алдағы Азиада ойындары мен еліміздің ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуіне арналмақ
Биыл бесінші рет болатын “Дидар” – Алматы студенттер кинофестивалі “Жаңа онжылдық – Қазақстан жастарының жаңа серпілісі” деген ұранмен өткелі отыр. Аталмыш кинофестиваль алдағы VІІ қысқы Азия ойындарын жастар арасында насихаттап әрі еліміздің ЕЫҚҰ-ға төрағалық ету құрметіне құрылмақ.
Алғаш рет аталмыш кинофестиваль Алматы жастары арасында өткізілген болатын. Араға жыл салып республикалық деңгейге көтерілді. Халықаралық деңгейге көтерілуге әлеуеті бар кинодода бес жыл ішінде бірқатар талантты жастарымыздың тырнақалды туындыларының тұсауын кесіп, үлкен экранға жолдама беруден жаңылмай келе жатыр. Кинофестивальдің мақсаты да айқын, ол – өз замандастарын туған елді құрметтеуге шақыратын және ұлттық үрдіс пен мәдениетті терең насихаттай алатын дарынды жастарды табу.
Киноөндірісі саласында Алматы жастар кинофестивалінің атқарып отырған тірлігі толайым болмаса да жас суреткерлердің қабілетін шыңдауға, жігерлендіруге ықпалы бар екенін өнертанушылар мойындайды. Оның үстіне “Дидар” фестивалінің Алматы қалалық әкімдігінен де бөлек, алты бірдей ұйымдастырушысы бар. Олар – Алматы қаласы жастар саясаты жөніндегі басқармасы, “Дидар” продюсерлік орталығы” қоғамдық қоры, Алматы жастар саясатын дамыту мемлекеттік қоры, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы. Ресми қолдаушылары Мәдениет министрлігі мен “Нұр Отан” ХДП “Жас Отан” жастар қанаты.
Жеті бірдей мақсатқа құрылған кинофестиваль аясында студенттер фильмдерінің, шығармашылық ұжымдар қатысқан фильмдер мен музыкалық клиптер байқауы өтеді. Сол сияқты “Қазақстандық жастар киносы: әлемдік кинонарықта алатын орны” тақырыбына дөңгелек үстел, шеберлік дәрістер өтпек. Байқау барысынан бөлек, ақпараттық фильмдердің көрсетілімдерін жасау көзделіп отыр. Байқауға 2008-2010 жылдар аралығында қазақ және орыс тілдерінде “Менің Қазақстаным!” ұраны аясында түсірілген көркемсуретті, деректі, анимациялық фильмдер мен музыкалық бейнеклиптер қабылданбақ.
Айнаш ЕСАЛИ.
АЛМАТЫ.