Қазақстан • 01 Наурыз, 2021

Елбасы кітапханасында «Мың алғыс саған, Ұлы далам!» халықаралық дөңгелек үстелі өтті

396 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Бүгін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында Алғыс айту күніне арналған «Мың алғыс саған, Ұлы далам!» халықаралық дөңгелек үстелі өтті.

Елбасы кітапханасында «Мың алғыс саған, Ұлы далам!» халықаралық дөңгелек үстелі өтті

Іс-шараға отандық және шетелдік ғалымдар, ұлтаралық қатынастар саласындағы зерттеушілер, сарапшылар, этно-мәдени бірлестіктердің өкілдері, докторанттар мен магистранттар қатысты.

Дөңгелек үстел қатысушыларын мерекемен құттықтаған іс-шара модераторы, Елбасы кітапханасының директоры, саяси ғылымдардың кандидаты Бақытжан Темірболат ішкі саясат стратегиясының негізгі бағытына айналған қоғамдағы тұрақтылықтың сақталуына Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың қосқан үлесін айтып өтті.

– Қазақстан қоғамының іргетасын қалайтын кірпіштердің бірі – этникалық толеранттылық. «Қазақты қасиетті қара шаңыраққа баласақ, еліміздегі барша этностар – сол шаңыраққа шашылған уықтар», - дейді Елбасы. Бүгінгі көп ұлтты елімізде татулық пен келісімнің болуы да, ең алдымен, қазақ халқының ұлылығын танытса керек. Қазақстан халқы қонақжайлық пен дарқан мінездің, бірлік пен берекенің, тұрақтылықтың, этносаралық және конфессияаралық татулықтың шынайы үлгісін көрсетті. Сондықтан да ҚХА-ның 2016 жылғы сессиясында Н.Ә. Назарбаев Алғыс айту күнін енгізуді ұсынып, бұл күннің «барлық қазақстандықтардың бір-біріне деген мейірімі мен достығының, сүйіспеншілігінің жарқын мерекесі» болатынын алға тартқан еді. Алғыс айту күні – Қазақстан халқын біріктіруге бағытталған, еліміздің тарихына құрмет көрсетіп, барлық ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына топтастыратын мереке. Ол – «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясының, қазақстандық бірегейліктің негізгі арқауы. Қазақстан – сан алуан этнос өкілдері арасындағы бейбітшілік пен келісімді сақтаған бірегей мемлекет. Келер буынның міндеті – бұл үрдісті жалғастыра беру. Ол үшін бір-бірімізге мейірім мен ықыласпен қарап, елімізде тұрып жатқан барлық ұлттардың тілі мен ділін, мәдениеті мен салт-дәстүрін сыйлағанымыз абзал. Мұндай үрдісті халыққа Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев та үндейді. Бұл мүддені Қазақстан халқы Ассамблеясы да, ұлттық-мәдени бірлестіктер де құптайды, - деді ол.

7589

Барлық қазақстандықтар мен дөңгелек үстел қатысушыларына Ингушетия Республикасының бірінші президенті, мемлекет және қоғам қайраткері Руслан Аушев өз құттықтауын жолдады: «Осыдан 77 жыл бұрын сталиндік қуғын-сүргін салдарынан шешендер мен ингуштар туған жерлерінен Қазақстан мен Орта Азияның алыс әрі адам тұрмайтын аудандарына мәжбүрлеп көшірілді. Осы қайғылы оқиғаның салдарынан республиканың мыңдаған тұрғыны аштықтан, суықтан және аурудан көз жұмды, олардың арасында қарттар, әйелдер мен балалар болды.

Кавказ тауларынан қазақ даласына дейінгі ұзақ жолда олар тартқан адам төзгісіз сынақтар туралы біздің халқымыз әлі күнге дейін  қайғыра  еске алады... Өзінің терең де ерекше тарихы бар бүкіл халыққа тағылған айып оның жойылып кету шегіне жетті. Осы  бір қиын-қыстау кезеңде қазақтар өздері ілініп-салынып әрең жүрсе де, біздің халқымызға тірек болып, ондаған мың ингуш отбасыларын құтқарды!».

«Қазақ жері мен халқы бауырына басқан қиналған жандардың  арасында  менің ата-анам да болды. Олар әкем Аушев Сұлтан-Хамид Юсупович және анам Аушева Тамара Исултановна. Мен ол кісілердің бізге, өз балаларына, ұлы қазақ халқының қонақжайлылығы мен қарапайым адамдардың шынайы қолдауы туралы ерекше жылулықпен, сүйіспеншілікпен айтқандарын әрдайым есте сақтайтын боламын. Олар сондай-ақ, біздің халқымыз үшін ең қиын да қайғылы кезеңдерде көрсеткен көмегі мен қолдауы үшін қазақ бауырларына деген шексіз алғыстарын ұрпақтан-ұрпаққа таратуды өсиет етті! Ингуштар сталиндік қуғын-сүргін жылдары күштеп жер аударылған және Қазақстанда екінші отанын тапқан ондаған ұлттар мен ұлыстардың бірі. Менің ойымша, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстанда Алғыс айту күнін белгілеу дұрыс және көреген шешім болды. Маған барлық вайнахтардың атынан және жеке өз атымнан бүкіл бауырлас қазақ халқын Алғыс айту күнінің 5 жылдығымен құттықтауға және зор денсаулық, бейбітшілік, жақсылық, бақыт, өркендеу тілеуге рұқсат етіңіздер!», деді Р.Аушев.

Шешенстан Республикасының сыртқы және ішкі саясат жөніндегі вице-премьері  Джамбулат Умаров бейне-үндеу жолдап, Шешенстан Республикасының басшысы, Ресей батыры Рамзан Қадыровтың атынан қазақстандықтарды Алғыс айту күнімен құттықтады:

«Қазақстан халқына қатысты бұл сөз тіркесі біз үшін қасиетті болып табылады, өйткені бұл күні біз, шешендер, мейірімді, жанашыр Қазақстан халқына шексіз алғысымызды білдіргіміз келеді. 1944 жылы азынаған ақпанда біздің халқымыз қастықпен Қазақстанға жер аударған жоқ, өлтіру үшін жіберілді.  Бірақ айта кету керек, дұшпандар қателесті. Олар жергілікті тұрғындардың кеңпейілділігіне сеніп, қазақтар халық жауы деп деп атағандардың жанынан өтіп кетеді деп ойлады. Бірақ қазақ халқы саясаттан биік тұрды. Олар адамгершілік танытты. Қазақтар бізді жылытып, тамақтандырып, барымен бөлісті. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты өзінің ұстазы деп атайтын Рамзан Ахматович Кадыровтың аманаты бойынша сіздерге осы Алғыс күні  алғыс білдіруге рұқсат етіңіздер».

Іс-шара барысында Қазақстан Республикасының мемлекет және қоғам қайраткері, ҚХА Кеңесінің мүшесі, Дүниежүзілік шешендер конгресінің вице-президенті Ахмет Мурадов, АЛЖИР тұтқындарының немерелері: кинорежиссер Дарья Виолина (Мәскеу қ.), Наталья Григорьева (Санкт-Петербург қ.), сондай-ақ Гданьск қаласындағы Екінші дүниежүзілік соғыс музейінің бас маманы Дмитрий Панто (Гданьск қ., Польша) құттықтау сөз сөйледі.

– Алғыс айту күні – бұл біздің ортақ тарихи жадымыздың символы, бұл біздің қасиетті тарихымызға деген құрмет дер едім, - деп атап өтті А.Мурадов.

– Алғыс айту – Қазақстан дегенде ойға оралатын алғашқы сезім. Алғыс айтудың бірінші бөлігі сонау 1938 жылдан басталады. Менің әжем Лидия Френкель 28 жасында Мәскеуден Қазақстанға ұзақ апта бойы жол жүргеніне қатысты. Ол өз еркімен мыңдаған жазықсыз сотталған әйелдермен бірге жалаңаш қауырсын даланың ортасына шықты. Олар арықтар қазып, түрме соғып, тарихқа Алжирдің атақты тұтқындарының атымен енуі керек еді. Десе де, ол аман қалып, артынан босатылды. 91 жасқа дейін өмір сүрді. Мен оның Қазақстан туралы әңгімелерін тыңдап өстім. Әжем басынан өткергенін ауыртпашылығына қарамастан, әрқашан Қазақстан туралы керемет ризашылықпен, нәзіктікпен тебіренетін. Ол әрдайым қазақтардың таңғажайып әрі жауынгер халық екенін айтып отырды. 2000 жылы менің әжем қайтыс болды. 9 жылдан кейін, оның жүз жылдығында мен Қазақ еліне барып, бір кездері әжемнің өмірін сақтап қалған жерге тағзым етуім керек деп шештім. Дәл осы тұста Қазақстанға деген ризашылығымның екінші кезеңі басталады. «АЛЖИР» және Долинкадағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мұражайында куә болған сіздердің өз тарихыңызға, халқыңызға деген көзқарастарыңыз мені ерекше таңқалдырды. Менің ойымша, посткеңестік кеңістіктегі бірде-бір елде мұндай мұражайлар жоқ, мемлекеттік деңгейде де сақталмайды. Бұл үшін Қазақ халқына және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасыға  басымызды иеміз, – деді Д.Виолина.

–  Дамыған ақпараттық технологиялардың дәуірінде жастарға жеке адамның құндылығы, адамдардың үлкен және кіші ерліктері жайында дұрыс ұғым қалыптастырып, білім беру маңызды деп санаймын. Нақты белгілі адамдардың өткен өмірі, тағдыршешті қадамдары арқылы тарихтың сол бір сәттеріне қадам жасауға болады. Келешек ұрпақ болашақта осындай оқиғалардың қайталануына жол бермеу үшін өздерінің туған-туыстары мен жақындарының, ата-бабасының өткенде бастан кешкен әрбір кезеңін білу керек», –  деп атап өтті Н.Григорьева.

Іс-шараға отандық және шетелдік ғалымдар, ұлтаралық қатынастар саласындағы зерттеушілер, сарапшылар, этно-мәдени бірлестіктердің өкілдері: Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ ҚХА кафедрасының меңгерушісі,  «Шаңырақ» ҚХА кафедралары ассоциациясы» РҚБ төрайымы Наталья Калашникова, Оңтүстік Корея Премьер-министрі жанындағы шетелдік кәрістер істері жөніндегі Консультативтік кеңестің мүшесі Герман Ким, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Ғазиз Телебаев, Ч.Э. Ахриев атындағы Ингуш гуманитарлық ғылымдар ҒЗИ әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің меңгерушісі Лейла Арапханова, «Таң» татар-башқұрт этно-мәдени орталығының төрағасы Сергей Садыков, Торайғыров университеті ҚХА кафедрасының меңгерушісі Сәуле Мамытова, «Нұр-Сұлтан қаласындағы «Ахыска» түрік этно-мәдени орталығы» ҚБ төрағасы, ҚХА мүшесі Аскер Пириев, Т.Шевченко атындағы Киев ұлттық университетінің әлемдік украиншылдық кафедрасының меңгерушісі, Украина Жоғарғы мектебі  Ғылым академиясының академигі Владимир Сергийчук, «Нұр-Сұлтан қаласындағы өзбек этно-мәдени орталығының төрағасы, ҚХА ғылыми-сарапшылық кеңесінің мүшесі Шерзод Пулатов, ҚХА жанындағы «Жарасым» республикалық жастар ұйымының төрағасы Тимур Жұмырбаев қатысып, өз баяндамаларын оқыды.