Ағын су тапшылығы шешімін табуда
Технологиялық тұрғыдан ескірген суару жүйесі үлкен кедергі келтіріп, судың 40 пайызы далаға кетіп жататын кездері болатынын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауында айтқан болатын. «Онсыз да су тапшылығының зардабын тартып отырған еліміз бұған жол бере алмайды. Осы саланың нормативтік-құқықтық тұрғыдан реттелуін қамтамасыз етіп, заманауи технологиялар мен инновацияны енгізу үшін экономикалық ынталандыру шараларын әзірлеу қажет», деді Президент Жолдауында. Осы орайда «Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2024 жылға дейінгі кешенді жоспары» аясында ағын су тапшылығын шешу мақсатында «Түркістан магистралдық арнасы» күрделі жөндеуден өтуде. Сыйымдылығы 18 млн текше метр Кеңсай – Қосқорған-2 су қоймасы салынып, Жетікөл көлдер жүйесін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ Түркістан магистралдық каналын толтыру үшін Сырдария өзенінен машиналық канал салынуда. Нәтижесінде, жылына ағын су пайдалану көлемі 195,4 млн текше метрге артып, жыл сайын қосымша 14 млрд теңгенің өнімін өндіру мүмкіндігі пайда болады. Өңірдегі барлық су арналары цифрлы жүйеге көшеді. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің мәлімдеуінше, биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемін 843,4 мың гектарға орналастыру, бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу бойынша 2 760 жобаны жүзеге асыру, 10,2 мың гектарға су үнемдеу технологиясын енгізіп, жалпы көлемін 34,3 мың гектарға жеткізу көзделген. Негізгі капиталға 61 млрд теңге, тамақ өндірісіне 9,6 млрд теңге инвестиция тарту, балық шаруашылығын дамытып, 2030 жылға дейін тауарлы өндіру көлемін 20 мың тоннаға жеткізу, экспорттық әлеуетті арттыру жоспарланған. Жалпы өнім көлемі 850 млрд теңгеге, бұл салада бір жұмысшыға шаққандағы еңбек өнімділігі 2 млн 830 мың теңгеге жеткізіледі. «Агроөнеркәсіп кешені әлеуетін одан әрі дамыту үшін негізгі үш бағытта жұмыс атқарудамыз. Бірінші бағыт бойынша, қала аумағында азық-түлік белдеуін қалыптастыру аясында құны 46,7 млрд теңге болатын 6 серпінді инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Кентау қаласы «Шаға» ауылдық округінде 29 бірлік АҚШ, Аустралия технологияларымен 1 355 гектар тамшылатып суару машинасы орнатылды. Жалпы, жоспар 11 мың гектар алқапқа тамшылатып суару технологиясын енгізу көзделуде. Сондай-ақ құны 15 млрд теңге болатын 50 гектар заманауи жылыжай кешенін құру жобасы іске асырылады», дейді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев.
Президент Жолдауында айтылған ескірген суару жүйелерін жаңартып, арық-атыздарды тазарту, каналдарды бетондау жұмыстары Мақтаарал, Ордабасы, Сайрам, Түлкібас аудандарында да қарқынды жүргізілуде. Бір ғана мысал, ағын су Сайрам ауданының Қайнарбұлақ ауылдық округі тұрғындары үшін де өзекті мәселе. «Ақсу, Қарасу өзендерінен ауылдарға келетін судың көлемін жоғалту деңгейі жоғары, яғни 40-50 шақырым қашықтықтан жеткенше жол-жөнекей азайып, жылдамдығы да едәуір бәсеңдейді. Жылдан-жылға ұлғайып келе жатқан ағын су тапшылығы мәселесін шешу мақсатында аудан әкімі Ұласбек Сәдібековтің бастамасымен каналдарды бетондау, лотоктар орнату жұмыстары қолға алынуда. Бұл бойынша тиісті құжаттар, ұсынысхат дайындадық. Сондай-ақ облыс әкімі Ө.Шөкеевтің тапсырмасына сәйкес әлеуметтік жағдайы төмен 16 отбасына үйіргелік жерлеріне тамшылатып суару әдісімен дақыл егуге 555 600 теңге қаражат бөлінген. Ауқымды ақ егіс жерлерінің жоғары бетіндегі құнарлылығын сақтай отырып, жерді айдамай жаңа технологиямен тікелей егу жұмыстары атқарылуда», дейді Қайнарбұлақ ауылдық округінің әкімі Рысқұл Есполай.
Жайылым аумағы 742 мың гектарға артады
Ағын су тапшылығынан бөлек көптеген ауылда жайылым мәселесі де өзекті. Дәл осы Қайнарбұлақ ауылдық округіндегі жайылым жерлер қайбір жылдары өндірістік кооперативке одан кейін жауапкершілігі шектеулі серіктестік меншігіне рәсімделген, яғни 90-95 пайызы жекеменшік иелігіне өткен. Ауыл әкімінің айтуынша, облыс әкімдігіне жақсы таныс бұл мәселемен құқық қорғау органдары айналысуда. Жайылым мәселесі Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент тарапынан да көтерілген болатын. «Жайылымдар мәселесіне арнайы тоқталғым келеді. Бұл жерлер, ең алдымен, ауыл тұрғындарына қолжетімді болуы керек. Жергілікті әкімдіктер жұмысты дұрыс ұйымдастырмай отыр. Соның салдарынан, ауыл тұрғындары мал жаятын жайылым таппай қиналуда. Әсіресе, Алматы, Түркістан облыстарынан арыз-шағымдар көп түсуде. Жайылымдардың 99 пайызы шаруа қожалықтарының иелігінде. Алайда оның 36 пайызында ғана мал жайылады. Қалған 46 млн гектар жайылымдық жер бос жатыр. Үкіметке Бас прокуратурамен бірлесіп, биылғы жылдың соңына дейін осындай жайылымдарды қайтарып алуды тапсырамын. Оны ауыл тұрғындарының игілігіне берген жөн», деді Қ.Тоқаев.
Иә, жоғарыда айтып өткеніміздей, халқы тығыз орналасқан Сайрам ауданында да жер мәселесі өте өзекті. Аудандағы мал басының статистикалық есебі бойынша, ауданға 1 777 084 гектар, ал бар жайылымды шегергенде 1 752 535 гектар жайылым жер қажет. Қазіргі таңда жайылымдық жерлердің тапшылығына байланысты мал басы негізінен қолда, яғни қорада ұсталады. Бұл бағытта облыс аумағында ауқымды жұмыстар қолға алынып отыр. Тиісті заңға сәйкес 2020-2021 жылдарға арналған жайылымдар жоспары аудандар мен қалалар бойынша бекітіліп, нормативтік құқықтық акт ретінде әділет органына тіркелген. Жоспарда әр елді мекендер бойынша халықтың мұқтажына қажетті ортақ жайылымға алаңы 5 166,0 мың гектар жерді алу қарастырылған. Түркістан облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Самат Рамазанов қазір өңірде 27 мың гектар жайылымдық жер пайдаланылмай отырғанын айтты. Бұл орайда халық пайдаланатын жайылым жердің көлемін 742 мың гектарға немесе 21%-ға арттыру көзделіп отыр. Облыс аумағындағы жайылым жерлерді қайтарудың 5 бағыттық қадамдық алгоритм жобасы әзірленген. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасымен дайындалған алгоритм бойынша жайылым тапшылығы орын алған 152 елді мекен маңындағы халықтың мұқтажына алынатын учаскелер анықталып, басымдық берілді. Бекітілген іс-жоспарға сәйкес, биыл бірінші жартыжылдықта 66,4 мың гектар, ІІ жартыжылдықта 63,2 мың гектар, жалпы 130 мың гектарға жуық жайылымдық жерді халықтың мұқтажына алу жоспарлануда. Алынатын учаскелер нақтылануда. Дегенмен ауыл тұрғындарын ортақ іске біріктіріп, жерді тиімді пайдалануға септігі тиіп жүрген кәсіпкерлер де аз емес. Мысалы, Сайрам ауданы Сары арық ауылындағы «Қошқарбек Нұрай» өндірістік кооперативі соңғы жылдары тұрғындарға тиесілі жер телімдерін біріктіре егін шаруашылығына пайдалануда. «Алдыңғы жылы 166 гектар жерге бидай егіп, гектарынан 20 центнерден, ал былтыр арпаның гектарынан 12 центнерден өнім жинадық. Биыл ауыл тұрғындарына дивиденд таратамыз. Сондай-ақ тұрмысы төмен отбасыларға, көп балалы аналарға үнемі қолдау көрсетіп келеміз. Мал шаруашылығымыз да бар. 50 бас ірі қараны бордақыладық, сауын сиыр санын көбейтуді жоспарлап отырмыз. Жалпы, ауылда жұмыс жетерлік, істің көзін таба білген табыссыз қалмайды. Ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге аудандық, облыстық деңгейде, мемлекет тарапынан болсын, көп қолдау көрсетілуде. Аудан тұрғындары мал бордақылаумен, үйіргелік жерлерге көкөніс егумен айналысып, халыққа қызмет көрсету орындарын ашып шағын кәсіпкерлікті дамытуда. Осындай жұмыстардың нәтижесін оңай аңғаруға болады. Мысалы, ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдары біздің ауылда бір-екі жеңіл көлік бар еді. Қазір ауыл тұрғындарының тұрмысы жақсарып, әр үйде бір көліктен бар», дейді шаруашылық негізін қалаған Қошқарбек Дүйсенбаев.
Бизнесті жүргізу бойынша үздік өңір
Иә, шағын және орта бизнес халықтың үштен біріне жұмыс тауып беріп отырғанын Мемлекет басшысы да атап өткен болатын. «Бір сөзбен айтқанда, шағын және орта бизнестің ахуалы қандай болса – халықтың жағдайы да сондай. Биыл шағын және орта бизнеске қолдау көрсету ең басты назарда болуға тиіс», деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында. Ал Жолдауда шағын және орта бизнестің ішкі жалпы өнімдегі үлесі 2025 жылға қарай 35 пайызға дейін, жұмыспен қамтылғандардың санын 4 млн адамға дейін көбейту қажеттігі айтылған болатын. Бүгінде Түркістан облысында жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 141 мыңға жетіп, соңғы 2,5 жылда 14 мыңға өсті. Осы салада 218 мың адам жұмыспен қамтылған, 555 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өткен кезеңмен салыстырғанда 15,6%-ға ұлғайды. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде жалпы сомасы 29 млрд теңгені құрайтын 287 жоба қаржы институттарымен қаржыландырылды. Бұл еліміздегі ең үлкен көрсеткіш. «Бағдарламаны жүзеге асыруда өңірлер арасында көш бастап тұрмыз. Кәсіпкерлердің өндірістік қуатын қолдауға бағытталған «Бизнестің жол картасы -2025» мемлекеттік бағдарламасының бюджеті 23%-ға ұлғайып, 2,9 млрд теңгеге жетті. Нәтижесінде, 400-ге жуық кәсіпорынға қолдау көрсетіліп, қаржыландырылды. Бизнес-ахуалды жақсарту мен қолдау мақсатында облыста «Бизнеске арналған Үкімет» бірыңғай сервисі іске қосылып, жұмыс істеуде. Кәсіпкерлерге 33 мыңнан астам қызмет түрін көрсетіп, мыңнан астам бизнес жоспарлардың 78%-ы қаржыландыру деңгейіне дейін сүйемелденді. Нәтижесінде, облыс өткен жылдың қорытындысымен «Бизнесті жүргізу жеңілдігі» рейтингі бойынша республикада бірінші орынды иеленіп, үздік өңір атанды», дейді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев. Биыл «Бизнестің жол картасы-2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары арқылы кәсіпкерлік субъектілерін 70 млрд теңгеге жуық жеңілдетілген 6%-дық несиемен қамтамасыз ету жоспарланған. Маңызды жобаларды іске асыру бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижесінде, облысқа 703,3 млрд теңге инвестиция бағытталып, нақты көлем индексі 59,4%-ға артты. Инвестициялардың өсу көрсеткіші бойынша да облыс көш басында. Өткен жылы жеке инвесторлар есебінен жалпы құны 154 млрд теңгеге 37 инвестициялық жоба іске асырылып, 3 800 жаңа жұмыс орны ашылды. Биыл жалпы құны 260,5 млрд теңгені құрайтын 3 900 жаңа жұмыс орнын құрумен 54 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда.
Осы арада айта кетелік, Түркістан облысында Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасы мерзімінен бұрын орындалып отыр. Тұңғыш Президент Н.Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты 2018 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында 5 жыл ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін және өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2,5 есеге арттыруды тапсырған болатын. Өткен жылғы жұмыс нәтижесі бойынша Түркістан облысында өңделген ауыл шаруашылығы өнімі экспортының көлемі 5 есе өсіп, 105,1 млн долларға жетті. Биыл да бұл көрсеткішті арттыру көзделген. Осылайша, Түркістан облысында бес жылдық жоспар қысқа уақытта артығымен орындалып отыр. Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақовтың айтуынша, агроөнеркәсіп кешеніндегі бір жұмысшыға шаққанда еңбек өнімділігі 2500 мың теңге болып, 2,2 есе өскен. Сондай-ақ мал басының өсімі соңғы екі жылда 13%-ға артқан. Ірі қара малды импорттау мен тұқымдық түрлендіру бойынша облыс елімізде 2-орында. Бұл мақсатта үш жылда 20 мыңға жуық мал сатып алынған. Екі жылда жалпы мал өнімінің өсімі 8,5%-ға артты. Биыл да бұл көрсеткіш едәуір артпақ.
Арыз-шағым азайды
Мемлекет басшысы ауылдың әлеуетін толық пайдалану – стратегиялық маңызы бар мәселе екенін айта келе, ауылдағы мейлінше өзекті мәселелерді шешуге арналған «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын жүзеге асыру жалғасатынын мәлімдеген болатын. Облыстың барлық ауданында бағдарлама шеңберінде ауқымды жұмыс атқарылуда. Мысалы, аудан тұрғындары іскерлігін жиі айтатын Ұласбек Сәдібеков басқарып отырған Сайрам ауданында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Ауыл – ел тірегі» он күндік іс-шарасы қолға алынды. Жоба аясында облыстық және аудандық мәслихат депутаттары мен дербес бөлім басшылары әрбір ауылға 10 күн бөліп, қоғамдық қабылдаулар мен кездесулер өткізді. Алдымен аудан әкімі Ұласбек Сәдібекұлы мен тиісті бөлім басшылары Қарабұлақ ауылындағы Мәдениет үйінде тұрғындармен кездесу өткізіп, ауылдың өзекті мәселелерін талқылап, нақты шешілу жолдарын қарастырды. Кездесу барысында «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында оңтүстіктен солтүстікке қоныс аудару мәселесі де насихатталды. Солтүстік Қазақстан облысынан келген арнайы делегаттар оңтүстіктен жұмыс күші тапшы өңірлерге қоныс аудару – мемлекет жүргізіп отырған ең ұтымды бағдарламалардың бірі екендігін жеткізді. Жалпы, облыста «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға былтыр 24,4 млрд теңге қаралған. Оның аясында 88 мыңнан астам адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысты. Бүгінде облыстағы 100 мыңнан астам көп балалы отбасы ай сайын жәрдемақы алады. Былтыр жоспарланған 50 мыңдай көп балалы отбасының 39 мыңы атаулы әлеуметтік көмекке жүгініп, оларға 14 млрд теңгеге көмек тағайындалды. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 64,3%-ға кеміген. Ал «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында облысқа жалпы 13,5 млрд теңге бөлініп, 336 жоба іске асырылды. Өңірде 11 мектеп, 2 балабақша, 3 денсаулық сақтау, 1 спорт, 2 мәдениет, 9 тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы бойынша нысандары және 474 шақырым жол жөндеуден өтті. Биыл 116 жобаны іске асыру жоспарланған. «Ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 54 нысанның құрылысына 18,3 млрд теңге қарастырылып, 28 нысан пайдалануға тапсырылды. Нәтижесінде, 19 елді мекен жаңа ауыз су жүйелерімен қамтылып, бес елді мекеннің тозығы жеткен су құбырлары қайта жаңартылды, халықты ауыз сумен қамту деңгейі 92,1%-ды құрады. Биыл тағы 49 нысанның құрылысы жүруде. Жыл соңына дейін 20 елді мекен жаңа ауыз су жүйелерімен қамтылып, 14 елді мекеннің су құбырлары қайта жаңартылатын болады. Нәтижесінде, халықтың 93,3% немесе 710 елді мекен сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі», дейді Өмірзақ Естайұлы. Сондай-ақ былтыр 41 табиғи газ нысанының құрылысына 14,1 млрд теңге бағытталып, жылдың қорытындысымен 23 нысанның құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталған. Нәтижесінде, 423 елді мекен немесе 1 млн 274 мың адам табиғи газбен қамтылды. Биыл 24 нысан пайдалануға беріліп, 434 елді мекенге табиғи газ беріледі. «Түркістан облысы елді мекендерін сапалы тұрақты электр қуатымен қамтамасыз етудің 2020-2025 жылдарға арналған іс-шара жоспарына» сәйкес 172 елді мекенді сапалы электр қуатымен толығымен қамту жоспарлануда.
Электр қуатымен қамтамасыз ететін монополист мекеменің қызметіне шағымданушылар көп. Жел тұрса жарық сөнетін жайттар көп кездеседі. Мұндай келеңсіз жайт Сайрам ауданының Қайнарбұлақ ауылдық округінде де жиі болады екен. Ауыл тұрғындары электр бағаналарының сонау 1955-1960 жылдардан бері жаңармағанын айтуда. Бұл орайда облыс әкімі тұрғындар алдындағы есебінде ескі трансформаторлар мен ауыстыруды қажет ететін ағаш электр бағаналары жаңартылатынын айтты. Өткен жылы 26 нысанның құрылысына 4,4 млрд теңге қаржы бағытталып, 17 нысан пайдалануға берілген. Биыл 26 нысанның 17-сі жақын уақытта пайдалануға беріледі. Қалғаны 2022 жылға өтпелі. Жыл қорытындысымен, 27,7 мың тұрғын сапалы, тұрақты электр қуатымен қамтылатын болады. Ал автомобиль жолдарын дамытуға былтыр республикалық және облыстық бюджеттен 54,8 млрд теңге қаралып, 2 мың шақырымға жуық жолдар мен көшелерде құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізілген. Оның 1 525,4 шақырымы пайдалануға беріліп, жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесі 74,1%-дан 79%-ға дейін артты. Биыл 609 шақырым жол мен елді мекен көшелерін жөндеу жоспарлануда.
Өңірде атқарылып жатқан нәтижелі жұмыстардың бір көрінісі – тұрғындар тарапынан түсетін арыз-шағымдардың азаюы. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында атап өткен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру жұмыстары жалғасуда. Өткен жыл барысында өзім және орынбасарларым, басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдері, облыс тұрғындарының өтініштері бойынша
3 940 азаматты жеке қабылдап, елдің қажетті экономикалық-әлеуметтік мәселелерін талқылап, шешу жолдарын қарастырдық», дейді облыс әкімі Ө.Шөкеев. Мемлекеттік мекемелердің халыққа көрсетілетін қызмет сапасын арттырып, тұрғындардың өтініштерін бір жерден шешу мақсатында, барлық аудан, қала орталықтарында «Фронт-офис» кеңселері ашылған. Облыс орталығындағы басқармалар үйінің ғимаратында «Ашық әкімдік» кеңсесі өз жұмысын бастады. Кеңседе 21 басқарманың және тікелей мемлекеттік қызмет көрсететін 16 басқарманың жауапты қызметкерлері жұмыс істейді. Осындай жұмыстар да тұрғындарды мазалайтын мәселелердің оң шешімін табуына ықпал етіп отыр. Яғни тұрғындардың өтініш-шағымы 26%-ға азайған.
Түркістан облысы