Президент • 20 Ақпан, 2021

Президент Жаңатаста қайтыс болған балалардың ата-анасына көңіл айтты

1074 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңатас қаласында болған өрт салдарынан балалардың қайтыс болуына байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Президент Жаңатаста қайтыс болған балалардың ата-анасына көңіл айтты

«Мемлекет басшысы Әбдімәліковтер отбасының қайғыларын бөлісіп, қаза болған балалардың ата-анасы мен туыстарына жұбату лебізін білдірді. Президент бұл жағдайды бір ғана отбасының емес, бүкіл еліміздің басына түскен трагедия деп санайды. Ол балалардың ата-аналарына жан-жақты көмек көрсетуді тапсырды. Мемлекет басшысының көңіл айту жеделхатын Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жеткізді», деп жазды Б. Уәли.

Еске сала кетейік, кеше Жамбыл облысында қайғылы жағдай орын алды. Сарысу ауданының орталығы Жаңатас қаласының 2-ықшамауданындағы 5 қабатты тұрғын үйдің 3-ші қабатынан өрт шығып, 16 шаршы метр аумақты шарпыды.

Пәтер ішінде ата-анасының қарауынсыз кәмелет жасына толмаған 2015, 2016, 2017, 2019 және 2020 жылы туған бес бала қалып қойған. Белгілі болғанындай, балалардың әкесі жұмыста болған, ал анасы дүкенге шығып кеткен. Өрт салдарынан бес бала да түтінге уланып, жедел түрде ауруханаға жеткізілді. Өкінішке қарай, араға біраз уақыт салып, бәрі де көз жұмған. 

Бүгін Жаңатас қаласында орын алған жантүршігерлік оқиғаның себептері анықталды. Қаладағы тұрғын үйден шыққан өрт оқиғасы тез тұтанғыш материалдың бетіне ашық от көзінің түсуі салдарынан туындаған.