Медицина • 17 Ақпан, 2021

Өткір сынақ өңір медицинасына оң ықпал етті ме?

243 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жаһанды жайлаған жұқпалы індетпен күрес отандық медицинаға үлкен сынақ болғаны белгілі. Пандемия кезеңінде туындаған қиындық пен күрделі ахуал денсаулық сақтау саласының жұмысын түбегейлі өзгертуге мәжбүр етті. Оның ішінде дәрігер мәртебесі мен біліктілігі және емхана, ауруханалардың талапқа сай жабдықталуы өткір мәселеге айналды. Қазір бұл бағыттағы бастама жанданып, орасан іс атқарылуда.

Өткір сынақ  өңір медицинасына  оң ықпал етті ме?

Әсіресе аймақтардағы денсаулық сақтау саласын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Яғни ел ішіндегі емдеу жұмысына талап күшейіп әрі бұрын-соңды болмаған қолдау көрсетілуде. Осындай игі іс Алматы облысында да атқарылып отыр. Оны өткен мерзімде өңірдегі медицина саласына бөлінген қаржы көлемінен аңғаруға болады. Мәселен, 2020 жылы облыстың медицина мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға жергілікті бюджеттен 8,7 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде, ауруханаларды медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету деңгейі 89 пайызға жетіп, санитарлық автокөлікпен жаб­дықтау деңгейі 90 пайызды құраған. Ал об­лыстық, аудандық және қалалық ауруханаларды интернет желісіне қосу 100 пайызға орындалса, шалғайдағы елді мекендердің ғаламторға қолжетімділігі 96 пайызды құрапты. Демек емдеу мекемелері арасындағы байланыс толықтай орталықтанып, компьютерлік жүйеге көшті. Бұл өз кезегінде дәрігерлерді қағазбастылықтан құтқарып отыр. Дерек бойынша қағазсыз құжат айналымы 53 медициналық ұйымға енгізілді. Емханаларға тіркелген 1 993,2 мың адамға электронды денсаулық паспорты берілді. Яғни облыс тұрғындарының 96 пайызында осындай денсаулық құжаты бар деген сөз.

Жалпы, пандемия жағдайы облыстың денсаулық сақтау саласына деген көзқарасын түбегейлі өзгертті деуге болады. Індетпен кү­реске жергілікті бюджеттен 13,8 млрд теңге бөлінсе, оның бір бөлігі 8,8 млрд теңге коро­навирустың екінші толқынына дайындыққа бағытталған. Бұл қаржы облыстағы медицина мекемелерін тиісті жабдықпен қамтуға мүмкіндік берді. Осы кезеңде 3 томограф, 18 рентген аппараты, 219 өкпені жасанды тыныс­тандыру аппараты, 180 жедел жәрдем машинасы, 12 жылжымалы медициналық кешен сатып алынып, аудандарға берілген екен. Ал облыс бойынша инфекциялық төсектік орындар саны 1 300 орыннан 5 280 орынға дейін көбейген. Аумақтағы көп бейінді ауруханалар базасында 4 ахуалдық орталық құрылып, қазір ол жерде білікті мамандар ауыр науқастар мен балаларға жедел көмек көрсетуде.

Осы жерде жетісулық ақ желеңді абзал жандарға көрсетілген көмек пен қолдау туралы айтқан орынды болар. Індетпен күресте іркілмей қызмет еткен 6 971 медицина қызметкеріне жалпы сомасы 6,6 млрд теңге болатын үстемеақы төленіпті. Бұған қосымша жергілікті бюджеттен 137 млн теңге тағы бөлініп, 1 123 дәрігерге сыйақы берілген. Оның ішінде қаупі жоғары емдеу орындарында жұмыс істеген 501 медицина қызметкері 2 млн теңге көлемінде төлем алды. Ал коронавирус­тан қайтыс болған 9 медицина қызметкерінің отбасы мүшелеріне 90 млн теңге көлемінде өтемақы төленген. Былтыр дәрігерлердің әлеуметтік мәселесін оңтайлы шешу де назардан тыс қалмапты.

– Өткен жылы медицина қызметкерлеріне 127 пәтер берілді. Бұл үрдіс биыл да жалғасып, тағы 47 маманды тұрғын үймен қамтамасыз етпекпіз. Бүгінде облыста 804 денсаулық сақтау ұйымы бар. Оның ішінде 641 мекеме мемлекеттік және 163 мекеме жекеменшік нысанда қызмет көрсетеді. Бұған дейін білікті мамандардың жетіспеушілігі болған, қазір бұл мәселе шешілді деуге болады. Әсіресе жоғары оқу орнын бітірген жас мамандардың өңірдегі емдеу мекемелеріне келуі көбейді. Бұған мемлекет тарапынан жасалып отырған қолдау мен көмек оң ықпал етті, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Өмірзақ Ниязбеков.

Жақында облыста алғаш рет созылмалы ЛОР патологиясы бар науқастар үшін жағымды жаңалық болды. Бұған дейін құлақ, көмей-жұтқыншақ және мұрын қуысында кінәраты бар адамдарды облыс көлемінде емдеу мүмкін болмай келген еді. Дәрігерлер мұндай диагнозы бар ауруларға қажетті күр­делі ем-шара мен операция жасау үшін Ал­маты қаласындағы клиникаларға жіберіп отыр­ған-ды. Енді Талдықорған қаласындағы көп­салалы ауруханада арнайы диагностикалық орталық ашылды. Қазір бұл орталықта жоғары санатты отоларинголог-дәрігер Мақсат Ерубай бастаған дәрігерлер қабылдау жүргізуге кірісті. Мұнда олар созылмалы ЛОР патологиясы бар ересектерге емдеу жүргізіп, құлақ, көмей-жұтқыншақ және мұрын қуысы ауруларының диагностикасын жүзеге асырады. Яғни бұған дейін басқа қаладағы емханаларға портал ар­қылы тіркеліп, кезек күтіп келген науқастар енді тұрғылықты жерінен жолдама алып, лор хирургиясы мен амбулаторлық ем-домды тегін алатын болды.

 

Алматы облысы