Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында «2012 жылы Астананың ТМД мен түркі әлемінің мәдени астанасы» болуы туралы айтылғаны көпшіліктің есінде. Артынша Мәдениет және ақпарат министрлігі бұл игілікті бастаманы жалғастырып әкетіп, 25 ақпанда атаулы жылдың ашылу салтанаты өтті.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында «2012 жылы Астананың ТМД мен түркі әлемінің мәдени астанасы» болуы туралы айтылғаны көпшіліктің есінде. Артынша Мәдениет және ақпарат министрлігі бұл игілікті бастаманы жалғастырып әкетіп, 25 ақпанда атаулы жылдың ашылу салтанаты өтті. Сол кездегі министр Дархан Мыңбай бұл орайда 30-ға жуық іс-шара өтетінін мәлімдеген. 2012 жылдың соңында мәдени шараны абыроймен аяқтаған Астана түркі мәдениетінің осынау ауыспалы киелі жәдігерін ресми түрде Түркиядағы Ескішаһарға табыстаған болатын. Одан бері де бір жылдың жүзі өтті. Биыл бұл қала көптеген іс-шараларға мұрындық болды. Бағдарлама аясында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні мерекесін тойлау да қарастырылыпты. Сабақты ине сәтімен дегендей, алыс елден шақырту алып жолға шықтық.
Астана уақыты бойынша кешкі сағат 19.30-дан өте біз мінген ұшақ түнгі аспанның тұңғиығына сүңгіп бара жатты. Ыстамбұлдан әрі көлікпен діттеген жерімізге жеткенде жергілікті уақыт түн жарымнан ауып барады екен. Ұзақ жолдан шаршап келген біз қонақүйге жайғаса бере жастыққа бас қойғанбыз. Екі-үш сағаттан кейін таңғы азанның даусынан ояндық. Мешіттерден біріне-бірі жалғаса айтылған әуезді үн қаланың тымық аспанын он-он бес минуттай тербеп тұрды да, Алланы ұлықтап, адамзатқа ұйқыдан намаздың қайырлы екенін жеткізіп, баяулап барып басылды. Бұл құлшылыққа шақыру ғана емес, жаңа күннің, тіршіліктің басталуы іспетті еді.
Міне, сөйтіп, осы қалада өткізген бірнеше күнде көргеніміз бен түйгеніміз туралы ағайынға айтуды жөн көрдік.
Сонымен, Ескішаһар (түрікше айтылуы Эскишехир) Түркияның солтүстік батысындағы қала. Анкарадан батысқа қарай 250, Ыстамбұлдан оңтүстік-шығысқа қарай 350 шақырым жерде орналасқан. Түрік тілінен аударғанда – «көне қала» деген мағына береді. Шындығы солай, ХІV ғасырдың басында жас Осман мемлекетінің астанасы болған. Содан бергі жеті ғасырлық тарихында тіршілігін тоқтатпай, адамзат өркениетінен қалыспай, даму ырғағынан жаңылмай үздіксіз өсумен келе жатқан жайы бар.
1921 жылы көктемде қаланы грек басқыншылары құрсауға алып, талқандамақ болды. Сол тұста ол әскери қимылдар орталығына айналды. Қиян-кескі шайқаста гректер жеңіске жетті. Бірақ түрік әскері жанқиярлықпен қоршауды бұзып шығады. 1921 жылы 27 маусым мен 10 шілде аралығында өткен шайқасқа түріктер тарапынан 95 750, гректер жағынан 110 мың адам қатысқан екен. Түрік армиясы уақытша жеңіліске ұшыраса да еңселерін түсірмеді. Әуелі Мұстафа Исмет-паша, кейіннен Мұстафа Февзи-паша секілді генерал басқарған түрік әскері жауды талқандап, туған жерлерінің тұтастығын сақтап қалды. Иә, қаланың сан ғасырлық өмірінде осы тақылеттес ерліктер аз болмаған.
Қаланың жалпы тарихы ықылымда жатыр. Анадолыдағы қараңғылықтың пердесін түрген ояну кезеңі Ескішаһар топырағынан бастау алады. Адамзаттың рухани өмірінде өзіндік із қалдырған Сейіт Баттал Ғазы, Йунус Емре, Қожанасыр тәрізді тұлғалардың өмірін түрік зерттеушілері осы қаламен байланыстырады. Олардың түрік дүниесінде, соның ішінде Ескішаһар тарихында алар орны ерекше.
Түріктер Анадолыға атбасын тірегеннен кейін көркем әдебиетінде көптеген ұмытылмас кейіпкерлер бейнесі сомдалған. Солардың бірі Сейіт Баттал Ғазы еді. Ол әрі батыр, әрі данышпан және де көреген тұлға ретінде есімі аңызға айналған. Өмір сүрген уақыты сегізінші ғасырға жатады деген пікір шындыққа жанасады. Мәселен, Ислам энциклопедиясында «Византияға қарсы жорықтарда даңққа ие болған арабтан шыққан Әмәуилердің қолбасшысы» деген түсінік беріледі. Сонымен қатар, Испанияға қарсы жорықтарға қатысқаны туралы да айтылады. Тегі араб болғанына қарамастан, түріктер арасында да үлкен бедел мен сүйіспеншілікке ие болыпты. Батырдың өмірі мен күрескерлігі «Батталнаме» шығармасында шынайы жырланған.
Ескішаһар қаласының тарихымен тығыз байланысты тұлғалардың бірі – Йунус Емре. Селжүктердің соңы, Осман мемлекетінің алғашқы кезеңінде, яғни ХІІІ ғасырдың екінші жартысы мен ХІV ғасырдың басында өмір сүрген түрік ақыны. Дәл осы ғасырда Анадолыда түрлі көтерілістер мен төңкерістер бірінің соңынан бірі жалғасып жатты. Міне, осындай кезеңде Ескішаһардан шыққан Йунус Емренің үні бүкіл Анадолы жеріне таралған сенім мен үміттің, бейбітшілік пен бауырластықтың жаршысы тәріздес еді. Білім-ілім алған жері – Кония қаласы. Атақты Мәуләнаның (Жалаладдин Руми) шәкірті. Кей деректерде қырық жыл білім алған делінеді, бұл жай символикалық ұғым ғана, шындығында оның ізденісі бұдан да ұзақ уақытты қамтыса керек. Ол Анадолы жерін түгелдей және өзі «жоғары аймақ» деп атаған Әзербайжан елін де аралап шығады. Осылайша, исі түркіге исламның негізін, ондағы жаратылыс туралы түсініктерді туған тілінде жеткізеді, жырлайды. Қалың елдің рухани жаңғыруына үлес қосады. Жұртты бауырластыққа, бірлікке шақырады. Мәжбүрлеуге емес, өмірді жеңілдетуге үндейді. Дау мен ұрыс-таласты емес, бейбітшілікті бірінші орынға шығарады. Йунус Емренің ойынша, дін кітаптарының мақсаты бір – адам мен адамды табыстыру, жақындастыру және өзін-өзі тану.
«Келіңіз таныс болайық,
Істі оңай қылайық,
Сүйейік, сүйікті болайық
Мына әлем ешкімге қалмас», – дейді.
Ескішаһардан шыққан үшінші кейіпкер Қожанасыр (түрікше Насреддин Қожа). Бұл елде оны өмірде болған адам ретінде санайды. Селжүктердің құлауы кезеңінде өмір сүрген. 1208 жылы Сиврихиссардың Хорту (қазір Насреддин Қожа деп аталады) ауылында дүниеге келген. Конияда медреседе білім алғаннан кейін Сиврихиссарда қызмет атқарған, кейіннен Ақшаһарға көшкен. Өмірінің басым көпшілігі осы қалада өткен. 1284 жылы осы жерде қайтыс болған дейді. Ол кезде Сиврихиссар Ескішаһардың әкімшілік аумағына кірген екен. Қожанасыр есімінің Ескішаһар қаласымен байланыстырылуы да осы себептен болуы керек. Түрік Қожанасырының бейнесі қазақтікінен алыс емес. Екеуі де ешқашан ренжімеген, өмірдің қиындықтарын әзілмен жеңуге үндейді. Қожанасырын сыйлайтын ел екені байқалады. Оған ескерткіш орнатқан – есегіне теріс қарап отыр. Әпенделік әрі даналық. Есек ақымақтың бейнесі болса, оның бағытымен жүруге болмайды дегенге меңзейтіндей...
Біз сөз етіп отырған үш адам қаланың өткеніне қатысты тарихи тұлғалар ғана емес, өнегесі кейінгі жұртына дарыған әулиелер деуге әбден болады. Йунус Емренің өлеңіндегідей: «келіңіз, танысыңыз, біз бауырлас түркі жұртымыз, тамырымыз бір» деген лебіз осы күні әр адамның аузында. Күтіп алғаннан, аттандырып салғанша бізге мінсіз қызмет көрсетті.
Қаланы аралатуға алып шыққан таксист жігіт өзі туралы бірсыпыра мәлімет айтты. Жеке фирмасы бар екен. Жолаушыларға қызмет көрсетумен айналысады. «Қазақстаннан ресми қонақтар келді деген соң қызметкерлерімді жібермей, өзім шықтым. Сіздермен танысқым келді және біздің елден риза болып аттансаңыздар, менің жүрегім қуанышта болады. Мына көлікті фирмаға бүгін таңертең ғана сатып алдық, келген қонақтарды осы көлікпен алып жүрген дұрыс деп ойладым. Ішіне тоңазытқыш және басқа керектілерді әлі орнатып үлгермедік, сондықтан да айып етпеңіздер», деп жақсы ниетін білдіріп жатыр.
ХV ғасырдың басынан бастау алатын осы бір көне қаланың тарихи-мәдени мұраларының да тамыры тереңде. Археологиялық музейлер, қаланың солтүстік-батысындағы ежелгі орамдар, XVI ғасырдан жеткен Күршүнлү-Камый мешіті, Селжүктер дәуірінен қалған бекініс бүгінге дейін мұрты бұзылмай сақталыпты. Сондай-ақ, Түркияның тарихына қатысты ең танымал 160 тұлғаның балауыздан жасалған мүсіндерінің мұражайы қазіргі күннің жетістіктері екендігі рас. Жәдігерліктер бөтен қолдың теперішіне түспепті. Түріктер өз туындыларына ғана емес, өзгенікіне де тура солай қарайды. Бір ғана мысал – Ыстамбұлдағы Айя София мұражайының бастапқы жобасын өзгертпеуі, әсіресе, исламға жат, христиандық сипаттағы картиналардың да сол қалпында бүгінгі күнге жетуі бұл елде жауыздық пиғылдың жоқтығын көрсетеді. Тарихтан өзіміз білетін, Батыстан Шығысқа аттанған басқыншыларға тән, өзге жұрттың тарихи тамырын жұлу, яғни жұлынын үзу пиғылы бұл елде мүлдем байқалмайды.
Өзге елдің боданында болмаған сан ғасырлық біртұтас тарих, мәдениет негізгі құндылықтардың айналасына шоғырланған ұғым-түсінік, біртұтас көзқарас. Бұл кедергісіз дамудың нақты кепілі. Түріктің сан ғасырлық өткені осылай дейді. Салыстырып, өз тарихыңа үңілесің, өткен күн өзгермейді. Келер таңның нұрланып атуы үшін енді не істеуге болады. Елбасының «тұрақтылық» дейтін міндеті осындайда ойға оралады. Ең бірінші Тәуелсіздіктің тұрақтылығы, екінші көзқарастың тұрақтылығы, үшінші барша дамудың тұрақтылығы. Бұл тұрақтылық біз үшін де, бізден кейінгі болашақ үшін де ауадай қажет. Анадолыдан туған жерге қайтар жолда туған ойымыз міне осы еді.
Бекжан ӘБДУӘЛИҰЛЫ,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Мәдениет және рухани даму институтының директоры.
Астана – Ыстамбұл – Ескішаһар – Астана.