Аймақтар • 18 Ақпан, 2021

Арнайы шеберханадағы еңбек-емдеу терапиясы

924 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мүмкіндігі шектеулі жандарды еңбекке баулуда Шымкент қаласында тындырымды тірлік көп. Соның бірі ретінде қалалық №2 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жеңіл еңбек, кәсіптік дағдыға үйретуде. Орталықта ем қабылдаушылардың психикалық жай-күйі ескеріле отырып, қабілеттеріне қарай 4 сағаттық еңбек-емдеу терапиясы жолға қойылған.

Арнайы шеберханадағы еңбек-емдеу терапиясы

Мұнда еңбек терапиясы жө­ніндегі нұсқаушы орталықтағы аза­маттарға көгалдандыру, ағаш өңдеу, бөлме гүлдеріне күтім жасау, талдарды баптап өсіру секілді же­ңіл жұмыстарды үйретеді. Ор­та­лық қамқорлығына алған ер-азаматтар сынған, бұзылған заттарды жөн­деп, қайта өңдеу жұмыстарына көмектессе, қыз-келіншектер тобы арнайы жабдықталған тұрмыстық бөлмеде өз қолдарымен тәтті та­ғам­дар пісіріп, ас мәзірі бойынша дастарқан әзірлеуді үйренеді.

Орталық мамандарының айтуынша, емделушілер арасында бес саусағынан өнер тамған жандар же­терлік. Әсіресе тері өңдеу кәсібіне ерекше қызығушылық танытады екен. Аталған орталықта мүмкіндігі шектеулі жандарды ынталандырып, еңбекке, өнер­ге құлшыныстарын арттыру үшін әр тоқсан сайын қол­­өнер бұйым­дарынан көрме ұйым­­дас­тырылады. Әрі үздік деп та­ныл­ғандары марапатталады.

Бүгінде қалалық №2 арнаулы әлеу­меттік қызметтер көрсету ор­та­лығында 18-ден асқан психо­неврологиялық аурулары бар І және ІІ топтағы мүгедектерге арнау­лы әлеуметтік-медициналық, психо­логиялық және педагогикалық қызмет түрлері көрсетіледі.

Жетпіс жылдық тарихы бар мекеме ғимараты қайта жөндеуден өтіп, стационарлық үлгіде жасақ­талған. Онда асхана, монша ке­шені, спорт алаңы, күзет бөлімі бар. Барлық бөл­мелері заманауи үлгі­де қажетті тех­никалық базамен жабдықталған.

 

ШЫМКЕНТ