Аймақтар • 17 Ақпан, 2021

Қостанай облысының әкімі халыққа есеп берді

393 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгін Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов аймақ тұрғындарына өңірдің 2020 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы жөнінде есеп беріп, алда атқарылуы тиіс міндеттерді атап өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қостанай облысының әкімі халыққа есеп берді

Аймақ басшысының баяндауынша, өңірде өнеркәсіп өндірісі 7,4%, ауыл шаруашылығының көлемі 20,8%, инвестициялар 11,0%, құрылыс жұмыстары 28,4%, халықты баспанмен қамту 13,1%-ға өскен.

Облыс әкімі әр салаға жеке тоқталып өтті. Мысалы, былтыр ауыл шаруашылығының нақты көлем индексі 120,8%-ке жеткен. Жалпы өнім көлемі - 572,0 млрд теңге.

«Мал шаруашылығында өсім байқалды. Ет өндірісі 6,1%, сүт - 2,0%-ға  ұлғайды. Қостанай облысы елімізде ұн өндірісі бойынша бірінші орында тұр. Мысалы, былтыр 1 млн тонна ұн шығардық. Сүт өндірісі бойынша 77 мың тонна көрсеткішпен екінші орында тұрмыз. Ал сары май өндірісі бойынша үшінші орындамыз, былтыр 4 мың тонна сарымай өндірдік.

Қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты бойынша облыс республикада бірінші орын алатынын атап өту маңызды. Бір жыл ішінде 1 млн тонна дәнді дақылдар, 800,0 мың тонна ұн, 10 мың тонна өсімдік майы (Қытай, РФ, Тәжікстан, Өзбекстан), 8 мың тоннаға жуық сүт өнімдері (Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан), 168 тонна ет және сорпалық ет өнімдері (Ресей), 51 млн. дана жұмыртқа (Ресей, Ауғанстан, Қырғызстан) экспортталды. Бұл ретте, экспорттық қоржында өсімдік майының көлемі 2,8 есе, ұн - 11%-ға өсті, - деді облыс әкімі.

2020 жылы агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласында да айтарлықтай табыстарға қол жтекен. Мысалы, қуаты жылына 20,0 мың тонна құс етін өндіретін  Қарабалық құс фабрикасын қайта жаңғыртылды, Федоров және Жітіқара аудандарында 180 басқа арналған заманауи 2 тауарлы-сүт фермасы ашылды, сондай-ақ Қостанай ауданында жұмыс істеп тұрған тауарлы-сүт фермасы 740 басқа дейін кеңейтілді.

Биыл сүт бағытындағы мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы шеңберінде әрқайсысы кемінде 400 бас сауын сиырға шақталған 6 тауарлы-сүт фермасын ашу жоспарланып отыр. Оның екеуі Қостанай ауданында, қалғаны Бейімбет Майлин, Денисов, Меңдіқара және Федоров аудандарында ашылады.

Архимед Мұхамбетов күзгі құс тұмауынан кейін тоқырауға ұшыраған Арқалық құс фабрикасының қызметі қайта жандандырылғанын айтты.

«Құс тұмауына қарсы ветеринариялық жою іс-шаралары уақтылы жүргізілді, жұмыртқа бағытындағы тәуліктік балапандар әкелінді және жақын арада дүкендерде Арқалықтың сапалы және қолжетімді жұмыртқасы пайда болады» - деді әкім.

Биыл АӨК саласында жалпы құны 7,9 млрд теңге болатын 9 инвестициялық жоба іске асырылып,  160-тан астам жұмыс орны ашылған.

Пандемияға қарамастан өңір экономикасында биыл тұрақты өсім болатынына сенім білдірген облыс әкімі: «Коронавирустық инфекция пандемиясымен байланысты сыртқы факторлардың әсерін ескере отырып, біз өңірдің макроэкономикалық көрсеткіштерін орындау үшін қолда бар барлық өсу резервтерін іске қосамыз. 2020 жылы да, 2021 жылы да жалпы өңірлік өнімнің өсуі кемінде 3,0% - ті құрайды деп болжап отырмыз. Халықтың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында өңірдің одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша жұмыс жалғастырылатын болады» - деді.