Қоғам • 16 Ақпан, 2021

Студенттер оқу орындарына оралып жатыр

342 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өңірдегі жоғары оқу орындарында 1-курс студенттері дәстүрлі форматта оқуын жалғастыруда. Қазір облыс орталығындағы №2 Студенттер үйінің жатақханасына оңтүстік өңірлерден келіп оқитын «серпіндік» жастар орналасуда. Бұған қоса жатақханадан арнайы грант иегерлері, жетім балалар, көп балалы отбасылардың мүгедек тобындағы студенттерге алдымен орын берілуде.

Студенттер оқу орындарына оралып жатыр

Жалпы, педагогикалық универси­теттің күндізгі оқу бөлімдеріне 565 сту­­дент қабылданған. Университет про­рек­торы Елена Игнатованың айтуын­ша, 28 жел­тоқсанда қабылданған Білім және ғылым министрлігінің №548 бұй­рығына сәйкес, 1 ақпаннан бастап 1-курс сту­денттері дәс­түрлі оқу форматына көшті.

Студенттерге арналған оқу барысы университетте аралас форматта ұйым­дастырылады. Яғни дәрістер онлайн форматта, семинарлар, қолдан­балы си­паттағы зертханалық және прак­ти­калық сабақтар дәстүрлі форматта өтеді. Сабақтар 40 минуттан екі ауысымда жүргізіледі, әр сабақ арасындағы үзіліс – 20 минут.

Сонымен қатар 1-курс студенттерімен екінші семестрде оқу барысын өткізу бойынша онлайн кездесулер өткізілмек. Не­гізгі мақсат – студенттерге қазіргі оқу бары­сының мән-жайы туралы толық ақпарат беру.

Ал 2, 3-курс студенттері «Дене шы­нықтыру және спорт» білім беру бағ­дар­ла­масын есепке алмағанда, қашықтан оқу­­ды жалғастырады. Оқу бітіретін 4-курс студент­терінің кәсіби және дип­лом алдын­дағы практикалары онлайн форматта болады.

Магистранттар мен докторант­тар­дың ғылыми-тәжірибелік жұмысы мен тео­риялық білім алуы және қо­рытынды ат­тестаттаудан өткізілуі де қа­шықтан оқы­ту форматында жүзеге асы­рылады.

– Санитарлық-эпидемиялық нормаларды қатаң сақтау мақсатында уни­верситеттің арнайы бөлімдеріне ұсы­ныстар жасалды. Аудиториялардағы сту­денттердің толымдылығы 40 пайыздан аспайды. Қатарлас отыратын студенттер арасында екі метрлік әлеуметтік ара­қашықтық, ал зертханаларда бір студентке 5 шаршы метрлік арақа­шықтық қамтамасыз етілген. Кіреберіс фойеде, оқу залдарында, зерт­ханалар мен санитарлық тораптарда са­нитайзерлер орнатылған, – дейді Е.Игнатова.

Барлық оқу бөлмелері мен әкімшілік кеңселерінде 150 стационарлық және 15 жылжымалы кварц шамдары бар. Ғимараттарды дезинфекциялау туралы келісімшарт жасалды. Кіреберісте студенттер мен оқытушылардың, қыз­мет­керлердің дене қызуын өлшейді. Сту­денттер мен оқытушылар және университет қызметкерлеріне оқу барысы кезінде бетперде тағу міндеттелді.

Сондай-ақ жатақхана жұмысына ерекше көңіл бөлінбек. Карантиндік талаптар бойынша студенттерді 50 пайыз толымдылықпен бекітілген кес­теге сәйкес жатақханаларға қабыл­дай­ды. Жатақханаға орналасу үшін сту­денттердің өтініштерін онлайн ре­жім­де қабылдау жүргізілді. 395 студент жатақханада тұруға сұра­ныс білдірген. Жатақханаға орналастыру 25-30 қаңтар аралығында өтті. Сту­дент­терді бөлмелеріне орналастыру тәрті­бі санитарлық-эпидемиялық талаптарға сәйкес жүзеге асырылады. Жатақ­ханаға кірерде студенттердің дене қызуы өлшенеді. Дәліздер мен кіреберісте санитайзерлер орнатылған. Әзірге ойын-сауық мәдени бұқаралық іс-шаралар өткізуге тыйым салынған.

Оқу орнындағы асханалар да қоғамдық тамақтандыру кәсіпорындарының жұ­мысын ұйымдастыру бойынша ұсы­ныстарды ескере отырып жұмыс істейді: әлеуметтік арақашықтықты сақтау, бетперде кию және ғимараттарды дезинфекциялау талабы қатаң сақталады. 

Павлодар облысы