+81 кг

алтын

2017 жыл

45

Қайрат Ералиев

Бокс

56 кг

алтын

2019 жыл

46

Бекзат Нұрдәулетов

Бокс

81 кг

алтын