Руханият • 03 Наурыз, 2021

Көксерек-ғұмыр

871 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Күні кеше Қарағанды қаласының құрылғанына 87 жыл толған еді. Осы датаға орай Арқа төсіндегі алып шаһардың тұрғындары әлеуметтік желілердің арнасында сүйікті қалаға арналған жүрекжарды лебіздерін ақтарып жатты. Сондай құттықтаулардың бірінде қарағандылық ақын Дәулет Ырысбайұлының «Қарағанды вальсі» атты әніне түсірілген әуесқой бейнеролик те ғаламтордың бір қуысынан жарқ еткен. Сазы да, назы да жүректі бірден жаулап алар бұл әннің желі қолданушылардың көбіне тосыннан жасалған сыйдай әсер еткені анық еді.

Көксерек-ғұмыр

«Достық пенен шапағаттың,

Жастық пенен махаббаттың,

Бесігі сен – Қарағандым!», дейді әсем ән­нің қайырмасында үздіккен ақын жү­регі...

Әлі есте, Қарағандының 70 жылдық мерейтойы қарсаңында қалаға арналған әндер арасында байқау ұйымдастырылған болатын. Осы өнер бәйгесіне  Дәулет Ырысбайұлы да сөзі мен музыкасын өзі жазған осы «Қарағанды вальсі» әнін үкілеп қосқан еді. Амал нешік, сезімнің қылын шерткен бұл туынды әлдеқандай бір себептермен қазылар алқасының көңіліндегі тоңды жібіте алмаған-тын...

Мұны ақынның нәзік жүрегі әділет­сіздік деп қабылдаған. Сол кезде оның жанында болған студенттік досы Жеңіс Сармұрзин былай деп еске алады: «Сонда Дәулет күйініп тұрып, «Өнердегі өлермендер, мәдениеттегі мәдениетсіздер! Қара да тұрыңдар, әлі-ақ жұрт сендердің емес, менің әнімді айтатын болады!», деген еді...».

Бұл күнде марқұмның айтқаны айдай келді. Сол ән қазір ресми насихатталмаса да, әнсүйер қауымның жүрегінің төрінен орын тапқан. Биік сахналарда айтылмаса да, ел ішінде сүйіп шырқар әнге айналды...

Өткен ғасырдың 80-жылдарының ор­та шенiнде қара шаңырақ Қарағанды мем­лекеттік университетінің тiл-әдебиет факультетiне қара сөз бен өлең-жырға өлердей ғашық қуатты бiр толқын келген-дi. Бүгiнгi күнге сол мектептiң өкiлдерi өзiндiк әрқилы жолмен жетсе де, олардың бәрiне бiрдей ортақ, бастарын бiрiктiрген құдiреттi бiр күш болатын, ол – әдебиет әлемiне қатысты дүниеге деген айнымас махаббат-тұғын. Қазiргiнiң қиясынан көз салсақ, сол толқынның iшiндегi болмысы бөлегі, шоқтығы биiгi – марқұм Дәулет Ырысбайұлы болған сияқты.

Қатар жүрген құрбы-құрдас, өлең өл­кесiнде iзiн басқан iнiлерi осы бiр аузын ашса жүрегi көрiнетiн аңқылдаған ақкөңiл жанды «Қара Дәулет» деп атап кеткен едi. «Қара» десе, оның жанының ақтығын айтып тұрғандай естiлетiн...

Базары тарқамайтын ортада оның дәуренi жүрiп-ақ тұрды. Адам баласын ала­­ламай, жақсыны да, жаманды да дос санаған кеңтолтық жiгiттiң дұшпаны тү­гiлi, араздасқан адамы жоқтай көрінетін. Сөйт­сек, оның артында қалған «Нұр» атты кiтабын қайыра бiр парақтап отырсақ, әлдебiреуден, әлде қоғамнан ба екен, жәбiр көргендей ме, қалай?

– Маңдайыма жазғаны... жаза берем,

Жаза берем, әй малғұн маза бергiн.

Маза бер, жүрек сырын ақтарайын,

Тие берме, намысына назалы ердiң, – дейдi ол назаланып.

Тiрлiгiнде қақ-соқпен шаруасы жоқ, керек жерiнде iнiнiң алдында иiлiп тұруға бар Дәулет ақынның жанына жара салып, мазасын алған бiреу болды дегенге сенгiң де келмейдi...

Студент шақтан есте мықтап қалғаны – оның поэзияға, әсiресе, Мұқағали жырларына деген адал махаббаты едi. Жастанып оқитын, таңды-таңға ұрып жатқа оқудан жалықпаушы едi. Тiптi мәңгi өлмес жырларымен өзiне мавзолей соғып кеткен ақынға бар болмысымен табынып өт­кендей. Неге десеңiз, ол сол Мұқағали-тағ­дырды өз еркiмен таңдап алып, саналы түр­де бастан кештi.

Қамшының сабындай қысқа ғұмырында бiр жерде байыз тауып тұрақтамай, жұмыс iстемедi деп айтуға тағы да ауыз бармайды. «Орталық Қазақстан» газетiнде, облыстық телерадиокомпанияда, тағы да бiраз жерлерде қаламға жүгiнiп, қызмет атқарды. Десе де, ноқтаға басы сыймаған ақындық асау көңiл, серi сезiм оны ер­кiндiк орда тiккен ортаға қарай алып қаша берген.

Ал ендi оның:

– Ойлаймын кiм кiнәлi?

Жұмыссыз жүрмiн әлi, – дегенiн думанды ортадан тайқып шығып, сабасына түскен бiр шағындағы ақ қағазға шаққан мұңы болар деп топшылаймыз да.

Оның кiшiгiрiм әлемiндегi қалам күшiмен көтерген кесек те күрделi мә­селелерi әлi күнге дейiн өзiнiң өмiр­шең­дiгiн жоғалтқан жоқ. Жүрекпен жаз­­ғандары қайта бiр үңiлудi, зерделей зерттеудi қажет етедi, соған өзi сұ­ранып-ақ тұр. Келешекте  өзі оқыған ҚарМУ-дың тiлеуiңдi бергiр талапты жасы оның шы­­ғармашылығын диплом жұмысына тақырып етiп алып жатса, ақынның аруағына көрсетiлген құрметтiң үлкенi осы болар едi-ау.

Дәулет Ырысбайұлының шығармашы­лы­ғын­дағы шоқтығы биiк, оны өзгеден даралап тұратын дүниесi, сөз жоқ, «Мәдидiң монологы». Ақын осы өлеңге өмiрдегi өзi көрген теперiш пен өкiнiштi, қабағы салқын қоғамға деген өкпе-назы мен сесiн үйiп-төккендей. Ұлы мұрасы бүтiн бiр ұлттың әнұранына айналған Мәдидiң қилы тағдырынан өз өмiрiне ұқсастық тапқандай қоса күйзеледi, налиды... сосын намысқа басады.

Арбасқан жылан айналаң,

Адаспай қалды қай балаң?!

Қынаптан шыққан қылышпын,

Қаскөй қандасым қайраған...

Көлденең тұрса көк бестiм,

Көк дауыл-ғұмыр көп кештiм.

Көп иттен көрiп қорлықты,

Көксерек-тағдыр от кештiм.

Осы өлең сиясы кеппей тұрып-ақ Ар­қадағы әдебиет пен өнердiң төрi мен тө­ңiрегiнде жүрген алдыңғы да кейiнгi толқыннан лайықты бағасын алды. Дәулет ақынның өзi де өлмейтiн жауһар жырды дүниеге әкелгенiн бек сезiнiп жүрдi. Жиын-тойда, игi жақсы бас қосқан ортада осы жырды ерекше шабытпен, шалқып-тасып, арқаланып оқитын. Артық-кемi жоқ, «теп-тегiс жұ­мыр келген айналасы» дейтiндей-ақ жыр­дың оты талайлардың талғамынан шығып, ақындық күш-қуатына ерiксiз бас идiрген. Жылжып уақыт өткен сайын осы бiр арынды жырдың Дәулет ақынның поэзияда қалдырып кеткен қолтаңбасы екенiн сезген сайын көңiлдi мақтанышпен қатар өкiнiш сезiмi де билейдi. Ер-тұр­маны бүтiнделмей... тiрiсiнде талантын танығандар тым аз болды-ау деген өкiнiш кейде белең алып кететiндей.

Ол өзiнiң сүйiп қосылған жары мен кiндiгiнен тараған үш перзентiне деген махаббатын да өзiне тән кең құлашпен, асқақ көңiлмен жырлап кеттi.

– Үш бүршiгiм, үш бұтағым, үш талым,

Үшеуiңнен үш құдiрет құшқаным.

Үмiтiмдi елес етiп көремiн,

Үш талымнан үш топ құстың ұшқанын, – деп үзiлiп кетердей жырлады балажан ақын.

– Махаббатыңды мақтаныш етiп, менi ойла,

Мен кетiп қалып... есiңе ертең алғанда, – дейдi ол өзiнiң Мерекесiне арнаған өлеңiнде.

«Орнында бар оңалар» деген осы ғой, таяуда сол Мерекесі мен бүгінде жапырақ жайған үш бүршігі Дәулет ақынға арнап құдайы дәм беріп, рухына Құран бағыштады. Марқұмның туған-туыстары, бірге оқыған достары бас қосып, өмірден ерте кеткен ақынды еске алысты...

Осыдан он бес жыл бұрын, наурыздың ақша қары жауған күнi қайран да Дәукең – Дәулет Ырысбайұлы дүниеден озды. «Наурыздың қары – нақақтан таза нұ­рым­сың», – деп едi-ау, жарықтық. Ол дүние салған күнгi жапалақтап жауған наурыздың ақша қары ақын жанының кiршiксiз таза қалпын, жүрегiнiң ақтығын айғақтап-ақ тұрғандай көрiнген.

Қара торы жiгiттiң торығумен ғұмыр кеш­кен аяулы да ақ жаны ақсұңқар құсқа айналып, көз жетпейтiн кеңiстiкке сiңiп кеттi. Оның жырлары жыл құсына айналып, өлең өлкесiндегi өзiн сағынған қауыммен ендi құшақ айырмастай қа­уышты. Ал оның өзi Қара Дәулеттен Дара Дәулетке айналды.

 

ҚАРАҒАНДЫ