Өнер • 16 Ақпан, 2021

Шеберханасыз шебер

1175 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Кереку өңірінде Алашқа мәлім Ақкөл Жайылма де­ген атырап бар. Сөз қо­­­нып, ән әуелеген, өнер өріс­теп, кие дарыған қасиет­ті жер. Әмбе небір та­­­лантқа бесік болған бе­ре­келі мекен. Бүгінгі біз­дің кейіпкеріміз Баян Қай­нышева да сол киелі топы­рақтан.

Шеберханасыз шебер

Ол – мүсінші һәм сурет­ші. Аты алысқа тарамаса да, Ке­реку жұрты ерекше қадір­леп, әс көтеретін өнер иесі. Қа­тардағы мұғалім қазаққа қа­дір­лі Абай мен Мұхтардың, Естай мен Сұлтанмахмұттың бюс­тін жасаған. Бүгінде Баян Қай­нышеваның қиялынан туған кеу­де мүсіндер кеншілер ша­һа­рының көркін ашып тұр. Баян­ауылдағы Жүсіпбек бюстінің, Ерейментаудағы Үмбетей жырау мүсінінің авторы да осы жан.

Екібастұздың тарихи-өлке­тану музейінде Естай Бер­кім­­байұлына арналған зал бар. Осын­­дағы көздің жауын алар екі үлкен туынды – Баян Қай­ны­ше­­ваның еңбегі. Әулие­көл жа­ға­сында ән салып отыр­ған Естай ақынды айнытпай мү­сіндеген өнерпаздың өнеріне сүй­сінбеген адам кемде-кем. Ал екінші туындыда қысқа ғұмырда қосыла алмаған қос ғашық Естай мен Қорлан бір-біріне қол созған қалпы тас мүсінге айналған. Ға­шық­тардың арасын қазақтың қара домбырасы бөліп тұр. Бұл – ұлы сезімнің «Қорландай» ұлы әнге айналғандығының белгісі.

Ол – тума талант. Олай дей­тініміз, Баян Қайнышева дүйім елге әйгілі дарын иелері секілді іргелі оқу орындарында оқыма­ған. Бітіргені – Екібастұздың пе­дагогикалық училищесі. Бертін Павлодардағы Инновациялық Еуразия университетін тәмам­даған. Болды. Алайда Баян Құр­манқызының қолынан шыққан ­керемет туындылар «Алма­ты­дағы я Мәскеудегі атақты ұстаха­наларда өнерін ұштаған-ау» деген ойға жетелейді. Әсте олай емес. Кереку өңірінен қарыс қа­дам шықпай-ақ өнердің биігіне өрлеп келеді.

л

Баян Қайнышева ұзақ жыл­дар бойы Екібастұздағы С.Торай­ғыров атындағы №22 мектеп-гимназиясында бейнелеу өнерінен сабақ береді. Мүсіншілік – жан қалауы. Өнерін ортаға салып, кәсіпке айналдырған емес. Тап­сырыс түссе, тартынбайды. Кө­бінесе жүрегі қалаған дүние­лерді жасайды. Жеке шеберханасы да жоқ. Шеберханасы – өз шаңырағы.

– Тәуелсіздіктің алғашқы жыл­­дары қиын кезең еді ғой. Баян мұғалімдік жұмысқа тұрды да, оқушыларына бар білгенін үйретуге кірісті. Алайда ол кезде мүсін жасауға қажетті материалдар қасқалдақтың қанындай тапшы болатын. Әлі есімде Екі­бастұздағы православтардың шір­­кеуі салынып жатқан жерден әжептәуір ақ саз алып келгенім бар. Баян оны біразға дейін пайдаланып, кәдеге жаратты. Осыдан кейін ол мүсін жасауға ден қоя бастады. Айтпақшы, мына бір қызық оқиғаны айтпай кетуге болмас. Бірде Баянның шаңырағына – Ақкөл Жайылмадағы «Өлең­ті» совхозына бардық. Үйге келген қонақтардың ішінде кө­ріп­келдігімен, әулиелігімен жұрт­қа мәлім Жандарбек қожа да бар еді. Өзгелер секілді біз де қожа атаның батасын алдық. Жандарбек ата Баянның қолын ұстап «Сенің қолыңда үлкен өнер бар!» деді. Әрине, әуелде оған мән берген жоқпыз. Тек ке­йін қожа атаның айтқаны айдай кел­генін түсіндік, – дейді мүсіншінің жұбайы Рашид Жапанов.

л

Баян Құрманқызының ал­ғаш жасаған мүсіні – әкесінің бейне­сі. Кішігірім сол мүсін үлкен өнер­ге жол ашты.

– Алғашқы еңбегімнен ке­йін ерекше шабыт алдым. Шебер­лігімді шыңдауға кірістім. Екі­бастұзда Сергей Павлович Пан­телеев деген мықты суретші бар. Сол кісіден көп дүниені үйрен­дім. Көрмелердің бірінен жұ­мыс­тарымды тамашалаған Ти­мур Ковалев те қолдау көрсетті. Уни­верситет қабырғасында Вла­­димир Ефремовтей тамаша тұл­ғадан тәлім алдым. Кереку өңірін­дегі Бота Машрапов, Ғалым Қар­жасов, Өсербай Шоранов, Әнуар Игембаев секілді сурет­ші, мүсін­ші ағалардың берген ақыл-ке­ңесі де тынысымды кеңейт­ті. Әріп­тесім, суретші Ақертіс Сол­тан­баевтың, жиенім Ризабек Жақы­повтың өнеріме үлкен қол­­ға­быс жасағанын бөле-жара атап өтуге тиіспін, – дейді Баян Қай­нышева.

Атап өтерлігі, Кереку өңірін­де мүсіншілікті меңгерген бұрым­дылар тым аз. Сондықтан болар, Баян Құрманқызын облыстағы суретшілер мен мүсіншілер ерекше қадірлейді. Оны осы ортаның еркесі, гүлі десе де жарасатындай. Ақындар да жыр арнап, өнер иесінің мәртебесін одан әрі биік­тетуде. Екібастұздық мү­­сінші­нің өмірі мен өнері ки­но­­новелла­ға да өзек болды. Оны «Хабар» телеарнасынан мил­лиондаған адам тамашалап, тамсанды.

– Өткен жылдың жазында «Ха­бар» телеарнасы Тәуел­сіз­дік­тің 30 жылдығына орай «Мен Қазақстанды және қазақ­стан­дықтарды не үшін жақсы көре­мін» деген жобаның басталғанын хабарлады. Оған республикаға аса танымал емес, бірақ өз өңірінде үлкен құрметке ие адамдар туралы сценарий жазып, ұсыну керек екен. Баянға ескертпей, оның шығармашылығы туралы сце­нарий жазып жібердім. Ұйым­­дастырушыларға ұнапты. Жарты сағаттық киноновелла­ны Бақыт Қилыбаевтың сценар­лық шеберханасы түсірді. Осы жыл­­дың 14 қаңтарында эфирге шықты. Көпшілік көркем дү­­ниені жылы қабылдаған секіл­ді. Өйткені, хабарласып, құт­тық­тағандар көп. Өз басым Баян­­ның шығарма­шылығы мұндай туын­дыға лайық деп есептей­мін. Өйт­кені, ол бұл салаға өмірі­нің 25 жылын арнады. 100-ден астам өнер туындысын жасады. Тігін­­шілікті, тоқымашылықты, сурет­шілікті де бір кісідей мең­герген. Саздан қуыршақ жасайтын өнері және бар. Сондай-ақ елімізде мүсін­ші әйелдер өте аз. Осы саланың өкілін көпшілікке танытқым кел­ді. Сценарий жазуыма түрткі бол­­ған жайттың бірі осы, – дейді Рашид Жапанов.

Жобаның бас про­­­дюсері Бақыт Қилыбаевтың айтуын­ша, екі­бастұздық қара­па­йым мұға­лімнің өмір жолы қа­зы­­лар алқа­сын ерекше таңғал­дырыпты.

– Біз көрерменге бас кейіп­­кер арқылы өмірді қалай өзгерту­­ге болатынын көрсеткіміз келді. Алға мақсат қойып, соған ұм­тылу керектігін жеткіздік деп ойлай­мын. Бұл туындыда экшен, күтпеген оқиғалар жоқ. Есе­сіне, «Бөбек» қорының симво­лына айналған мүсіннің – ана­ның аялы алақанындағы сәби үлгісіндегі туындының дүниеге қалай келгенін көруге болады, – дейді Бақыт Қи­лыбаев.

лл

Баян Құрманқызымен бір ша­­ңырақ астында 35 жылға жуық бақытты ғұмыр кешіп ке­ле жат­қан Рашид Жапанов жұбайы­на үнемі қолдау көрсетумен ке­ле­­ді. Ұлдары да өнерден алыс емес. Тұңғышы Қасымхан – рес­пуб­ликаға танымал дизай­нер. Қа­сым­хан Жапанов – Павлодар об­лысы эмблемасының, ауыр ат­ле­тика­дан Алматыда өт­кен әлем чем­пионатының, кү­рес түр­­­­ле­рінен астанада ұйым­дас­­ты­­рылған әлем бірін­шілі­гі­­нің ло­го­типі мен медальдар жиын­ты­ғы­ның авторы. Ортан­шы ұлы Ислам – кәсіпкер, ал кен­же­сі Ди­маш – сту­дент. Олар да өнер­ден қара жаяу емес.

Баян Қайнышеваның қарапа­йым­дылығына қайран қалмайтын адам жоқ. Төр менікі деп төске өрлемейді. Кейбір өнер адамдары секілді өзін орынды-орынсыз жарнамалауға жаны қас. Артық мақтауды да сүймейді. Сұхбат бергенде ашылып әңгіме де айтпайды. Сондықтан шығар оның олқы тұстарын үнемі жұбайы Рашидтың толтырып жүргені.

Осындай ерекше таланттың Алматы мен астанадағы өнер­дің қыз-қыз қайнаған ортасынан жы­рақта жүргені қынжылтады. Оның бір міні де, бар міні де – осы.