Қазақстан • 18 Ақпан, 2021

Сот жүйесін үлкен өзгеріс күтіп тұр

270 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен жалпы отырыс өтті. Онда депутаттардың бастамасымен әзірленген сот жүйелері мен судьялардың мәртебесіне қатысты бірқатар заң жобасы мақұлданды.

Сот жүйесін үлкен өзгеріс күтіп тұр

Атап айтқанда, сот жүйесі мен судья­лардың мәртебесіне қатысты Консти­ту­циялық заңға түзетулер енгізу туралы заң жобасында Жоғарғы соттағы әкімшілік істер жөніндегі сот алқасын құру және қазіргі мамандандырылған сот алқасын тарату қарастырылған.

«Заң жобасына енгізілетін түзетулер екі блоктан тұрады. Біріншісі, Жоғарғы сотта әкімшілік істер бойынша сот алқасын құру ұсынылады. Қазіргі мамандандырылған сот алқасы таратылады. Облыстық соттарда да тиісті сот алқалары құрылады. Бұл ш­ара сот жүйесіне өңірлерде істердің бөлі­нуі­не байланысты үнемі өзгеріп отыратын жағдайға жедел ден қоюға мүмкіндік береді.

Заң жобасында Мемлекет басшысы тағайындауға ұсынатын Жоғарғы сот Төрағасы және Жоғарғы сот судьялары лауазымына кандидаттарға қойылатын талаптарға қатысты өзгерістер енгізіледі. Аталған түзетулер елдің Жоғарғы сот органына құқықтың мамандандырылған салаларында, мысалы, салық құқығында немесе жер қойнауын пайдалану құқығында көп тәжірибесі бар заңгерлерді тартуға бағытталған.

Бұл неғұрлым даулы істер бойынша сот төрелігінің сапасын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді және бүкіл сот жүйесіне оң әсерін тигізеді. Аталған түзетулер Мемлекет басшысы ұсынған кандидаттарға ғана қатысты екенін ерекше атап өткен жөн. Олар басқа судьяларға қатысты болмайды», деді заң жобасы туралы баяндама жасаған Мәжіліс депутаты Қанат Мусин.

Бұл түзету әкімшілік әділет енгізудің бастапқы кезеңінде жүктемені тең бөлуге, сондай-ақ деликтер (азаматтың құқын бұзу) мен қоғамдық дауларды қарау бойынша сот практикасының аражігін ажыратуға мүмкіндік береді.

Өңірлерде істерді бөлуге байланысты үнемі өзгеріп отыратын жағдайға уақтылы ден қою мақсатында облыстық соттардың сот алқалары Жоғарғы сот Төрағасының ұсынуы бойынша Жоғарғы соттың жалпы отырысының шешімімен құрылады және таратылады.

Заң жобасы Жоғарғы сот Төрағасы жә­не Жоғарғы сот судьясы лауазымына үміткерлерге қойылатын талаптарға қа­тысты өзгерістер енгізеді, оларды Мем­лекет басшысы ұсынады.

Көрсетілген судья лауазымдарына сайлау үшін Президент ұсынған адамдардың негізінен жеткілікті тәжірибесі бар мамандар болып табылатындығын ескере отырып, заң жобасында олардың біліктілік емтиханынан өтуі туралы қолданыстағы ережені алып тастау және заң мамандығы бойынша кемінде жиырма жыл жұмыс өтілінің болуы туралы талаптың күшін жою ұсынылады.

Сонымен қатар отырыста депутаттар сот жүйесін жаңғырту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы бірінші оқылымда мақұлдады. Құжатқа қатысты баяндама жасаған депутат Қанат Мусиннің айтуынша, аталған заң жобасының негізгі мақсаты – инвесторлар қатысатын дауларды қарау сатылығын қайта қарастыру.  Осыған байланысты, заң жобасында Азаматтық процестік кодекске, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекске және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдік-процестік заңнамасы мәселелері бойынша өзгерістер мен то­лық­тырулар енгізу туралы» заңға түзе­ту­лер енгізілмек.

«Біркелкі жүктемені бөлу және бір­ыңғай практиканы әзірлеу мақсатында атал­ған екі кодекске инвестор қатысқан дау­лардың инстанцияларын қайта қарас­тыру бойынша тиісті түзетулер енгізілген. Атап айтсақ, инвесторлар қатыса­тын дау­ларды қарау Нұр-Сұлтан қаласы­ның мамандырылған ауданаралық эконо­микалық сотына беріледі.

Аталған сот инвестициялық даулар бойынша азаматтық істерді, сондай-ақ инвестордың инвестициялық қызметіне байланысты мемлекеттік органдардың инвесторларға қоятын талаптарын қа­рай­ды.

Бұл даулардың қатысушылары мыналар. Бірінші, Қазақстан Республикасының аумағында кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын шетелдік заңды тұлғалар (олардың филиалдары, өкілдіктері). Екін­ші, Қазақстан Республикасының заңна­масында белгіленген тәртіппен шетел­діктің қатысуымен құрылған, дауыс бере­тін акцияларының (жарғылық капи­тал­ға қатысу үлесі) елу және одан көп па­йы­зы шетелдік инвесторға тиесілі заңды тұл­ғалар. Үшінші, инвестицияларды жүзе­ге асыруға мемлекетпен жасалған келісім­шарты бар инвесторлар.

Заң жобасында мамандандырылған соттардың, толыққанды үш сатылы сот қорғау жүйесінің сақталуын және Жоғар­ғы соттың кассациялық іс жүргізуді жүзе­ге асы­руын ескере отырып, инвестор­лар қатыс­қан даулардың нақты сатылылығын айқын­дау ұсынылады. Инвесторлар қатыс­қан дауларды қараудың ұсынылған тәсі­лін ескере отырып, заң жобасын қа­был­­дау еліміздің ұлттық инвестициялық кли­матына оң әсер ететіні белгілі. Соны­мен қатар осы жылдың 1 шілдесінен бас­тап жаңа әкімшілік соттардың жұмыс істеуіне байланысты Әкімшілік рәсім­дік-процестік кодекске нақтылаушы сипат­тағы түзе­тулер енгізіледі», деді Қанат Мусин.

Жалпы отырыста депутаттар «Әкім­-
шілік құқық бұзушылық туралы» Кодекске түзетулер енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Аталған заң жобасы депутаттардың бас­тамасы бойынша әзірленген.

«Әкімшілік сот төрелігін енгізу аясында ұсынылған түзетулер сот жүйесіне жүктемені біркелкі бөлуге, деликтер мен қоғамдық дауларды қараудағы сот тәжі­рибесінің аражігін ажыратуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ адамның, азаматтың құ­қық­тары мен бостандықтарын қорғау­ды көздейтін, сотта қорғалуға конститу­ция­лық құқықтарын қамтамасыз етуге ық­­пал етеді. Заң жобасын іске асыру мем­ле­кеттік кірістерді қысқартуды немесе бюд­жеттен мемлекеттік шығыстарды ұл­ғай­туды талап етпейді», деді аталған құжат жө­нінде баяндама жасаған депутат Қ.Мусин.

Отырыс барысында Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин мақұлданған бірнеше заң жобасы сот жүйесін жаңғыр­тудың жалғасы екенін алға тартты.

«Жақында ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев  сот жұмысының ашық, әділ және заман талабына сай болуына ерекше назар аударды. Сондықтан, бүгінгі құжаттарда осы талаптарды заң жағынан қамтамасыз етуге арналған маңызды нормалар қа­был­данды. Енді осы нормалар сот саласына білікті, кәсіби, тәжірибелі, жаңа мамандарды тартуға, сот процесіне жоғары техно­логиялық мүмкіндіктерді енгізуге жол  ашатын  болады», деді.

Сондай-ақ Палата Төрағасы сот жүйе­сіндегі реформаларды заң жағынан қам­тамасыз ету жұмыстары одан әрі жалғас­ты­рылатынын атап өтті.

Отырыс барысында депутаттар турис­тік қызмет мәселелеріне қатысты заң  жо­басын екінші оқылымда мақұлдап, Дип­ло­матиялық қызмет туралы заң жобасына Сенат енгізген өзгерістермен келісті.

Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдар жолдады.