Қазақстан • 16 Ақпан, 2021

Тажалды екпе ғана тежейді

448 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев коронавирус инфекциясына қарсы екпе салу сынды маңызды іс-шараға үлкен дайындықпен келгендерін айтады. Бүгінде өңірде арнайы құрылған 35 арнайы вакцина орталығында 115 екпе бөлмесі ашылып, жұмыс істеп тұр.

Тажалды екпе ғана тежейді

Сонымен қатар вакцинаны кө­­лік­­пен жеткізуді дұрыс ұйым­дастыру және оны талапқа сай сақтау үшін мұздатқыш қондыр­ғы­лар, рефрижераторлар және термоконтейнерлер сатып алынған.

– Екпе салу ісінің ашықтығын қам­тамасыз ету үшін біз бұрын бо­лып көрмеген іс-шараларға бар­дық: әрбір екпе кабинетіне ол жерде болған жағдайды онлайн режімде көрсетіп отыратын бейнекамералар орнаттық. Мұ­ның өзі біздің және азамат­та­ры­­мыздың вакциналау бары­сы­ның қауіпсіздігіне деген сенімін күшей­те­ді. Яғни керек болған жағ­дай­да бізде екпе салынғаны туралы фак­тінің растығын дәлел­деу­ге мүм­кіндік бар. Және бұл бейне­тү­сірілімдер жылдың соңына де­йін сақ­­талады, – дейді облыстың бас дәрігері.

Қарағанды облысында вакциналау көлемі ай өткен сайын ұлғая бермек. Жергілікті денсаулық сақ­тау бас­қар­масы жыл аяғына дейін өңірдің 700 мыңға жуық тұр­ғы­нын екпеден өткізу­ді жос­пар­ла­ған. Әзірге кейбір мә­лі­мет­терге қара­ғанда, ме­­дици­на сала­сындағы 600-ден астам қыз­меткер вакцина сал­­ды­рып­­ты.

Еске салар болсақ, еліміздегідей Қарағанды облысында да вакциналау іс-шарасына алдымен медицина қызметкерлері тәуекелге бел буып, үн қосты. Жалпы жос­пар бо­йынша коронавирусқа қар­сы ек­пені бірінші кезекте ин­фек­­­ция­лық ауруханалардың, ме­ди­­ци­­налық жедел жәрдем мен жан­­сақ­тау бөлімшелерінің, алғаш­қы медициналық-санитарлық көмектің, қабылдау бөлмесінің, санэпидқызметтің 100 мыңдай қыз­меткері алады деген болжам бар. Екінші кезеңде жалпы білім беретін мектептердің, жоғары оқу орындарының педагогтері және медициналық қызмет көрсету сала­сы­ның өкіл­де­рінен тұратын 150 мыңға жуық адам вакциналанбақ. Ал үшінші ке­зеңнің үлесіне мектеп-ин­тер­нат­тың, мектепке дейінгі балалар мекемелерінің педагогтерін, сту­дент­терді, созылмалы аурула­ры бар тұрғындарды қосқанда барлығы 600 мың адам келеді деген жоспар бар.

Қазіргі таңда «жасыл аймаққа» қайта оралған Қарағанды облы­сын­дағы эпидемиялық ахуал тұ­рақ­­талып келеді. Мысалы, ин­фек­­циялық стационарларда 500 па­циент ем алып жатыр. Бұл бар бол­ғаны жалпы төсектік орын қо­рының 11%-ын ғана құрайды.

Дәрігер мамандар коронавирус инфекциясы вакцинаға бағы­на­тын сырқат түріне жатады деп есептейді. Сондай-ақ олар еліміз бойынша салынып жатқан вакцина түрлерінің қатаң тексеру-сұрыптаудан өткенін, сол себепті де препараттардың қауіпсіздігі мен тиімділігіне күмәнмен қара­мау керек екенін айтады. Сон­дықтан мамандар жұртты мессенд­жер­лердегі неше түрлі күмәнді ақпараттардың жетегінде кете бермей, ресми дерек көздерінің шынайы мәліметтеріне ден қоюға шақырады.

Осы орайда айта кету керек, облыста алғашқы күндері екпе сал­дырған медицина қыз­мет­кер­­лерінің ыстығы көтеріліп, ол 37,8 градусқа дейін жеткен бола­тын. Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарасты қо­ғам­­дық денсаулық сақтау қыз­ме­тінің жетекшісі Бибігүл Төлеге­но­ва мұны жақсы көрсеткіш деп бағалайды. «Неге десеңіз, – дейді ол, – температура көтеріл­ген сайын антидене белсенді түрде қалып­та­сып, иммундық жүйе жақ­сы жұмыс іс­тей бастайды».

Сондай-ақ маман вакцина­лау­дың пандемиядан сақтап қалатын жалғыз ғана жол екенін айтады. «Екпе салдыру науқаны туралы жағымсыз пікірлер тек әлеу­мет­тік желілерде ғана айты­лып жүр. Ал емханалардағы жағ­дай­ға қа­расақ, адамдар күнде ха­бар­ла­сып, мүмкіндіктеріне қа­рай екпе салдыруға ниетті болып жатыр», дейді облыстағы қо­ғамдық ден­сау­лық сақтау қыз­ме­тінің же­тек­ші­сі.

Жасыратыны жоқ, қазір қоғам­да «Неге тек ресейлік «Спутник V» ғана?» деген пікірлер айтылып қалып жүр. Бұл жерде мамандар келтірген уәж бен дәлелге назар аударсақ, жағдай шынында да күрделі екен. Мәселен, кей­бі­реулер айт­қандай, америкалық Phizer ком­паниясының өнімін сатып алғанымен, оны елімізге жет­кі­зу­дің жолы тіпті де оңай емес көрінеді. Ол препаратты тек қана -80 градус температураны қатаң сақтай отырып тасымалдау керек. Шетелдік вакцинаны амалдап жеткізген күннің өзінде оны пайдаға жарату үшін тек Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында ғана орталық ашу мүмкіндігі бар екен. Басқа өңірлерге жеткізу әзірге қолдан келмейтін шаруа дегенді ай­та­ды мамандар.
Вакциналауға қатысты тағы бір жаңалық: 15 ақпаннан бас­тап Қара­ғанды фармацевтикалық ке­ше­­нінде трансферттік техно­ло­гияға арқа сүйеп өндірілген екпе конвейерден шығуы мүмкін. Ал алдымыздағы сәуір айында отан­дық QazCovid-in вакцинасы өнді­рі­ле бастайды деген дерек бар.

Қарағанды облысы