26 Желтоқсан, 2013

«Әдебиет порталы» – оқырмандар көзайымы

760 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Қазмедиа» орталығында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі арқауында «Әдебиет порталы» Интернет-ресурсының тұсаукесер рәсімі өтті.

«Қазмедиа» орталығында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі арқауында «Әдебиет порталы» Интернет-ресурсының тұсаукесер рәсімі өтті.

Порталды Мәдениет және ақ­парат министрлігінің және Президент жанындағы орталық коммуникациялар қызметінің қолдауымен «Қазконтент» акционерлік қоғамы әзірлеген. Жиында «Қазконтент» акцио­нерлік қоғамы басқарма басшы­сының орынбасары Нартай Әшім заман талабына сәйкес ту­ған әдебиетіміздің де интернет жүйесінен өз орнын алатын сәт­тің жеткенін баяндады. Веб-пор­талдың негізгі мақсаты – жас ақын-жазушыларға ақпараттық қолдау көрсетіп, қазақ әдебиетін интернет әлемінде жүйелі түрде насихаттау екенін, мұнда қазақ және әлем әдебиетінің үлкен электронды қоры жинақталғанын жеткізді. «Әдебиетшілер мұндағы кітаптарға онлайн түрінде сын-пікірлерін қалдыра алады. Пор­тал энциклопедиялық қызмет атқа­рады. Бұл жерде әр авторға жеке бет арналған және олардың шығар­машылығына қатысты барлық деректер топтастырылған. Әр автор өз шығармашылығын ұдайы дамыту мақсатында әдеби блог жүргізе алады. Порталда жас авторлар үшін арнайы «Жас авторлар мінбері» айдары және «Ашық мінбер» блогы да ескерілген», – деді ол.

«Әдебиет порталы» – тек онлайн кітапхана  ғана емес, кәсіби ақын-жазушылар мен жас авторлар үшін де бірегей коммуникациялық әдеби алаң. Мұнда «Аударма», «Мазмұн», «Хат», «Иллюстрация» және «Поэзия әлемі» жобалары бар. Жобалардың шеңберінде оқырман қазақ тіліне аударылған әлем әдебиетімен, әлем тілдеріне аударылған отандық шығар­малармен, әдебиеттің көрнекті өкілдерінің құнды хаттарымен таныса алады.

Порталдың тұсаукесер рәсіміне ақын, Парламент Сенатының депутаты, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Ораза­лин қатысты. Ол соңғы онжыл­дықта интернет, сайт, портал  ұғымдарының қоғамдық өмірге дендеп енгенін, бұл орайда қа­зақ әдебиеті үшін де үлкен бір порталдың ашылуы қажеттілік еке­нін алға тартты. «Әдебиет қай дәуірде де халықтан бөлек өмір сүрмейді. Сондықтан әде­би шы­ғар­малар әрқа­шан да оқыр­мандарын күтетіні заңды. Бұл орайда әдебиетті насихат­тап, оқырмандардың қатарын көбейту үшін портал ашып жатқан жігіттерге ризашылығымды айтамын. Отандастарымыздың кітап оқуға деген құлшынысы төмен емес. Кітап оқудың жаңа дәуірі басталған тұста оның еселенері сөзсіз», деді Н.Оразалин.

Қазіргі уақытта порталда 1411-ден аса кітап, 1184 автордың же­ке парақшасы және «Жас автор­лар мінбері» айдарында респуб­ликаға таныла бастаған 27 автор орналасқан. Порталдағы кітаптар онлайн түрінде Pdf және ePub арнайы оқу жүйесі пішімінде жарияланады.

Айгүл СЕЙІЛОВА,

«Егемен Қазақстан».