Руханият • 17 Ақпан, 2021

Латын әліпбиіне көшу – ұлтжандылықты ояту кілті

373 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Неге әлем картасынан ойып тұрып орын алған Аргентина мен Мексика испанша, Бразилия португал тілінде, Бельгия голландша сөйлейді? Байырғы халықтар қайда, тіл қайда? Жер бетінде осылай басқа мемлекеттердің тілінде сөйлейтін жұрт қаншама? Әлде бұл жерлерде байырғы тұрғындар болмады ма?

Латын әліпбиіне көшу – ұлтжандылықты ояту кілті

Әрине, болды. Олар әлі де бар. Тек олар атадан қалған жеріне иелік етпек түгілі, анадан қал­ған тілін ойламақ түгілі, жү­деп-жа­дап, сол өз атамекенде­рін әзер басып жүр. Мәселен, ­45 млн­ халқы бар Аргентина испан (мем­лекеттік), италия, ағылшын, неміс, француз, және мапудунгун, кечуа деп аталатын байырғы тұрғындардың тілінде сөйлейді. Бүгінгі күні мапудунгун мен кечуа сол 45 млн-ның 1,6 пайызын ғана құрайды екен. Ғибрат ал­маққа осы бір мысалдың өзі жетіп артылғандай.

Не себепті осы уақытта дейін қазақ даласында бірнеше рет әліпби ауысты? Әрине, оның бірі де қазақтың өз қалауымен болған жоқ. Себебі түсінікті.

Біз, қазақтар басқа тілдерде сөйлеп тұрсақ, «Қалай акцентсіз сөйлейсіз?!» деген мақтау ести­міз, соған марқайып қалып жатамыз. Оған себеп – көзімізді аш­қаннан көріп келе жатқан 42 әріптік жазу-сызуымыз, соған орай, қандай дыбысты болса да айта алатын дыбыстық аппа­ра­тымыздың қабілеті. Бірақ «түл­кінің қызылы – өзінің соры» дегендей, бұл қабілетіміз өз тілі­міздің пайдасына болмаған екен. Әліпбиімізге түгелімен еніп ал­ған орыс әріптері өздерінде көр­меген құрметті бізде көреді. Өз сөз­діктерінде орын берілмей жат­қан ё әрпіне астында бір сөз тір­келмесе де сөздіктерімізден орын береміз. Әспеттеп, құрметтеуіміз сонша, орысша қоспай бір сөй­лем айта алмайтын деңгейге жет­тік. Ең ұлтжанды деген аза­мат­тарымыздың өзіне орысша қосып сөйлей беруге болатын бол­ды. Тіпті өз Отанына енді орал­ған қандастарымыздың да, «фонетика»-ны «фонтика» десе де айтуға талаптанып жатқанын көрдік. Қазір бұған ағылшын тілі қосылған. Енді отырмыз, «Стар­таптар онлайн да, офлайн да ұйымдастырылып жатыр» (журналист сөзі), «Инста-челленджге қатысайық» (мұғалім сөзі), «Бала­қай, сен хэппи бонус ұтып алдың!» (бағдарлама жүргізушінің сөзі) деп. Сонда қазақ тілі қайда? Ресми қолданыс мынау болса, бейресми қолданыстың жайы туралы не айтуға болады?

Тіл – өте тез өзгеріске ұшы­рай­тын «тірі ағза». Қазіргі «алыс-беріс» жылдамдығы динамиканы одан бетер үдетіп жіберді. «Екі апта сайын бір тіл өліп кетіп жатыр» деген зерттеу нәтижесін жа­риялап, жаһанды шулатқан танымал уэльстік ғалым Дэвид Кристал жойылып кететін тілдің алғашқы белгілерін – өз тілінде бола тұра, үстем тілдердің сөздері мен сөз тіркестерін қолданып сөйлеу деп, ал соңғы белгілері – бұл тілде сөйлейтін ұрпақ қоғамда өз тілінде сөйлеуді ұят, намыс көретін халге жетеді деп көрсетеді. Олай болса, бұл белгілердің ал­дың­ғысы да, соңғысы да бізге қуа­нарлық мағлұмат бермейді екен. Д.Кристал жоғалу қаупі бар тілдерді қандай жолдармен сақтап қалуға болатынын да көрсетеді:

Бірінші кезекте, тілде жазу жеңіл болу керек. Екіншіден, қа­жетті ақпарат (жеңіл жазумен) дөңгелеп жүріп тұру керек. Үшін­шіден, тілдің еңсесін көтеруге арнайы жасақталған команда жұ­мыс істеу керек, т.б. деп көрсете ке­ліп, мынадай маңызды мағлұмат­ты айтады: «...Егер де сол тілде сөй­­лейтін ұрпақтың бойында ұлт­жандылық сезімі болмаса, ол тіл бәрібір өліп кетеді», дейді.

Ғаламдағы «үлкен» тілдердің өзі тіл тазалығы үшін күреседі. Лингва франка (халықаралық қа­тынас құралы) қызметін атқа­ратын алты тіл де (ағылшын, фран­­цуз, араб, орыс, испан, қытай) өз та­залығын, өміршеңдігін сақ­­тау үшін күш-қуат, қаржы жұм­сайды. НАТО-ның жұмыс тілі екеу-ақ: ағылшын және француз. Фран­цуздардың тіл тазалығын сақ­тауға күш салатыны сонша жарты­ әлем­де ағылшынша жасалып жатқан компьютер терминдерін де французша жасайды.

Сондықтан бірінші кезекте біздің ұрпақ және әрбір азамат жазу реформасының не үшін қа­жет болып отырғанын, «Ру­хани жаңғыру!» дегеннің тек ұран­дау үшін емес екенін түсіну керек. Сонда жа­зу реформаcы да еңсеруге же­ңіл келеді. Жазу реформасы деген­нің өзі ағыл­шын тілді әдебиет көздерінде purification және simplification деген екі негізгі ұғым­нан құралады екен. Яғни purification – жазуды әрқилы уақыт кезеңдерінде түрлі себеп­термен еніп кеткен жат құ­бы­лыстардан тазалау болса, simplifi­cation – жеңілдету деген тү­сі­нік­ті береді. Міне, біз де осылай жазуымызды «бөгдеден» тазартып, тек қазақтың ғана емле-ере­жесімен жазып, жеңілдейміз. Жазу реформасы әдетте қандай да бір ел өз тәуелсіздігіне қол жет­кізген мезетте ізін ала қолға алы­натын шара екен. Біз 30 жылдан соң ғана қолға алып жатқан болсақ, оның да өз себептерінің болғаны.

Біздің жаңа әліпбиімізде орыс тілінен енген 9 әріп (ё, ц, ч, щ, ь, ъ, э, ю, я) жоқ. Орыстың «Боль­шой театр»-ын ағылшындар Bolshoi Theatre [болшой сиәтә] деп, «фестиваль»-ды festival ­[фестивал] деп айтады. «Мяг­кий знак»-ты айта алмағаннан ағыл­шындардың мәртебесі бір елі де аласарып қалған жоқ. Біз де өзімізге өзіміз келуіміз үшін (ру­­ха­ни жаңғыруымыз үшін) бас­­қаның дыбысының бәрін айта ала­ты­нымызға емес, керісінше, айта ал­майтынымызға мақтанатын бо­луымыз керек: «Қай багон? Тіс жуатын шөткіңді ше­маданға (не­месе шабаданға) салдың ба?» Осы­лай, жеңіл, ды­быстау аппараты­мызды мәжбүр­лемей, тіліміздің та­биғи өңін өзіне қайтаруымыз керек. Қазақ болуға осылай ғана қо­лайлы. «Өз-өзіңді жаттай сыйла, жат жаныңнан түңілсін» деген баба­дан қал­ған өсиетімізбен жүреміз.

Енді бір нәрсені қоса кету керек, Конституциямыздың «мем­лекеттік тіл – қазақ тілі, орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деп көрсететін 7-бабын да ұрпаққа дұрыс түсін­діру керек. Көптеген мемлекеттер жаңылыстыра берген соң, БҰҰ (ЮНЕСКО) 1953 жылы «мем­лекеттік тіл» мен «ресми тіл» терминдерінің аражігін ашқан екен: «ресми тіл – барлық ресми ортада қолданылуға болатын тіл, мемлекеттік тіл де – барлық ресми ортада қолданылуға болатын тіл, бұл – осы мемлекеттің ұлттық символы» деген анықтама беріліпті. Не деген керемет түсін­дірме! Қазақ тілі ресми ортада қолдануға болатын жай тіл емес, қазақ тілі – мемлекетіміздің ұлттық символы!

Латын әліпбиін, оған негіз­делген емле-ережені жеп-жеңіл, шат көңілмен меңгерудің бір­ден-бір жолы – осы ұлтжандылық­ты ояту, ал ұлтжандылықты ояту­дың бірден-бір кілті – осы латын жа­зуына көшу екеніне де енді көзі­міз жеткендей.

 

Нұрсәуле РСАЛИЕВА,

филология ғылымдарының кандидаты