Іс-шараға қатысушыларды мерекемен құттықтаған Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат ішкі саясат стратегиясының негізгі бағытына айналған қоғамдағы тұрақтылықтың сақталуына Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың қосқан үлесін айтып өтті.
– «Қазақты қасиетті қара шаңыраққа баласақ, еліміздегі барша этнос – сол шаңыраққа шаншылған уықтар», дейді Елбасы. Қазақстан халқы қонақжайлық пен дарқан мінездің, бірлік пен берекенің, тұрақтылықтың, этносаралық және конфессияаралық татулықтың шынайы үлгісін көрсетті. Сондықтан да ҚХА-ның 2016 жылғы сессиясында Н.Назарбаев Алғыс айту күнін енгізуді ұсынып, бұл күннің «барлық қазақстандықтың бір-біріне деген мейірімі мен достығының, сүйіспеншілігінің жарқын мерекесі» болатынын алға тартқан еді, – деді Б.Темірболат.
Қазақстандықтарды мерекемен құттықтаған Ингушетияның бірінші президенті, мемлекет және қоғам қайраткері Руслан Аушев іс-шараға қатысушыларға жылы лебізін білдірді.
– Осыдан 77 жыл бұрын сталиндік қуғын-сүргін салдарынан чешендер мен ингуштар туған жерлерінен Қазақстан мен Орталық Азияға мәжбүрлі түрде көшірілді. Осы бір қиын-қыстау кезеңде қазақтар өздері ілініп-салынып әрең жүрсе де біздің халқымызға тірек болып, ондаған мың чешен-ингуш отбасын құтқарды», деді ол.
Іс-шара барысында Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері, ҚХА Кеңесінің мүшесі, Дүниежүзілік чешендер конгресінің вице-президенті Ахмед Мурадов, АЛЖИР тұтқындарының немерелері, кинорежиссер – Дарья Виолина мен Наталья Григорьева, сондай-ақ Польшаның Гданьск қаласындағы Екінші дүниежүзілік соғыс музейінің бас маманы Дмитрий Панто сөз сөйледі.
Іс-шараға отандық және шетелдік ғалымдар, ұлтаралық қатынастар саласындағы зерттеушілер, сарапшылар, этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты.