23 Сәуір, 2010

ЖАРЫҚ ПЕН ЖЫЛУ “ШАШҚАНДАРҒА” МАРАПАТ

530 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Елордада өткен жылдың 8 қазанында басталған жылу маусымы әлі жалғасуда. Аяқталу мерзімі алдағы ауа температурасы режіміне байланысты жақын үш күнде белгілі болады. Жылу 3 тәулік ішінде астаналықтардың үйінде орташа тәуліктік температура Цельсий бойынша 10 градус жылылықты көрсетіп тұратын жағдайда тоқтатылады. Бұл туралы Астана қаласы әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің төрағалығымен өткен коммуналдық қызметтердің күзгі-қысқы кезеңдегі жұмыстарын қорытындылауға арналған кеңесте  мәлім болды. Елбасы Н.Назарбаев 2 сәуірде өткен Астана қаласының Сәулет кеңесі мәжілісінде биылғы қыста орын алған ұзақ уақыт бойғы өте төменгі температураға қарамастан, астаналықтардың үйінде үздіксіз жылу мен электр энергиясының берілуін қамтамасыз еткен Астана қалалық энергия тарату мекемелері жұмысын ерекше атап көрсеткен болатын. Осыған орай Президент елорданың энергетикалық кешен мекемелерінің айрықша еңбек еткен қызметкерлерінің еңбегін бағалау туралы тапсырма берген-ді. Осы тапсырмаға сәйкес Астана қаласы әкімі И.Тасмағамбетов 5 ВАЗ-2107 автомәшинесінің кілт­те­рін “Астана-Энергия” АҚ бас ди­ректорының орынбасары, ЖЭО-1 жұмысына басшылық ететін Юрий Утюжниковке, “Қалалық электр же­лілері” АҚ жөндеу және кабельді же­лілерді монтаждау электромон­те­рі Серік Таутеков пен ЭБЖ қыз­ме­ті­нің аға шебері  Владимир Вини­чен­коға, “Астана-Теплотранзит” АҚ жөндеу және тұтынушылар есе­бі қызметінің бастығы Рауза Кәке­новаға, “Астанастройэнерго” ЖШС жөндеу жұмыстарына дайындық бө­лімінің бастығы Рыскелді Бүркіт­баев­қа табыс етті. Сонымен қатар, “Астана-Энергия” АҚ-тың тағы 6 қызметкері – Людмила Никитина, Бай­болсын Рысбаев, Олег Зотов, Александр  Драпиковский, Сергей Слакаеев және Олег Гармонщиков жаңа пәтерлерге ие болды. Өткен жылы жылу маусымына дайындық және оны өткізу мақсатында қала­лық штаб құрылып, оны Астана қа­ласы әкімінің орынбасары Василий Крылов басқарған болатын. Бүгінгі таңда қаланың барлық ком­­муналдық қызметтері мен энер­ге­тикалық кешен мекемелері келесі жыл­ғы жылу маусымына дайындық ая­сында жөндеу жүргізу бағдар­ла­ма­сын бекітіп, іске асыруды бастап та кетті. Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.