Иә, аталған ауданда Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде ұйымдастыру жұмыстары қызу қолға алынған болатын. Ең алдымен өткен жылдың 24 қаңтарында Абай қаласында Абай ауданының ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен, «Қазақ тілі. Парасат» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласындағы идеяларды дәріптеу мақсатында «ашық алаң» пішімінде іс-шара ұйымдастырылды. Сонымен қатар, мерейтой аясында абайтанушы, филолог ғалымдардың қатысуымен «Абай мұрасы – ұрпаққа ұлағат» атты ғылыми-практикалық конференция өтті. Бірегей мәдени кеңістікті қалыптастыру, жергілікті авторлардың шығармаларын насихаттау, әдеби өлкетануды насихаттау, жастарды отансүйгіштік рухта тәрбиелеу мақсатында өңірдегі ақын-жазушылардың «Абай жаққан бір сәуле...» атты жинағы жарық көрді. Сонымен бірге заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының 18 мемлекеттің тіліндегі туындыларын сандық жүйеге көшіру мақсатында электронды кітап нұсқасы шығарылды. Сондай-ақ мерейтой аясында әртүрлі спорттық ойындар, #МеніңАбайым, #Abai175 #ABAI175CHALLENGE челендждерінің ұйымдастырылғанын да айта кеткен ләзім.
Ал мерейтойға арналған іс-шаралардың ішіндегі айтулысы – Абай қаласында хакімге арналған еңселі ескеткішті орнату болды. Жалпы хакімге арналған мүсін туралы әңгіме 2019 жылдан бастау алған еді. Сол жылдың 10 сәуірі күні әкімдік жанынан конкурстық комиссия құрылып, ашық конкурс өткізудің ережелері бекітілген болатын. Аталған комиссияның құрамына өңірдің танымал қоғам қайраткерлері, мүсіншілер мен сәулетшілер, жергілікті атқарушы органның өкілдері енді. Маусым айының 17-сінде конкурстық комиссия өзінің отырысында 13 мүсіншіден келіп түскен 16 жобаны қарап, соның ішінен үш жұмысты таңдап алған болатын. Қатаң іріктеуден өткен бұл жобалар ескерткіштер мен монументтер жөніндегі мемлекеттік комиссияға жіберілді.
Әлбетте, әрбір істе түпкі мақсатқа жету үшін күресу керек болады. Абай ауданының атқа мінген азаматтары үшін де өздері таңдап алған жобаның жеңіске жеткені аса маңызды еді. Ақырында, тиісті органдармен жүргізілген табанды жұмыстың нәтижесінде, 2019 жылдың 20 қарашасында ескерткіштің жергілікті комиссия таңдаған жобасы жоғарыдан мақұлданып, біржолата бекітілді. Осы орайда, таңдаудың мүсіннің дәл осы нұсқасына түсуі – облыс әкімінің қолдауы мен аудан басшысының және ұйымдастыру ісінің басы-қасында жүрген бір топ азаматтың қажырлы еңбегінің жемісі екендігін айта кеткен жөн.
Тұғырымен қоса есептегенде биіктігі 7,6 метрге жететін ескерткіш 2020 жылдың 15 қарашасында Абай қаласының қақ ортасындағы мәдениет үйінің алдына орнатылды. Шапанын желбегей жамылып, оң қолына кітап ұстаған Ұлы Абайдың ойшыл көзбен алысты шолып тұрған асқақ бейнесі көпшіліктің көңілінен шыққан. Ескерткіштің авторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Суретшілер академиясының корреспондент-мүшесі Бейбіт Мұстафиннің бұл туындысы адамзат баласына қадірі өткен хакім образын жеріне жеткізе бере алғандығымен ерекшеленгені рас еді. Мұны зиялы қауым өкілдері де, белгілі суретші-мүсіншілер де, тұрғындар да бірауыздан мақұлдаған болатын.
Жалпы Абайдың есімін иеленген аудандағы соңғы жылдары болып жатқан оң өзгерістерді ауыз толтырып айтуға болады. Мысалы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша Абай қаласында екі бес қабатты үй және Топар кентінде 18 пәтерлі үй құрылысы жүргізіліп жатыр. Ал биыл Абай қаласындағы 30-орамда бес қабатты бір үй құрылысын бастау жоспарда бар. Бұдан бөлек көп балалы отбасылар үшін 13 пәтер сатып алынды. Жоспарда бұл санаттағы отбасыларына тағы 60 пәтер сатып алу көзделген.
Айта кететін бір жайт, Абай ауданының әкімі Бауыржан Асанов – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасының талабына сай облыста ашықтық жағдайында жұмыс істеу тәсілін тәуір меңгерген лауазымды тұлғаның бірі. Бүгінде аудан басшысына көптеген мәселелер туралы арыз-шағым мен өтініш-тілекті кез келген уақытта әлеуметтік желілер арқылы жеткізу қалыпты жағдайға айналған. Аудан әкімі былтыр 21 тікелей эфир өткізгенде, оған түрлі тақырыпты қаузаған 400-ден астам сұрақ қойылыпты. Бүгінде осы сұрақтарда көтерілген мәселелердің тең жартысына жуығы оң шешімін тапқан. Қалғандары бойынша да нақты жұмыс жүргізіліп жатқан көрінеді.
«Аудандағы барлық жол біртіндеп қалпына келтірілетін болады, – дейді Б.Асанов. – Алдыңғы жылы Промышленный, К.Маркс және Степной көшелеріндегі жол учаскелері жөнделген болатын. Осы жылы біз Калинин, Школьный және Гете көшелеріндегі жолдарды қалпына келтіру бойынша жұмыстарды жүзеге асырамыз. Абай көшесін қалпына келтіру жарықтандыру тіректерін орнатумен жалғасады. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы арқылы елді мекендердегі жолдарды да жөндей алдық. Самарка, Юбилейный, Есенгелді, Сәрепті, Құлаайғыр ауылдарында, Топар, Южный кенттерінде ішкі жолдарға ағымдағы және орташа жөндеу жүргізілді. Тағы да 10 учаскеде жолдар тегістелді. Жаңа Қараған жолдары да жөнделді».
Биыл «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы аясында Топар кентінде бес көшеге, Қарабаста екі көшеге, Жартас ауылында алты көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.
Былтыр ауданның Құрма, Жұмабек және Дубовка ауылдарындағы су құбыры желісін қалпына келтіру бойынша көптен күткен жобаны жүзеге асыру бойынша іс-шаралар атқарылды. Биыл аталған жобалар аяқталғанда, халық үздіксіз сапалы сумен қамтылатын болады. Топар, Қарабас кентінде, Сәрепті ауылында және Абай қаласындағы Школьный көшесінде су құбыры желісі бойынша ағымдағы жөндеу жұмыстарының жүргізілгенін де айта кету керек.
Абай – өңірдегі ауыл шаруашылығы мықты дамыған аудандардың бірі. Жергілікті ауыл шаруашылық құрылымдары өндіріске ылғал үнемдеу технологияларын енгізу бойынша жұмыстарды сәтті жалғастырып келеді. Мысалы былтыр ылғал үнемдеу технологиялары 2019 жылға қарағанда 11,1 % өсіммен 15 мың гектар алаңына пайдаланылған. Тамшылатып суаруды қолдану аумағы 56 гектарды құрады.
Мал шаруашылығы туралы сөз қозғағанда, биылғы 1 қаңтарға дейінгі санақ бойынша ірі қара саны 23,1 мың басты құраған, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 4,3%-ға артық. Сонымен қатар былтыр 13 мың тонна ет, 28 мың тонна сүт, 282 млн дана жұмыртқа өндіріліп, алдыңғы жылдардағы көрсеткіштерден асып түсті. Жалпы ауданда мал шаруашылығы өнімдері ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің 49%-ын құрайды.
Ауыл шаруашылығындағы негізгі капиталда инвестиция өсуінің оң динамикасы байқалады. Жылдың басынан бастап аграрлық-өнеркәсіптік кешенге (АӨК) 2 млрд 285 млн теңге мөлшерінде қаржы инвестицияланған. Ал биыл бұл салада инвестициялар есебінен жалпы сомасы 4 млрд теңгеден асатын сегіз жылжымалы инвестициялық жоба іске асырылып, 80-нен астам жұмыс орнын құруды мақсат еткен ауқымды шаруа қолға алынбақ. Сонымен қатар шамамен 7,5 млрд теңгеге тағы да бес жаңа инвестициялық жобаны іске асыру жоспарда бар.
Рас, өткен жыл карантиндік шектеулерге байланысты күрделі кезең болды. Бірақ бұған қарамастан, ауданда кәсіпкерлік субъектілерінің саны азайған жоқ. Керісінше, 33 жаңа нысан ашылып, 150 адам жұмыспен қамтылды. Жалпы өткен жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасын жүзеге асыру аясында Абай ауданында 1 млрд 362 млн теңге сомасына 42 инфрақұрылымдық жоба іске асырылып, 349 жұмыс орны ашылды.
Ауданда «Абай Сити» ірі сауда орталығының ашылуы айтулы оқиғаның бірі болды. Тағы бір сауда және ойын-сауық орталығы 2022 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған.
Әлеуметтік салада барлық міндеттеме орындалды. Мысалы, білім беру нысандары бойынша 18 мектеп жөнделді, оның ішінде 3 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Биыл 4 ауыл мектебінде күрделі жөндеуді жалғастыру жоспарланған. Жергілікті бюджеттен 80 компьютер сатып алу және республикалық бюджет есебінен 197 компьютер, 954 ноутбук және 100 планшет сатып алу арқылы аудан мектептеріндегі компьютерлік парк ұлғайтылды. Мұның өзі балаларды қашықтан толыққанды оқытуға мүмкіндік берді. Сондай-ақ биыл мемлекеттік тапсырыс бойынша Абай қаласында және ауылдағы мектеп базасында 550 орынды жеке балабақша, Қызыл кентіндегі мектеп базасында 15 балаға арналған шағын орталық ашылады.
Ауданда спорттық инфрақұрылым да дамып келеді. Былтыр Ақбастау ауылында және Вольный кентінде 2 көпфункционалды корт, Абай қаласында, Дубовка ауылында және Қарабас кентінде 3 Street Workout спорт алаңы орнатылды. Ал биыл Кзыл ауылындағы №8 орта мектептің базасында 1 көпфункционалды корт орнату, сондай-ақ Дубовка орта мектебінде спорт алаңына жасыл жамылғы төсеу және қоршау салу жоспарланған.
Абай қаласы мен ауданы кездескен қиыншылықтарға қарамастан, заманның ағымына сай рухани тұрғыда жаңғырып келеді. Абай қаласындағы аттары идеологиялық тұрғыда ескірген көшелерге ұлттық танымға жақын атаулар беру бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. Соның нәтижесінде қаладағы бұрынғы Энгельс, Карл Маркс, Калинин, Ленин, Курчатов көшелері, сәйкесінше, Әлімхан Ермеков, Сәкен Сейфуллин, Шерубай батыр, Әлия Молдағұлова атындағы көшелер болып өзгертілді.
Бір сөзбен айтқанда, хакімнің есімін иеленген аудан мен қала ынтымақ пен бірліктің қалыбын бұзбай жүргізген байыпты саясаттың арқасында бағыт-бағдарынан жаңылмай, дамудың ел таңдаған бірегей жолына түскен.
Қарағанды облысы,
Абай ауданы