Ол қазақ халқының ежелден келе жатқан көне дәстүрінің бірі – құсбегілікпен айналысады. Қазақтың асыл дәстүрін, мәдениетін дамытуда бұл өнердің маңызы зор. Бүркітші Жеңісхан Бақболатұлының әкесі де аңшылықпен айналысып, қақпан құрып, тазы жүгірткен.
– Сонау бағзы заманнан келе жатқан құсбегілік өнерді дәріптеп жүргенімізге де біраз уақыт болды. Кең далада қандауыз қақпан құрып, бүркіт ұшырып, алған аңның терісін илеймін. Бала кезімде әкем қасқыр, түлкі секілді аңды аулап, терісін илеп, онысын бізге үйретіп отыратын. Қазақ халқының тектілігін, жігіттерінің серілігі мен жүректілігін танытатын бұл өнер аса білгірлік пен мықтылықты талап етеді. Жыртқыш құспен тіл табысып, оны айтқаныңа көндіру үшін де төзімділік пен қайсарлық қажет. Жаратылысынан жабайы, жыртқыш болып жаралған қыран құсты шошытып, үркітіп алмай байланысу да аса маңызға ие, – дейді құсбегі.
Ол алдағы уақытта құсбегілік өнерді жастарға жан-жақты үйретуді мақсат етіп отыр және оған ауыл жастарының қызығушылығы да жоғары.