Желтоқсан айынан бастап отандық прокатқа шыққан «Үйлесімділік сабағы» (кейінгі аты – «Асланның сабақтары») атты авторлық фильм биылғы жылдың ең табысты картинасы атануға толық құқы бар. Аталмыш кинолента ақпан айында 63-ші халықаралық Берлин кинофестивалінің жүлдегері атанып қана қоймай, жыл бойы жеңістерін жалғастырып, жолы болған киножобаға айналды.
Желтоқсан айынан бастап отандық прокатқа шыққан «Үйлесімділік сабағы» (кейінгі аты – «Асланның сабақтары») атты авторлық фильм биылғы жылдың ең табысты картинасы атануға толық құқы бар. Аталмыш кинолента ақпан айында 63-ші халықаралық Берлин кинофестивалінің жүлдегері атанып қана қоймай, жыл бойы жеңістерін жалғастырып, жолы болған киножобаға айналды.
Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген Эмир Байғазиннің бұл картинасы ең үздік операторлық жұмыс ретінде мойындалып, фестивальдің «Күміс аю» жүлдесін Қазақстанға алып келді. Ал Берлин кинофестивалі – «А» класындағы ең ірі және беделді фестивальдердің бірі екендігін және ол аты әлемге мәшһүр Канн және Венеция кинофестивальдерімен иық тірестіретін байқаулардың санатына қосылатындығын ескерсек, ұлттық кинематографияның осынау табысы ұлықтауға тұрарлық оқиға болды.
Өндірдей жас режиссер Эмир Байғазиннің жұлдызы 2011 жылы бірінші рет өткен «Қазақстандық киножобалар нарығында» жанған еді. Сол жолы әділқазылар алқасының қарауына түскен 60-тан астам өтінім арасынан іріктеліп алынған 8 жобаның ішінен Эмирдің «Асланның сабақтары» («Уроки гармонии») жобасы үздік деп танылып, Бас жүлдеге – Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ қаржылай қолдауына ие болды. Қағаздағы сценарий көп ұзамай кинотуындыға айналып, жоба авторлары халықаралық деңгейдегі кинододаға жолдама алды.
Айтқандай, жүлдегер фильмнің түсіру жұмыстары 2012 жылдың шілде айында аяқталған болатын. Бірнеше күннен кейін фильмнің алғашқы кадрлары Сараево қаласында (Босния және Герцеговина) өткен халықаралық кинофестивальде көрсетіліп, Work-in-Progress конкурстық бағдарламасында Бас жүлдені жеңіп алғанын айтсақ, «Асланның сабақтары» картинасының шежіресі Берлин кинофестиваліне дейін басталып қойған.
Сонымен көп ұзамай картина «Берлинале Әлемдік Кино Қоры» (Berlinale World Cinema Fund) тағайындаған жүлдеге қол жеткізді. Жалпы, бұл фильм – аталмыш Қордың қолдауына ие болған алғашқы қазақстандық жоба.
Қазақ киносын күллі әлемге паш еткен Эмирдің тырнақалды туындысының табыстары жыл бойы төмендегідей болып жалғасты. Атап айтсақ, кейін фильм Сиэтл қаласында өткен кинофестивальде Бас жүлдеге, Нью-Йорк қаласында болған Трайбека фестивалінде «Үздік жаңа режиссер» атты қазылар алқасының арнайы дипломына, Базель қаласындағы кинофестивальде Бас жүлдеге, Словакиядағы кинофестивальде Бас жүлдеге, Лозанна қаласында (Швейцария) өткен фестивальде Бас жүлдеге, Мәскеуде (Ресей) өткен «2morrow/Завтра» кинофестивалінде Бас жүлдеге, Филадельфиядағы кинофестивальде «Үздік дебют» және «Үздік операторлық жұмысы» үшін қазылар алқасының жүлдесіне, Сахалиндегі «Край света» кинофестивалінде «Үздік режиссер» жүлдесіне, Амьен қаласындағы кинофестивальде Бас жүлде мен «Үздік ер адам рөлі» жүлдесіне, Лиссабон мен Эшторилде өткен фестивальдің қазылар алқасының арнайы жүлдесіне ие болды.
Фильмге Қазақстанның алыс түкпіріндегі бір ауылдағы қарапайым мектептің тарихы арқау болады. 13 жастағы Аслан өміріндегі түрлі келеңсіздіктерге қарамастан, жақсылыққа, жарыққа ұмтылады. Алайда, қатарластарынан жәбір көрген ол жат мінез танытып, қоғаммен өзара текетіреске түседі... Автор таза бейнелеу арқылы өз ойын, кейіпкердің сезімін және өмір сүрген уақытын нағыз кино тілі арқылы толық айта білген. Ендеше, бұл жетістіктерді қазақ киносының әлемдік үлкен бәсекесінің басы деп қабылдайық.
Және бір жайт, фильм режиссері Эмир Байғазин биыл шілде айында Локарно қаласында өткен халықаралық кинофестивальдің қазылар алқасына мүше болды, ал тамызда жас қазақ режиссері Сараево қаласындағы кинофестивальде шеберлік сағаттарын өткізіп, дебюттік жұмысы жайында әңгімелеп берді. Сонымен қатар, Эмир Алматыда қыркүйек айында өткен халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің негізгі байқауының қазылар алқасының құрамына енді. Осылайша, аз ғана уақыт ішінде талантымен танымал болып шыға келген ол қазiргi киноиндустрияның бел ортасына кіріп, бірқатар асуларды бағындырды.
Биылғы ақпандағы Берлин кинофестиваліне 500 мыңнан астам адам қатысса, соның 4 мыңға жуығы журналистер болды. Әу баста-ақ, америкалық «Film Comment» баспасы қазақстандық режиссер Эмир Байғазинге «63-ші Берлин кинофестивалінің жаңа жұлдызы» және «авторлық киноның жаңа сенсациясы» деген баға берсе, «The Hollywood Reporter», «Variaty», «Screen Daily», «Los Angeles Times», «Le Monde», «La Croix», «Der Tagesspiegel» сынды көптеген әлемдік ақпарат құралдары «Асланның сабақтары» («Уроки гармонии») туралы жарыса жазды. Олар фильмнің қалың жұртшылықтың көзайымына айналатынына, тіпті, фестивальдің жүлделі орыннан көрінетініне сенімді болды.
Мақаламыздағы сол шетелдік ақпарат құралдарында жарық көрген кейбір мақалалардан үзінді келтіре отырып аяқтайық.
Америкалық «The Hollywood Reporter» журналы: «Дебюттік жұмыс тұрғысында бұл кемел дүние, әлемдік киноға жаңа таланттың есімі қосылды», деп жазса, немістің «Berliner Zeitung» газеті: «Қазақстан ғажап кинотуынды ұсынды. Эмир Байғазиннің «Асланның сабақтары» фильмі оның айқын дәлелі», деп атап өтеді.
Ал Үндістанның «Bollywod Trade» басылымы: «Биыл Берлин кинофестивалінің іріктеу тобы жақсы жұмыс атқарды, олар әлемге Эмир Байғазин сынды жаңа дарынды режиссерді таныстырды» деп баға берсе, АҚШ-тың Film Comment журналы: «Бұрын-соңды болмаған жайттардың куәсіміз: ешкімге де белгісіз 28 жастағы дебютант-режиссердің жұмысы – Қазақстан атынан алғаш ұсынылған фильм фестивальдің негізгі байқауына іріктеліп алынды. «Асланның сабақтары» фильмі – бұл нағыз шығармашылық ұжымның жемісі, картинаның сценарий авторы мен қоюшы режиссері Эмир Байғазин авторлық кино әлеміне жаңалық алып келді», деді.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.