23 Сәуір, 2010

“ҚАНЕКИ, ТІЛІМ, СӨЙЛЕШІ”

1591 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ШЕШЕНДІК ӨНЕР БАЙҚАУЫ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ “Бас кеспек болса да тіл кес­пек жоқ”, дейді қазақ даналығы. Бағзы заманда басқа халықтарда кінәлі болсаң қызыл тіліңнен бал сор­ғалап тұрса да дедектетіп дар ағашы түбіне сүйреп барар, ал ер көңіл, дархан қазақ тауып айтқан сөзге тоқтаған. Уәжі нысанаға дөп тисе, өлімнен де құтқарып жібер­ген. Билер айтса кесігіне хан тоқ­та­ған. Билігіне мастанып, өзім бі­лем­­ге салынып бара жатқан хан Абыл­айды халық атынан сөйлеген Бұқар жыраудың қатты айтып сабасына түсіргені соның бір дә­лелі ғана. Көркемсөз, кестелі ой қай ғасырда да тәрбие құралы болған. Алайда, қазақ халқының ше­шендік өнері бүгіндері кенже қалып келеді. Айтқанын хан мен қараша ұйып тыңдайтын, кесігіне тоқтайтын Төле, Қаз дауысты Қазы­бек, Әйтеке би, дана Абай ту­ған халықта сөз қадірін түсін­бей­тін, ойын жүйелі жеткізе алмай­тын томырық ұл, кердең қыз кө­бейді. Шешендік өнердің ұлт тәр­биесіне тигізер ықпалының шегесі босағандығы байқалды. Қашанда ұлттың жоғын түген­деп беріп жүретін оңтүстік осы олқы тұсты қолға алған. Әуелде облыста бастаған “Қанеки, тілім, сөйлеші” шешендік байқауын рес­публикалық өнер додасына айнал­дырды. Ж.Шанин атындағы об­лыс­тық драма театрында өткен республикалық байқауға аудан, облыстық додалардан қара үзіп, алға шыққан 18 шешен қатысты. Алдын ала озып айтайық, осының бәрі аузымен құс тістеген жүйрік, кешегі билердің бүгінгі жалғасы десек қателесер едік. Шешендік байқауды тазша бала, арулар сыны, балуандар бәсекесі секілді сындармен шатыстырып, ойда жоқта сахнаға шығып қал­ғандай ойға қалдырғандары да болды. Қарапайым мәтелдің түйі­нін тарқатпақ түгілі бүгінде архаизмге айналған қазақ ыдыс атауының мәнін айыра алмай жатқан соң осылай деуге тура келеді. Қазылар алқасының құрамын­да академик Өмірзақ Айтбаев, ақын Қадыр Мырза Әлі, халық әртісі Сәбит Оразбаев, жазушы Мархабат Байғұт сынды қазақтың бетке ұстар мықтылары болған байқаудың беташарын облыс әкімінің орынбасары, сөзге, ойға ұста Әли Бектаев ашып берді. Ше­шендік өнер байқауы – әртістерді әр жерден жинап алып, концерт қою емес, жүгі ауыр, жолы өзге­шелеу. Осы міндетті облыстық тіл­дерді дамыту басқармасының бастығы Күлия Айдарбекова бас­таған ұжым абыроймен аяқтады. Байқауға қатысушылар төмен­дегідей тапсырмаларды орындады. “Сәлемдесу – салтымыз” – үміт­керлер сәлемдесу арқылы өздерін көпшілікке таныстырды. Байқау­дың “Таза мінсіз асыл сөз, ой түбінде жатады” деп аталатын екінші кезеңінде үміткерлер жұм­бақтап айтылған шешендік сөздер­дің, мақал-мәтелдердің астарын ашып, мән-мағынасын түсіндіруге тырысты. Үшінші кезең “Өнерге ­әркімнің-ақ бар таласы” деп атал­ды. Онда қатысушылар би-шешен­дердің сөздерінен үзінділер айтып, қисса, дастан, көркемсөз оқу, күй, терме, дәстүрлі ән орындау сияқты қазақ халқына тән ұлттық өнер түрінен сайысқа түсті. Соңғы “Шешендік – ше­бер­лік” кезеңінде үміткерлер осы заманғы проблемалық тақырыптар бойынша бір-бірінен асып түсетіндей білгірлік, ділмарлық, шешендік танытып, күнделікті өмірде кездесетін түрлі даулы мәселелерді шешуі тиіс болды. Жоғарыда айтылғандай, сәл әттегенайлары болмаса, байқау өз дәрежесінде өтті. Қазақтың сөз өнерінің қадіріне жететін жастар жетіліп қалыпты. Солтүстік Қазақ­стан облысындағы С.Мұ­қанов атындағы қазақ сазды драма театры­ның әртісі Болат Мамыт­беков әу баста кестелі сөз, келелі ой, тапқыр шешімдерімен ерек­шеленіп еді, мәреге шашасына шаң жұқпай жетті. Қазақы киінген, қамшысын сығымдай ұстап сөйлесе көмейінен маржан сөз тоқтаусыз төгілетін, кешегі билердің сынығы Б.Мамытбеков республикалық байқаудың бас жүлдесін жеңіп алды. Қытайдағы он мың қанда­сымыз бір мезетте билеп, Гиннес­тің рекордтар кітабына енгізген “Қара жорға” биімен шыққан Бақтияр Бекназаров Тараз инно­вациялық гуманитарлық универ­ситетінің І курс магистранты. Сөз жүйесінде биіктік танытқан ұлан бірінші орынды еншіледі. Екі екінші орын оңтүстіктік Нұрлан ­Есенқұлов пен Алматы облысынан келген шешен Бәзілхан Әбдіғаниға бұйырды. Үш үшінші орынды Дидар Баяндиева (ОҚО), Айнұр Ақшолақова (Қарағанды облысы) және Ғалия Абдрахманова (Ал­маты) жеңіп алды. Майқы би, Төле би, Қаз дауысты Қазыбек би, Әйтеке би, Нұртуған жырау атын­дағы номинациялар иесін тапты. Біз қазақ сөз өнерінің үлкен бір биігіне айналған Қадыр Мырза Әліні әңгімеге тартқан едік. “Өткен ғасырдың 60-шы жыл­дарында халқымыздың айтыс өнері қайта оралғанда мен қазылар алқасының құрамында болған­мын,–деді Қадыр аға. –“Сонда айтыс – ескінің сарқыншағы ғой, бүгінге не керегі бар?” дегендер болған. Бүгінде айтыс айтарлықтай биікке көтеріліп, қазақтың жоғын түгендеп жүрген өнер бәйгесіне айналды. Шешендік өнер айтыс­тан гөрі ауырлау. Міндеті де, жүгі де. Билердің шешімін ханда да бұзбайтын дәстүрі бар, жүйелі сөзге тоқтаған қазақтың бұл өнерінің ұйытқысы Оңтүстік болғаны қуантады. Халқымыздың береке-бірлігі үшін керек өнер де айтыс секілді өз жорғасына мінеді. Бұл біздің бір саты биіктегеніміз”. 1993 жылдың мамыр айында қасиетті Ордабасы биігінде өткен тәуелсіздіктің ұлы тойында Ел­басы: “Кесімді баға, ордалы ой, бей­­­нелі теңеу, төрт аяғы тең тол­ғау­­лар ғасырдан ғасырға жұрт жадында жатталып, бүгінгі күнге жетті. Осынау асыл мұра, билер сөзі кім-кімді де таңдандырмай, тамсандырмай қоймайды”,–деген болатын. “Мен жалындаған жастарға сенемін”, деп Мағжан Жұмабаев айтқандай, сөз киесіне табынған, қасиетін бойына сіңірген ұрпақ өсіп келе жатқандығын респуб­ли­калық байқау танытты. Жұрт көңілі марқайып қайтты. Бақтияр ТАЙЖАН. Оңтүстік Қазақстан облысы.